Елімізде жүзеге асып жатқан «Жасыл экономикаға көшу», «Рухани жаңғыру» және Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламалары аясында білім беру саласында өлкетану бағытында жұмыстар жүргізіп, экологияны жақсарту, елді мекендерді абаттандыру сияқты маңызды шараның бірі Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы № 10 мектепте өтті. Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыстық білім басқармасымен бірігіп ұйымдастырған «Балалар мен жасөспірімдер арасында туристік, өлкетану және экологиялық жұмыстарды дамыту мәселелері» тақырыбындағы семинар-кеңесті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Аталмыш бағдарламалар жүзеге асыруға байланысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен қатар облыстық білім басқармасы да соңғы жылдары осы салаға ерекше назар аударып келе жатқанын айтқан ол облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының құрылуы — осы бағыттағы ең маңызды жұмыстардың бірі екендігін атап өтті. - Қазір туризм орталығының алдына туристік, өлкетану жұмыстарымен қатар барлық білім беру мекемелеріндегі экологиялық білім беру жұмыстарын жетілдіру міндеті де қойылған, - деді Дүйсен Темірұлы. - Орталық 17-18 қаңтарда біздің басқармамен бірге «Қоршаған орта экологиясы» электрондық курсын оқыту әдістері» және «Жас ұрпақты тәрбиелеудегі экотуризмнің алатын орны» тақырыптарында семинар-кеңестер өткізді. 14 жыл бойы дәстүрлі түрде «Табиғатпен үндес мектеп», «БАҚ-да экологиялық тақырыптардың үздік жарияланымы», соңғы жылдары «Табиғатпен үндес балабақша», «Жасыл аула», «Үлгілі ауыл» секілді конкурстар үздіксіз өткізіліп келеді. 2004 жылы басталған құм тоқтату жұмыстары қарқын алуда. Қазір шөл өлкедегі төрт ауылдың айналасында аумағы 40 шаршы шақырымдай тоғай пайда болды. Мысалы, Форт-Шевченко мен Ақтау қаласы арасындағы 130 шақырымдық жолдың бойында созылып жатқан ені 320 метрлік қалың сексеуіл тоғайын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Сондай-ақ айналасына экологиялық зардабын тигізіп келе жатқан «Қошқар Ата» қалдық қоймасының зиянды әсерін бәсеңдету мақсатында жасыл қорғаныш белдеуі құрылып жатыр. Қазір аумағы 50 гектардан астам алқапта сексеуіл тоғайы өсіп тұр. Елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға мол себебі бар бұл жұмыстар жалғаса береді. Дәл осындай ормандар мен тоғайлар барлық елді мекендерді жауып, жол бойларында созылып, маң далада керіліп жатуы керек. Сонда ғана өлке табиғаты жұмсарады. Егер әлем мұндай игі істі қолға алса, ғаламдық климаттың жылынуына тосқауыл қойылар еді. Туған жердің патриоты болу үшін ең алдымен әркім өзінің туған жерін – кіші отанын сүйе білуі маңызды. Ал ол туған жердің тарихын, табиғатын, өсімдігі мен жануарларын зерттеп, мәпелеп, сүйе білуден, оларды жақсартуға үлес қосудан басталады. Міне сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарға одан әрі тереңірек мән беру мақсатында «Туристік, өлкетану және экологиялық жұмыстарды жетілдіру туралы» облыстық білім басқармасы мен Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бірлескен бұйрығы шығарылды. Сөйтіп, өлкеде өзінің туған жерін терең зерттеп, оның экологиялық жағдайын жақсартуға тікелей араласатын патриоттарды тәрбиелеуге жақсы негіз жасалды. Д.Құсбеков бұл салада білім беру мекемелерінде көптеген жұмыс тындырылғанымен, тоқмейілсуге әзір ерте екендігін де қаперге берді. Сөз кезегін алған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері Орынбасар Тоқжанов «Балалар мен жасөспірімдер арасында экологиялық білім беруді жетілдіру мәселелері туралы» баяндады. Балалар мен жасөспірімдер арасында ұымдастырылған конкурстардың жеңімпаздарымен аудан, қала әкімдерінің «Өлкемізді өзіміз көркейтеміз» атты облыстық көшпелі семинар-кеңес өткенін айтқан Орынбасар Әбдіұлы «Маңғыстау облысының бірегей табиғат нысандарының паспорты» жасақталғанынан хабардар етті. - Облыстық шаралар барысында Мұнайлы ауданының Қызылтөбе мектеп-лицейі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жыл сайын «26 мамыр — қағаз қалдықтарын жинау күні» деп жариялау туралы және Қызылтөбе мектеп-лицейінің оқушылары табиғаты қатал Маңғыстау өлкесінде шөлге төзімді ағаштар отырғызу жөнінде бастамалар көтерді, - деді ол. - Олар облыста жалғасын тапты. «Табиғатпен үндес мектеп», «Табиғатпен үндес балабақша» облыстық конкурсының соңғы екі жылдағы Түпқараған, Мұнайлы аудандары мен Ақтау қаласындағы жеңімпаздарының базасында облыстың білім беру саласы басшыларының көшпелі семинар-кеңесі өткізілді. Тұщықұдықта аудандар мен қалалар әкімдері орынбасарларының, Маңғыстау ауданы ауыл әкімдерінің, ормандар мен ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың және орман өсіретін мекемелер басшылары мен ғалымдардың қатысуымен орман өсіру және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелері туралы облыстық көшпелі семинар-кеңес өтті. Маңғыстау облысының білім және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары бірлесіп дайындаған «Туристік, өлкетану және экологиялық жұмыстарды жетілдіру туралы» бұйрықта көптеген мәселелер қамтылып, білім беру мекемелерінде туристік, өлкетану және экологиялық жұмыстарды дамытудың іс-шаралар жоспары бекітілді. 