Бастауын Мұғалжар тауынан алып, аяғы теңізге жете бере құрдымға кететін кәрі Сағыз өзені талай жұмбақты бауырына басып жатқанына ешкімнің күмәні бола қоймас. Осыдан алты жыл бұрын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті Болат Баймұханов Алтын Орданың тұтқасын 17 жыл ұстаған Едіге батыр турасындағы кезекті бір әңгіме үстінде: «Ақтөбе мен Атырау облыстарының қиылысқан тұсында, Сағыз өзенінің сағасында «Алып Ана бейіті» деген киелі орын бар, тарихи аңыз бойынша сол Едігенің шешесінікі. Ойыл ауданының энциклопедиясынан көрдім», – деген-ді.
Біз 2010 жылы шыққан Ойыл энциклопедиясын әрі ақтарып, бері ақтарып, таба алмаған соң қойғанбыз. Бірақ көкейден кетпеді, ол жақты біледі-ау деген адам ұшырасса, сұрастырамыз. Биыл университеттің сырттай бөлімінде оқитын, Жарлы стансасының тұрғыны Айжанар Сағынова деген студентке арнайы бұйым қылып, тапсырып ек, Сағыз өзенінің күн батыс жағындағы «Алып Ана» бейітіне қоса өзеннің қарсы бетіндегі «Түкті Ата» бейітін суретке түсіріп әкеліп берді. Мұнымен тұрмады, екеуі бір-біріне ғашық болған екен дегенді айтты. Сосын-ақ шұғыл барып көру қажеттігіне көзіміз жетті.
Көңілде секем де бар, себебі суреттегі қара гранит таста «Қазақстан Республикасы, Алып Ана қауымы ХҮІІІ-ХХ ғ.ғ. Ескерткіш мемлекет қорғауында» деген жазу бар. Ал Едіге 14-ғасырда туып, 15-ғасыр басында дүниеден озған. Біздің ойымыздағыға жуыспайды.
Күпті көңілмен ұлттық энциклопедиямызды ашып қалсақ, танымал археолог, профессор Серік Әжіғалиев жазған «Алып Ана қорымы» атты мақала ұшыраса кетті. Онда былай делінген екен: «Алып Ана қорымы – сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе және Атырау облысы шекарасында, Сағыз өзенінің аңғарында, Сағыз теміржолының станциясының оңтүстік-шығысында 10 шақырым жерде орналасқан. 1979-80 жылы «Казреставрация» бірлестігі экспедиция (жетекшісі С.Әжіғалиев) зерттеген. Жазба деректерінде мұнда алып батыр әйел жерленгені айтылады. Археологиялық зерттеулер бұл жерде 14-16 ғасырларда ортағасырлық күмбез тұрғанын көрсетті. Қазіргі кезде қираған орны ғана сақталған. Қорым негізінен 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басына жатады. Күмбездер мен сағана тамдар әктас пен күйдірілмеген кірпіштен көтерілген. Ескерткіш Маңғыстау Үстірт стилінде жасалған. Қорымда күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кішігірім күмбездер және әртүрлі қалыптағы құлпытастар көптеп кездеседі. Құлпытастарда әйел адамның әшекей бұйымдары, аяқ киімдері бейнеленген. Бұлар қорым басында әйел бейіті болғаны туралы аңызды растай түседі. Алып ана қорымында көбіне қазақтың адай, кете руларының өкілдері жерленген».
Түсініксіздеу. Астарлап жазған. Әйтсе де бізге керегін таптық, «Археологиялық зерттеулер бұл жерде 14-16 ғасырларда ортағасырлық күмбез тұрғанын көрсетті». Мұны оқыған соң «Алып Ана Едігенің шешесі болуы әбден мүмкін, себебі Едіге 1357-1420 жылдар аралығында ғұмыр кешкен» деген жүйрік ой санада қылаң беріп өтті. Қорым басындағы гранит тақтаға таңбаланған «18-20 ғ.ғ.» деген цифрлардың сыры да ашылды.
Араға күн салып, аптасына бір рет берілетін жалғыз демалысымызды пайдаланып, Ақтөбеден 360 шақырым «Сағыз» стансасына жетпек боп, айды қазаннан қарашаға аударып, өліараның жаңбырын қарға ұластырып, түн ортасы ауа жүретін «Ақтөбе–Маңғышлақ» пойызына отырдық. Екеуміздің де Сағыз стансасында танысымыз жоқ, сондықтан жанұшыра жан-жағымызды қарманып, алас ұрдық. Ақырында Маңғыстаудағы Берік Битықов деген досымызға қоңырау шалып, ол Сағызбен байланысып, зорға дегенде бір ілгішек таптық-ау! Таңғы сағат 7.30-да түссек, Беріктің күйеу баласы Атшыбай дейтін жігіт бізді «Алып Анаға» апарып қайтатын мәшін ұстап, күтіп тұр екен. Әлі жұмбағы ашылмаған негізгі ойымызды бүгіп, «Әулиелердің басына барып зиярат етеміз, Құран оқимыз» дегенбіз. Рөлдегі адай жігіті Амангелді: «Алып Ана перінің қызы көрінеді», – деп дүңк еткізді. Артқы орындықта отырған екеуміз бір- бірімізге қарап жымыңдастық. Себебі «Едіге» тарихи қаһармандық эпосының елуге тарта нұсқасында батыр перінің қызынан туған.
Құран бағыштап, қорымды араладық. Видеокамераға түсіріп, суретке бастық. Мұнда зиярат етушілер әлі де жеткілікті, әсіресе жаз айларында көбейетін көрінеді. Біреу кейінірек цементтен құйып, белгі тас қойыпты, онда: «Алып Ана. Тас қойған Бөлекбай Өскенбаев. 1.05.1980 жыл» деп жазыпты. Өстіп өткен ғасырдың соңын ала қойылған белгі де бүгінгі күні тарихқа айналыпты. Қанша сұрастырғанымызбен қасымыздағы екі жігіт: «Алып Ана – перінің қызы. Басына әлі күнге дейін адам түнейдіден» асып кете алмады.
Өзеннің қарсы бетіне өтіп, «Түкті Ата» қорымына келдік. Жақындай бергенде байқағанымыз «Джип» машинасынан түскен 5-6 адам Түкті Атаның басынан көтеріліп, қорымның солтүстік жағын бетке алып барады екен. Атаның бейіті өңкей қалақ тастан қаланыпты, шамасы күмбезді кесенесі тозған соң орны өшпесін деп кейінгілер қалаған. Биіктігі кісі бойы. Темірден белгі қойып, онда ақ бояумен «Түкті Ата» деп жазыпты. Басына ақтық байланыпты. Күншығыс жақ бетте «Едігенің жалы» дейтін жал қараяды. Едіге демекші, оның өзі осы Елек өзені бойында «Үшбөрте» дейтін жердің ортаңғы Бөртесінде Тоқтамыс ханның кенжесі Қадірбердімен болған ұрыста өлді дейтін.
Атшыбай мен Амангелдінің айтуынша, Түкті Атаға келушілер көп. Біреу ауырып келеді, екіншісі бала тілеп, үшіншісі жәрдем сұрап дегендей. «Менің өзім де түнедім, – дейді Атшыбай. Баламыз болмады. Келініңіз екеуміз әлденеше келдік. Содан ұл көрдік. Сұрап алған соң атын Сатыпалды – деп қойдық. Қазір ер жетті. Колледжде оқып жүр. Тағы бір қызымыз бар».
Қайтарда Сатыпалдыны көрдік, зіңгіттей жігіт. Қызы да бойжетіп қалыпты. Шамасы ұлдан соң іле қызды болған. Осы жерде әйгілі Алпамыс батырдағы:
Менің атым Шашты Әзиз, Қыламын десең ықылас, Жарылқады Жаратқан, Ей, бишара көзіңді аш! Ұлыңның аты Алпамыс, Қызыңның аты Қарлығаш, – деген жолдар еске түсті. Несін жасырайық, бұл сәйкестік біз сияқты қазақ кеңес азаматына біртүрлі «қызық» болып көрінді... Әулие атамыздың өзі кешіргей...
Әңгіменің ыңғайы тағы айналып соққанда Атшыбай: «Біздің үшінші ауылдың жастары ана бір жылы келгендер паналасын деп үй тұрғызып қойды. Жылда мал қоңданған кезде ауыл адамдары жиналып, басында садақа береді, Құран бағыштайды», – деді. «Әне, ана жерден тұщы су шықты. Негізі Ата тегін адам емес», – деп үстемеледі Амангелді.
