Бұл туралы бүгін брифингте Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Бекенұлы мәлімдеді.
Төтенше жағдайдағы 236 өрт тіркелген. Оның 89-ы тұрғын үйлерде болса, 77-сі автокөліктерде болған. Өрт салдарынан 6 адам қаза болған.
- Автокөліктегі өрттердің көпшілігі токтың тұйықталу салдарынан болады. Техникалық бақылауда көліктің сыртқы құрылымдарына баса көңіл аударылып, электр сымдары, газ қондырғылары тексерілмейді екен. Осы жағдайды ескеріп, біз комитетке көлікті толықтай тексеру қажеттігін айтып хат жазып жатырмыз, - деді Қуанар Бекенұлы.
Өрттің пайда болуына көп жағдайда тұрғындардың салғырттығы себеп болады екен.
- Мен Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында бірнеше жыл қызмет еттім. Қазір салыстырмалы түрде қарағанда, Маңғыстауда тұратындар жұмақта өмір сүріп жатыр деуге болады. Неге олай дейміз? Өйткені Солтүстік Қазақстанда мұндағыдай газ жоқ. Жаз бойы қысқа отын дайындап, күнделікті отын жағады. Кейбір үйлердің әлсіз пеші, мұржасы өрттің шығуына себеп болып жатады. Маңғыстауда мұндай жоқ қой. Көбіне үйдегі өрттің тұтануына өзіміздің немқұрайлығымыздың да әсері бар, - дегенді айтты Қуанар Бекенұлы.
Департамент басшысы өзге облыстармен салыстырғанда аймақтағы құтқару қызметінің техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Дегенмен мәселе де жоқ емес дейді.
- Ақтау – еліміздегі теңіз жағасында орналасқан жалғыз қала. Осы орайда судан құтқару станциясы жетіспейтінін айтқым келеді. Бұл тұрғыда дайындалған біздің жобамыз да бар, енді соған қаржы жағы қаралса дейміз. Сондай-ақ қаламыз кеңейіп, жаңа үйлер, ғимараттар көптеп салынып жатыр. Соған байланысты бізге тағы бір өрт сөндіру қызметінің қажеттігі туындап отыр. Бұл жағдай облыс әкімдігіне де, республикаға да айтылды, - деді ол.
Биыл суға түсу маусымында суда болған 15 жағдай тіркеліп, 31 адам құтқарылған. 2016 жылы 5 адам суға кетсе, 2017 жылғы маусымда бұл көрсеткіш 15-ке жеткен.
- Былтырғымен салыстырғанда биыл суға кету оқиғасы 3 есеге артты. Көпшілігі тыйым салынған аумақтарда су түскеннің салдарынан болған. Өздеріңіз білесіздер, 12 жыл ішінде 37 адам суға кеткен «Шора» деген жер бар. Біз ол тұсқа қанша белгі қойып, қоршауға алсақ та тұрғындар тарапынан талап орындала бермейді. Одан соң Ақтау-Түпқараған ауданы тас жолының 43 шақырымында да қанша адамды толқын алып кетті. «Айдын» кафесінің жанында 400 метрдей жер де тыйым салынған аймаққа жатады. 4 шағынаудандағы жартасты жағалауды білесіздер. Ол жерде де апаттық жағдай көптеп тіркеледі. Біздің судан құтқару қызметі 56 адамнан тұрады. 56 адаммен бүкіл жағалауды бақылауға алу мүмкін емес, - дегенді алға тартты департамент басшысы.
Облыс қалалары мен аудандарда қоғамдық және адамдар көп шоғырланған аумақтарда өрт қауіпсіздігі шараларын түсіндіретін 27 билборд және 11 баннер орналастырылған.
Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда 2017 жылы облыстағы мағынасы бар жолдарда жол көлік апаттарында қаза тапқандардың саны 50%-ға азайған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА