©
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда небәрі 68 мешіт бар еді. Бүгінде біздің елдегі Алланың үйінің саны 2500-ден асты. Маңғыстаудың өзінде отызыншы мешіт өткен сенбі күні ашылды.
Алла тағаланың үшінші «Ар-Рахим» көркем есімі берілген ақ мешіттің ашылуына арналған жиынды Қарақия ауданының әкімі Әділбек Дауылбаев құттықтау сөзбен ашып, ғибадат үйінің салынуына көмектескен азаматтарға алғыс айтып, игі тілегін жеткізді.
Сөз кезегін алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайл Сейтбеков жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, күнделікті бес парыз намазды оқу үшін мешітке келіп тұруға шақырды.
- Мешіттен қорықпайық, бауырлар. Күніне 5 рет Алланы ұлықтап, азан шақырылып, әрқайсымыздың отбасымыз, еліміз үшін дұға жасалып тұратындықтан мешіт бар жерде Алланың берекесі болатынына күмән жоқ,-деді ол.-Қазақ кеше ғана мұсылман болған халық емес. 1250 жылдан асты біздің мұсылман болғанымызға. Қазақ даласынан шыққан қаншама қайраткерлер, ғалымдардың барлығы дінімізді насихаттап өтті. Жырауларымыздың барлығы исламды, имандылықты насихаттаған. Бұл—біздің имандылықтан ажырамаған бабалар ұрпағы екендігіміздің айғағы. Дегенмен, тәуелсіздік алған соң елімізде ата дінімізге, руханиятымызға, имандылыққа бет бұрып, мешіттер ашылып жатыр. Кейбір деректерге сүйенсек, 150-200 жыл бұрын Маңғыстау өңірінде 140-тан астам мешіт болған екен. Тауды қашап, жер астынан салынған 14 мешіт бүгінге дейін сақталған. Мұндай мешіттер басқа өңірлерде бар деп естімеппін. Мешіт Аллаға құлшылық ететін орын болғанымен, барлығыңыз да мұнда келе аласыздар. Осы мешіттің салынуына сөзімен, не, ісімен немесе қаржысымен көмек көрсеткен азаматтардың барлығына мол сауаптар жазсын.
Тағы оқыңыздар: Бостан. Бір ауылдың тарихыӨкіл имам мешіт құрылысына ықпал еткен аудан әкімі Әділбек Дауылбаев пен мешіт салуды қолға алып, негізгі жүкті көтерген Жетібай ауылының тұрғыны, Жетібай мұнай айдау стансасының бастығы Жамаладин Тоқтасыновқа ризашылығын білдіріп, ғибадат үйінің ел игілігіне берілуіне үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табыс етті.
Сондай-ақ ол жиналғандарға Бас мүфтидің бұйрығымен мешіттің бас имамы болып тағайындалған Мерекебай Мәдиді таныстырып, оның 600 беттік қасиетті Құранды жатқа білетін санаулы қари имамдардың бірі екендігін атап өтті.
Жиында мешітке Құран кітабы тарту етіліп, аудан ақсақалдары таспа қию рәсімін жасады. Ер адамдарға арналған 150 және әйелдерге арналған 50 орындық мешітке кірген жамағат алғашқы сәлем намазын оқып, Алланың жер бетінде бой көтерген жаңа үйін аралап көрді. Құтты болсын айтып, елге, бір-біріне береке тілеген жұрт арнайы тігілген үйлерден дәм татты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА