©
Менің ата-бабам 1928 жылға дейін қазіргі Атырау облысы Құлсарыдағы Жем өзені бойында өмір сүрген. Мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқан. Сонда бабам Қази ахунның көк мешіті болған. Ол кісі балаларды оқытқан, адам емдеген. Әуелі Уфа қаласындағы медреседе білім алып, соңынан Хиуадағы Шерғазы медресесінде оқыған. Бұл туралы Бекет ата жайындағы деректі фильмде Шерғазы медресесі музейінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Абдулла Абдурасулов Маңғыстау жерінен келіп, баяндама жасайды. Сонда ол Бекет атадан кейін бес-алты адамның есімінің қатарында атамыз Қазидулла ахунды атайды. Сол кезде бабамыздың шын атын білдік. Қазір ол салған мешіт жоқ. Жем өзені тасыған кезде су басып, құлап қалған. Үлкен әжелерім 1974 жылы барғанда мешітті колхоз атқора есебінде пайдаланып отырғанын көрген. Сол мешіттің қасында адайдың жеті қайқысының бірі – Әділ жырау 1928 жылы жерленген. Себебі Әділ жырау Қазидің күйеу баласы болған. Кеңес үкіметінің қолшоқпарлары жаламен «байдың баласы», «халық жауы» деп түрмеге қамаған. Түрмеде құрт ауруын жұқтырғасын, оның өлетінін білген соң қоя берген. Екі ай мешітте жатып, қайтыс болған. Бейіті Жем өзені жағасында Бекет ата мешітіне 3-4 шақырым жерде, кеңес үкіметі ұйымдастырған «Қызыл таң» деген колхоз жанында. Ауыл бай болған, мал көп болса да құны болмаған. Үстеріне киер көйлек киімі қой терісінен тігілген. Қыс қатты болғанда мың қой, жылқы, түйе айдаған байдың өзі малынан айырылған. Аштан өлген малды сойып, бір жерге жинап, аққала тұрғызған. Көктемде еттері іріп-шіріп жоқ болған. Сөйтіп, көп малға ие болғандар көктемде тақыр кедейге айналған. 1928 жылы ауыл жігіттері бірлесе ауылдың батыры Төлебай басшылығында Қоңырат қаласына керуенмен сауда жасауға жолға шығады. Ол кезде үкімет мал санағын жүргізу науқанын бастайды. Жеменей-Айтумыc-Шылым-Қаратоқа ауылына жиен болып келетін белсенді, ауыл совет большевигі болған жиеннің (есімін атамай-ақ қояйын) арамдығы басым екен. Оны ұдайы қасына ерген екі атты милиция қорғап жүреді. Ол бұрын жалаң аяқ, ақылы жоқ, ертеңгісін ойламайтын ақымақ болған екен. Кеңес үкіметі тексіз ақымақтарды «Жарлы, кедей» деп қолдарына құқық мандатын берген. Соларды пайдаланған ақылы барлар жарлы болмаған. Олардың қарны тоқ, көйлегі бүтін болған. Сорлағандар соларға жем болғандар. Бар малын тартып алып, басына әңгір таяқ ойнатқан. Ауылдың бас көтерер жігіттері Қоңырат қаласына саудаға кеткен кезде ауыл совет келіп, ауыл ақсақалдарының алдына өз шарттарын қояды. «Бәрін байсыңдар, молда, ишан, ахуынсыңдар. Бәріңді Сібірге «Ит жеккенге» айдатамын. Менің 3-4 шартымды орындасаңдар, тыныш қоямын» деген. Сондағы шарты – Сазанбай атамыздың жас қызын екі-үш әйелі бола тұра тоқалдыққа сұрайды. Кеңес үкіметі әйелдердің теңдігін қолдағанын жазады. Сөйтіп кеңес үкіметі заңдарын өзінің қара бастарына пайдаланған. Ауыл ақсақалдары болған оқиғаны жігіттерге айтып береді. Төлебай батыр ауыл совет коммунисттерінің арамдығына, зорлығына әрең шыдайды. Сәрсенбі күні ағаш киіз үй тігіп, сыртқа бір қойдың етін асып қояды. Ауыл советтің белсендісі екі милициясын ертпей, ауылға жалғыз келеді. Ағаш киіз үйге кірген уақытта Төлебай ұстап алып, оны бауыздап тастайды. Төлебайды көргенде қатты қорқып тілі байланып қалған екен. Себебі, ол құқығын пайдаланып, жиендігін алға тартып, арамдық жасауға әбден ниеттеніп алған еді. Кейде араққа сылқия тойып алып, «Кеңес үкіметі жасасын!» деп айқайлап, ауыл ортасынан арлы-берлі атпен шауып өтіп, қылышын оңды-солды сермеп, оқ атып үнемі құтырынып жүретін. Сол коммунистік киіз үйдің ішіне оның өлігін жасырын көміп, бір түнде ауыл мал-дүниесін алып көшіп кетеді. Көшетін кезде Қази ахун атамның мешітіндегі бес-алты түйеге жүк болатын құран кітаптарын түйе терілеріне орап, мешіт жанына көміп кеткен. Азғантай кітапты Найып атам алып кетеді. Сол кітаптың бірі – 1904 жылы Самарқандтағы Абілқазы медресесінде жазылған екен. Әр бетінде мөрі бар, «Қырық парыз» деген құран кітап. Сол кітапты уақытында ешкім оқи алған жоқ. Бертінде Ираннан көшіп келген араб тілі маманы, ғалым Нияз Тобыш ағамыз кітапты оқи отырып, оның таза араб тілінде жазылғандығын айтты. Қазақшаға аударып оқыған атам Батырға кітап ашылып, оқылып тұруы керектігін айтқан еді. Сол кезде Тобышқа шәкірт түсіп жүрген Базарбай атаға ол «Сен де Қази ахунның бір баласысың, сенде тұрсын» деп берді. Бұл кез 2007 жылы болатын. Ауыл көшіп, Бесқалаға қоныс аударғанда Қарақалпақстан Қазақстан құрамында 1931 жылға дейін болады. Кеңес үкіметі Жем бойында атақты коммунисті өлтіріп, қарсы шыққаны үшін Төлебай батыр бастаған жігіттерді «контра», «басмашы», «кеңес үкіметінің қас жауы» деп іздеу жариялап, іздеріне түседі. Ауылдың көп адамы Түрікменстан, Көне Үргенішке қарай көшеді. Төлебай Хожелі қаласына жақын жердегі «Қаракөлге» барып жасырынады. Ауылдың жас балалары екі атпен биік төбеге шығып, аттардың бастарын бір-бірінің үстіне қосу етіп, яғни айқастырып қояды екен. Бұл Төлебайға берілген белгі, «Ізімізде жау жоқ, келіп азық-түлігіңді алып кет» деген сөз екен. Бір күні Төлебай батырдың екінші әйеліне бір кісі келіп: «Мен қырдан қашып келген байдың баласымын. Кеңес үкіметі ұстаса, мені өлтіреді, Төлебайдың қасына апар» деп жалынады. Сөзге сенген әйелі «Қаракөлдегі» Төлебайға апарғанда кішкентай пистолетін шығарып, батырды атып өлтіріп, басын кесіп алып кетеді. Бұны істеген Өскенбай деген НКВД-ның агенті еді. Басын кесіп, НКВД-ға апарып, сыйлық алған. Содан соң ауылға «Төлебайды өлтіріп кетті» деген қаралы хабар тарайды. Төлебайдың денесін алуға үш інісі – Қоныс ата мен Дүйсенбай және Қолақ аталар барғанда үшеуін тұтқынға алады. Соңынан Қыдырбай мен Қаражалғас іске араласып, оларды құтқарып қалады. Ол кезде Төлебайдың қасындағы жігіттері бара алмады, себебі барған адамды НКВД ұстап, «Кеңес үкіметінің жауы» деп ататын болған. Төлебайдың денесін алуға 9-14 жастағы балалар барған. Киізге орап, атқа тік етіп отырғызып, қасына ішіндегі үлкен баланы атқа мінгізген. Қалған балалар атты жетектеп ауылға әкелген. Атта отырған бала батырдың қанына тұншығып өлген. Себебі, ат жүргенде басы жоқ мойын дене ішіне кіріп-шығып тұрған, көп қан аққан. Бір топ аталарымды кеңес үкіметі тұтқындап, Сібірдегі түрмеге айдаған. Жастау бір-екі бала жігітті Ташкенттен қайтарып жіберген. Олар Шаржаудан өтіп, Қызылқұм ішіндегі шаруа түрік меннің үйінде тарыға күпті болып, өліп қалған. Новосібірде түрмеде болған бабамыздың бірі – Қази ахунның шәкірті Ажігерей молда елге аман оралған. 90-100 жас ортасында өмір сүрген, тірі кезінде кеңес үкіметінің зобалаңына налып өткен. Бесқалаға малымен көшіп келген қазақтарға үш тараптан қысым көрсетілді. Олар: кеңес үкіметі мен басмашы түрікмендер және жергілікті Әмудария бойында жайласқан орыс-орал казактары еді. Коммунисттер, басмашылар қазақтардың малын таратып, басып алуға ұмтылған. Ал орыстар егінге түскен малды мылтықпен атып қырған. 