Бардық. Суы бетіне шығып, кемерінен асып тұр, соған қарағанда бұрынғы бұлақтың ізі. Ақтөбеліктердей емес, мұндағылар тұщы судың нарқын біледі. Шалқып жатқан Сағыздың суы ащы, адам түгілі мал іше алмайды. Күзде тіпті құтырып кеткен. Іргедегі Бейнеу ауыз суды сатып алып ішеді. Одан әрі Маңғыстау жаққа жақындасаңыз қара су алтынмен пара-пар. Шынында да Атаның бейіті іргесіндегі бұлақтың суының тұщы болуы, жүз жылқы суарсаң да сарқылмас көзді болуы – Амангелді айтқандай, таңданарлық жәйт. Тек айналасын жөнге келтіруін, шегендеп, басына «Түкті Ата бұлағы» деп жазып қоюды күтіп тұрған сияқты.
Атшыбай бізді аулындағы 90-ға келіп отырған Таңбайға, оның өкшелес інісі Бөлекбайға кездестірді. Таңбай қария: «Екеуі де ел қорғаған батыр. Сөздері дуалы, әулие адамдар» десе, Бөлекбай: «Менің естуімше, Түкті Ата Едіге батырдың әкесі де, Алып Ана–шешесі», – деді.
Бізге үйінен арнайы қонақасы берген Атшыбай ас үстінде екі кітап алдырды. Ақтарып қарасақ, «Сағыздың бойы ен жайлау» атты кітаптағы «Түкті Ата – Алып Ана» атты мақаланың мазмұны Таңбай ақсақалдың айтқанына да, Бөлекбайдың айтқанына да сәйкес келіп тұр. «Бұл қорымдар туралы екі аңыз бар» дейді. Біріншісінде Алып Ана ел қорғаған батыр екен, ал екіншісі турасында: «Екінші бір халық аузындағы аңызда Түкті Ата мен Алып Ана ертедегі жырларда кездесетін Баба түкті шашты Әзиз атамен байланыстырады. Баба түктінің зайыбы шашты Әзиз өзінің жолдасына үш түрлі шарт қояды: біріншісі, басын жуғанда басына қарамау, екіншісі, қолтығының астына қарамау, үшіншісі, аяғына қарамау. Баба түкті әулие алғашқыда келіскенімен қызығушылықпен бір күні жасырын сығалап қараса, шашты Әзиз басын қолына алып жуып отыр екен, қолтығынан өкпесі көрініп тұрады екен, ал аяқтарының башпайлары теріс қарап тұрған пері қызы екен дейді. Баба Түктінің қарап тұрғанын көрген пері қызы енді мен саған жоқпын, сен уәдеңде тұрмадың деп қаша жөнелген екен дейді. Қап тауынан ба, болмаса Алтайдан ба немесе Арқадан ба жеткен жерлері Сағыз өзенінің екі жағынан екеуі мәңгілік орын тепкен деген аңыз бар», - деп таңбаланыпты. «Сағыздың бойы ен жайлау». – Алматы: Арыс баспасы, 2009 ж.)
Екінші кітап бұдан бұрын 2005 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасынан жарыққа шығыпты, онда да осылай жазылған. Бұл кітаптарда Баба Түкті Шашты Әзиз – екі адам. Баба Түкті ер адам да, Шашты Әзиз - оның жұбайы. Алайда мұның да таңданарлық ештеңесі жоқ, «Едіге» эпосын филология ғылымдарының докторы, профессор Қыдырәлі Саттаровтың Қылышбайұлы Қартбайдан жазып алған нұсқасында: «Хорезм жұртында бір Түкті Азиз деген кісі жасапты. Сол Түкті Азиз жасайтын жердегі бір тауда Жәміл шейх дегеннің бұлағы бар екен. Түкті Азиз күнде сол бұлаққа келіп тұратын болған. Қап тауындағы перілердің патшасының Шашты Азиз деген қызы болады да, сол қыз да кейде осы бұлаққа келетін болған», – деп таңбалаған. Бұл нұсқа Алматыдан, Астанадан шыққан жинақтарда үш мәрте жарық көрді. Профессор П.М.Мелиоранскийдің шәкірті И.А.Беляев 1903 жылы шымбайлық Бегімбет жыршыдан жазып алған нұсқада да Баба Түкті мен Шашты Әзиз ерлі-зайыпты адамдар. Өзбек нұсқасында да солай.
