Бүгін Ақтауда өткен І «Қазақстанда битум өндіру және жүзеге асыру» ғылыми-техникалық конференциясында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Телтаев осылай деді. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға жол битумын өндіретін компаниялар, тұтынушылар, жол құрылыс компаниялары және ҚР Энергетика министірлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері катысты.
Конференция битум өндіру технологиясын жаңғырту, халықаралық тәжірибені зерделеу, өндіріс қуатын еселеу жолдарын ойлап табу сынды өзекті мәселелерді қозғады.
«Каспий Битум» зауыты - 2013 жылы Елбасының тікелей бастамасымен «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған. Оның өнім сапасы - барлық көрсеткіштер бойынша мемлекеттік стандарттың жоғарғы деңгейіне ие. Қазір еліміз битумға мұқтаж емес, бұл мәселенің шешілуіне осы зауыттың үлесі зор дейді мамандар.
- Ақтау битум зауыты - еліміздің жол саласы үшін өте маңызды кәсіпорын. Мен бұл зауыттың құрылу тарихын да жақсы білемін. Елбасының тікелей тапсырмасымен салынған өндіріс орны үлкен көлемде жол битумын шығарып отыр. Бүгінде Қазақстанның битумға деген сұранысы жылына шамамен 650-700 тоннаға жетеді. Қазір еліміз битум мәселесінде ешқандай мемлекетке тәуелді емес. Қазақстан битумға мұқтаждықтан кетті. Бұнда «Каспий» битум зауытының үлесі зор. Зауыттың алғашқы өнімдері алына бастағаннан Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты осы өнімнің сапасын қадағалап, үздіксіз маниторинг жүргізіп келеді. Өнімдері талапқа сай шығарылып жатыр. Бүгін, міне, зауыт басшылығы бізбен ақылдаса келіп, І республикалық ғылыми-техникалық конференция ұйымдастырып жатыр, - дейді Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Телтаев.
«CASPI BITUM БК» ЖШС директорының орынбасары Сакен Өтелбаев қытайлық компаниямен әріптестіктің нәтижесінде жоғары сапалы өнімді тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, Қытайға экспорттау мүмкіндігіне де ие болғандығын жеткізді. Ал 2017 жылдың қаңтар айында жол битумының 65 тоннасы алғаш Өзбекстанға экспортқа жіберілген.
Жоба бойынша «Каспий» битум зауытының мұнай битумын өндіру қуаттылығы 400 мың тонна. Бүгінде еліміздің батыс өңірін ғана емес, оңтүстік, солтүстік облыстарын да қамтып отыр. Басқа зауыттардан өнім көлемінің басым болуы, зауыттың толығымен битум шығаруға бағытталуында екен. 2017 жылғы 10 айдың ақпараты бойынша 86 мың тонна битум экспортқа шығарылған. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 13 мың тонна болған. Ең негізгі тұтынушы – Өзбекстан Республикасы дейді сала өкілдері.
- Жалпы Қазақстанның битум өндірісі бойынша қуаттылығы 1 миллион тоннадан асады. Бізде 4 ірі битум зауыты бар. Олар: осы өңірдегі «Каспий» битум зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Шымкенттегі «Газпромнефть-Битум Қазақстан», Алматы облысында «Асфальт және битум» зауыты. Елімізде битумға деген сұраныс 2017 жылы 600 мың тоннаны құрады. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш болжам бойынша 800 мың тонна болмақ. Байқағаныңыздай, бізде тапшылық жоқ. 2014 жылдан бері, яғни «Каспий» битум зауытын салғалы ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етіп отырмыз,- деді Энергетика министрлігі мұнай-газ химия департаментінің директоры Асхат Хасенов.
Сұраныс аз болатын қыс мезгілінде өнімдер зауытта тұрып қалмас үшін министрлік экспорттық баж көлемін төмендеткен. 2016 жылы экспортталатын битумның әрбір тоннасы 60 еуро болса, биыл 15 еуромен есептелген.
Ауқымды іс-шара аясында «Каспий Битум» зауыты алдағы даму жоспарымен бөлісіп, конференция қонақтарын өндіріс алаңына алып барды. Битум өндірісі ошағын көзбен көріп, үздіксіз үрдісті үзбей тамашалаған қатысушылар тәжірибесімен бөлісті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42685,42684,42683,42682"]