1932 жылғы ашаршылықта атыздан бір-екі қауын алғаны үшін аш адамдарды атып өлтірген . Үстірттен ойға құлаған қазақтардың көшін кеңес үкіметі аэропланнан бомба тастап, пулёметпен қырып салған. Бұл жер қазіргі Шоманай ауданы, Мусаев совхозының аумағы болатын. Асфальт бойындағы жерлерді 70-жылдары орыс тракторшылары жыртып, мақта еккен. Сондағы сұмдықты көрген бір қарақалпақ шалы атам Батырға былай деп айтқаны бар екен. Сонда ол: «Орыстар жерді трактормен бұзып, атыз жасағанда көп адамдармен бірге балалардың сүйектері шыққан. Соларды кейін біздер жинап, зиратқа апарып, қайта жерледік», – депті. Атам студент кезінде мақта отаған, таңғы бесте тұрып отақ отап, сағат 8-9-да шәй ішіп, студенттер жарты сағат дем алғанда мынадай оқиғалар орын алған. Көз шырынын алған көпшілік студенттер атыз ішінде жалаңаш балалардың жүгіріп жүргенін түсінде көрген. Бұл оқиға 1981 жылы болған еді. Басмашылардан қатты қысым көрген қазақ жігіттері топ-тобымен қызыл әскерлерге, милиция қатарына кірген. Солардың бірі – Қыдырбай Кенжебаев пен Қаражалғас Бисенбаев болатын. Қыдырбайдың ел қойған лақап аты Қыдырбай Жеменей-АйтумысШылым-Қаратоқа болса, Қаражалғас Қосай-Байнеке. Жүнейдхан Иранға қашып кеткесін қазақ, қарақалпақ еліне күн бермей қарақшылық жасаған, жүз басы Язгелді деген түрікмен болған. Ол да қазақ, қарақалпақ ауылдарын шауып, ер азаматтарын өлтіріп, қыздарын күң ету үшін тұтқындап, малдарын айдап алып кетіп отырған. Олардың жауыздығынан қатты қорыққан. «Бір ауылда басмашыдан қорыққан әйел жылаған баласын тірідей жанып тұрған тандырға салып жіберген» (Иба әжейдің айтқаны). Ұланбай атаның айтқаны: «Біздің ауылда түрікмендер мылтығын сынап көру үшін үлкенді-кішілі 4-5 жасөспірімдерді бірінің ізінен бірін қатарластыра тұрғызып қойып, мылтықпен атып, сынап көрген». Атам Батырдың айтқаны: «1986 жылы Қараөзек ауданы, Калинин совхозында мақта терімде болғанда бір ауылдағы көне үйді көреді. Ішінде азот селитрасын толтырып жинап қойған. Ауылдың үлкен қарақалпақ шалынан «Бұл көне үй не?» деп сұрайды. Сонда шалдың айтқаны «Бұл мешіт, көп адамды басмашылардан сақтап қалған. Мен ол кезде 12-13-тегі бала едім. Қыс болғанда ауылдың балалары, қыздары, жас әйелдері үш ай бойы осы мешітте жатады екен. Қойешкіні мешіт айналасына бағады. «Язгелді келе жатыр» деген кезде жүгіріп мешітке кіріп, жан сақтадық» деп айтыпты. Нағашым Сәрсембай Рахманбердиевтің айтқаны: «Үлкен нағашым шеркеш Рахманберді Қыдырбай мен Қаражалғастың үзеңгілес жауынгері болатын. Бірде Үстірттің ойында, Шоманайдың бір сайында мылтығы, аты, басында шөгірмесі бар түрікменге жолығады. Үлкен нағашым қыл арқанды тұзақ қылып, ат үстіндегі басмашыны құлатып, арқанға аяқ-қолын байлап, мылтығын тартып алады. Кейін қараса 17-18-дегі жас түрікмен екен. Атына жатқызып байлап, Қарабайлы деген жерге алып келеді (қазіргі Бейнеу, Хожелі, Қоңырат, Жібек жолы). Қарабайлыда Шайдақов отрядымен дем алып жатқан екен. Жас түрікменді Шайдақов тергеп: «Ей уғлан, Язгелди не ерде, айт» депті түрікмен тілінде. Сонда түрікмен: «Язгелдіні апаңа бай етесің бе?» деп өз тілінде қырсығыпты. Сонда Шайдақов ашуланып, қылышпен басын шабады...***
Зұлмат жылдардағы халықтың басынан өткен қиын кезеңнің ақиқатын аталарымнан, әжелерімнен естіп өстім. Соны қағаз бетіне шамам келгенше түсіріп, бүгінгі күннің жастарына ұсынып отырмын. Елбасынан кешкен зобалаң жылдардың қасіретін білсін деген мақсатпен. Өткен тарихты ұмытпай, бүгінгі тыныштық заманға шүкіршілік етейік.Жандарбек НАЙЫПОВ, №14 орта мектептің 7 «г» сынып оқушысы. Гулмира ТҮРКМЕНБАЕВА, жетекшісі. Басқұдық ауылы