Осы заманның танымал тарихшы ғалымы, Алып Ана бейітін 1979-80 жылдары арнайы зерттеген археолог, профессор Серік Әжіғалиев не дейді, соны оқиық: «...по преданиям Алып Ана (она же Шашты-азиз) была супургой известного в регионе легендарного персонажа Тукты-ата (Баба тукты, букв. «Волосатый дед»), развалины мовзолея которого находятся на противоположном берегу Сагыза. Жили они в ногайское время. Шашты-азиз была пери, о чем не знал будущий супург. Перед женитьбой она поставила перед Баба-тукты три условия...». Арғы жағы өзімізге таныс сөз, шарт орындалмайды, екеуінен Едіге туады. Шындығында Баба Түкті – Едігенің әкесі емес, арғы атасы, алайда халық ұғымында араласып кеткен, батырдың әкесін Құттықия демей Баба Түкті деп атай береді. Сонда Сағыздағы Құттықияның мазары болуы да мүмкін. Екеуінің өзеннің екі бетінде жатуы да қисынды, бірі адам ұғылы да, екіншісі – перінің қызы. О дүниеде екеуінің бір қауымда болуы мүмкін емес. Міне, мәселе қайда жатыр! Осы жерде аты әлем фольклортанушыларының ортасынан ойып орын алатын академик Сейіт Қасқабасов еске түсті, ғұлама тарихи аңыз түгілі миф пен әпсананың да тарихи негіздері бар деуші еді.
Ал «алып» сөзіне келетін болсақ, ғылымға бас қойсақ, «алып» – сақтар мен ғұндар заманынан бері ел қорғаған батырлардың, қолбасы ерлердің атына қосылып, айтылып келе жатқан мәртебелі атақ. Түрік қағанаты тұсында бұл сөз әскери титул мағынасында да қолданылған. Ежелгі түркі халықтары өз батырларының атына «алып» сөзін қосып айтатын болған. Мәселен, Алып Арсылан, Алып Бамыс (Алпамыс), Көк Алып, Алып Ер Тоңға, т.б.
Баба Түкті Шашты Әзиздің мазары Оңтүстік Қазақстандағы Құмкент аулының маңындағы Жылыбұлақта екені мәлім. Сағыздағысы мынадай болып тұр... Бұл мәселе төңірегінде Ақтөбедегі «Қабақ баба» қорының үйлестіру кеңесінің төрағасы, шежіреші Ислам Имановқа жүгінгенде: «Мұндай жағдай мұсылмандарда, оның ішінде қазақта кездесе береді. Мысалы, атақты Көтібар батырдың бейіті екі жерде бар, бірі біздегі Көктөбе шоқысында да, екіншісі Қызылорда облысында. Марал ишандікі әлденешеу. Мынадай да бар, жиырмасыншы ғасырдың ортасында Шалқарда мешіт ұстаған Жанаман аһун мәңгілік мекенін өлместен көп жыл бұрын алдын ала дайындап, құлпытасын жаздырып қойды. Әйгілі классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов бейітін көзінің тірісінде салдырды. Ертеде алдын ала салдырғанымен әрқилы жағдайларға (мысалы, жаугершілік) байланысты топырақ басқа жерден бұйырған кездер де жиі ұшырасқан. Баба Түктінің сүйегі Құмкентте ме, жоқ Сағыздың бойында ма – бір Алла біледі. Айта берсеңіз, Баба Түкті Шашты Әзиздің қабірі Меккеде деген де сөз бар. Қажет болса, дерегін тауып береміз. Сондықтан Құмкентте деушілер сіздермен талас тудырмағаны жөн. Екеуін де қабылдау керек», – деді. Уәжді тұжырымға ойланып қалдық.
Сонымен біз көрген-білгенімізді, естігенімізді ортаға салдық, енді қалың оқырман мен тарихшы ғалымдар не дейді?
Жұбаназар АСАНОВ, Мұздыбай СӘҢКІБАЕВ