Жадымда қалған ұлы есім (Төлеген Максим хақында)
[ 2017 ] 13 қазан, 12:26 | Аудан тынысы
Мұғалімдер күні деп қай күнді атасақ та жарасар еді. Өйткені оқушы үшін бүкіл ғұмырын арнаған мәрт ұстаздарға 365 күннің қай күнін арнасақ та көптік етпес. Биыл төл мерекеміз қарсаңында ерекше құттықтап, жүрекжарды тілегін айтқан жандар жылдағыдай көп болды. Ал мен біздің мектебімізді көркейтіп, бірегей оқу ордасына айналуына себеп болған бір ағай туралы айтпағанымыз үшін ұялдым. Біз бүгін өнегелі түлек ұшырсақ, сол кісінің арқасы еді... Табанды да талапты ұстаз тәрбиелесек, сол кісінің арқасы еді... Мектеп қабырғасын кеңейтіп, жанымыздан лицей ашылуына себеп болсақ, ол да сол абзал азаматтың арқасы еді. Өкінішке қарай, 14 жыл бойы (1992 -2006 жж) мектебімізді басқарған сол ағамыз бұл дүниеде жоқ. Бір кем дүние.
Ол 37 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнаған математик Төлеген Максим есімді қарапайым директор еді. Соңғы жылдары Максим ағайымыз туралы дүниелер аз айтылатын болды. Тіпті, іздесем ақкөңіл директорымыз туралы жүйелі өмірбаян да жоқтың қасы.
Қызылтөбе ауылындағы жалғыз үлкен оқу ордасы осы №18-орта мектеп (қазіргі №2) саналатын. Көршілес ауылдағы барлық оқушы осында ағылушы еді. Бір кездері үш ауысымды кезең де болды. Біздің мектептен қаншама білімді азаматтар тәлім алды. Соның бәріне ықпал еткен еңбекқор азаматтардың бірегейі Төлеген Максим Сәлемханұлы болатын. Бүгінде тірі тұрса, Максим ағайдың 70 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтер едік.
Жыл сайын құшағымыз гүл шоғына толғанда, Максим ағайдың еске түсуі орынды деп ойлаймын. Өзіне тән қатты әрі тәртіпшіл мінезі мен елден ерек жанашырлығы ылғи көз алдыңда тұрады.
«Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді.
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады» деген Уильям Уордтың әдемі сөзі бар. Бұл сөз мұғалімдікке келген жас мамандардың мақсатына айналса керемет болар еді. Ал біз сияқты ұстаздардың ұстазына айналған Максим ағайымыздың төл мерекесі құтты болғай. Бүгінгі мереке, алдымен сіздікі, марқұм ағай! Біздің мектеп сіздей біртуар басшымен мақтанады!
Қозыбағарова Жәмила Қашағанқызы, Қызылтөбе ауылы №2-орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
1072
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.