Ресейдің Медынь қаласында бір аптаға созылған әмбебап жекпе-жектен Әлем чемпионаты аяқталды. 31 елдің спортшылары бақ сынаған сайыста 95 келі салмақта маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Айболат Мұратұлы топ жарып, күміс медальға қол жеткізді.
Жерлесіміз қарсыластары судандық, әзірбайжандық спортшыларды айқын басымдылықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Жартылай финальда өзбекстандық балуаннның жауырынын жер иіскетіп, ақтық сында ресейлік қарсыласына 3:2 есебімен есесін жіберді. Осылайша, дүбірлі додадан күміс медальды қоржынға салды.
- Жарыс 13-20 қараша аралығында Медынь қаласында өтті. Менің салмағымда 17 балуан күресті. Алтыннан алқа тағуға бір қадам жетпей қалды. Бұл жолы бұйырғаны күміс медаль болып тұр. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбековке, облыстық спорт басқармасына, белгілі бапкер, спорт жанашыры М. Бисекеновке алғыс айтамын, - дейді Айболат Мұратұлы.
Айболат-бұған дейін әскери самбодан екі дүркін ҚР чемпионы және Азия чемпионы атанды. Әмбебап жекпе-жектен үш дүркін ҚР чемпионы атағын иеленіп, екі дүркін Азия және Әлем чемпионы атағын абыроймен қорғаған болатын.
Венера МИРЛАН