2018-2019 оқу жылының басынан бастап аудандық, қалалық білім бөлімдері және кәсіптік білім беру мекемелері туған жер патриоттарын тәрбиелеу мақсатында білім беру мекемелерінде туристік, өлкетану және экологиялық жұмыстарды дамытудың іс-шаралар жоспарын толық жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады. Өлкеде климаттың қазіргі ғаламдық өзгерісіне тосқауыл қоюға және жасыл экономикаға көшуге шәкірттерді баулып, тікелей қатыстыруға бағытталған оқу орындары бар. Олардың алдыңғы легінде соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген «Табиғатпен үндес мектеп», «Табиғатпен үндес балабақша» конкурстарының жеңімпаздары келеді. Мысалы, «Табиғатпен үндес мектеп» облыстық конкурсының 2017 жылғы жеңімпазы Түпқараған ауданының Ақшұқыр мектеп лицейінде оқушылардың 38,2% экология, өлкетану, туризм үйірмелеріне, факультативтеріне қатысады. Мұнайлы ауданындағы №10 мектепте табиғат пен қоршаған ортаға байланысты 28 үйірме бар. «Табиғатпен үндес мектеп» конкурсының оннан астам жүлдегерін шығарған Бейнеу ауданының 24 мектебінің ауласында 17398 ағаш, оның ішінде соңғы жеңімпаз Бейнеу мектебі ауласында 4000 ағаш өсіп тұр. Облыстың білім беру мекемелерінде 2017 жылы 10 жылыжай болса, 2018 жылы 35 болды. Оларды салу үрдісі жалғасуда. Сөйтіп, білім беру мекемелері елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуда локомотив болып келеді. Алайда, әр аудан, қаланың конкурстарға мән беруі мен қатысу деңгейі әр түрлі болып келе тұрғаны да жасырын емес. Енді соңғы екі оқу жылындағы облыстың орта білім беру мекемелерінде бірлескен бұйрықтың жүзеге асу жайын салыстыра талдасақ, туристік, өлкетану, экология үйірмелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 32-ге артқанын, оларға қатысатын оқушылардың саны екі есеге жуық көбейгенін көреміз. Облыста 80 мектепте қоршаған орта экологиясы туралы оқулар ұйымдастырылып, оларға 6031 оқушы ғана тартылған, бұл барлық оқушылардың 6,7% ғана. Әлі де көптеген жетіспеушілік бар. Облыстағы 42 мектепте, оның ішінде Ақтау қаласындағы 26 мектептің 14-інде, Қарақия ауданындағы 16 мектептің 9-ында әлі салалық бір де бір үйірме жоқ. Облыстағы 63 мектепте, Ақтау қаласындағы 16 мектепте қоршаған орта экологиясы оқытылмайды. Сондықтан алдағы кезде облыстың барлық білім беру мекемелерінде нақты мәліметтерді талдап, өлке патриоттарын тәрбиелеудегі жұмыстарды жетілдіру міндеті тұр. Елімізде жүзеге асып жатқан «Жасыл экономикаға көшу», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуге, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға ерекше мән берілді. Жер ананың экологиялық жағдайын жақсарту немесе оны бүлдіру бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігі естен шықпауы тиіс. Сондай-ақ семинарда «Қызылсай» мемлекеттік аумақтық табиғи паркінің директоры Омар Сәрсенғазиев «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туризмді ұйымдастыру ерекшеліктері» тақырыбында, «Турист» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Евгения Слюсарева «Балалар мен жасөспірімдер туризмін ұйымдастыру ерекшеліктері» туралы, облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Нұршат Кәлкенбаева «Патриоттық тәрбие берудегі өлкетану музейлерінің ролі, әдістері мен бағыттары» тақырыбында баяндамалар жасады. - Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мәселесі бүгінгі күннің білім беру жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады. Осы бір туған үй, туған жер, туған ел сияқты ұлағатты ұғым, сөз жоқ, ел мен жер тарихына үңіліп, туған жерін аралағанда ерекше елітіп, аңызына бой ұрғанда ғана туындайды. Олай болса, жас ұланды өз өлкесін терең тануға, елі мен жерін жанындай сүюге, тарихымен кеңінен танысуға жетелеу біздің ең қасиетті борышымыз. Сіздерге осы міндетті абыройлы атқаруда тарихи-өлкетану мұражайынан артық жанашыр-жәрдемші жоқ, - деді Нұршат Зәкіржанқызы. «Өлкедегі тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау жолдары» туралы баяндаған облыстық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Айман Яриханова тындырылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ ол Маңғыстаудың интерактивті картасы жобасының Қазақстанның 100 нысанының жалпыұлттық тізіміне және жергілікті маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілген облыстағы қасиетті орындарды цифрландыру мақсатында жасалғанын айтты. Тарихи және мәдени маңызға ие нысандар мен орындарға табиғи ландшафттар мен мәдени мұралар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ халықтың жадында сақталған құндылықтарға ие тарихи және саяси оқиғаларға байланысты жерлер кіреді. Жоба әрі қарай әлі де толықтырылып, болашақта интерактивті картаға кірген маңызы бар нысандардың географиясын кеңейту жұмыстары жалғасын табатын болады. Түпқараған аудандық «Дарын» орталығының директоры Қанжанова Гүлшат жиналғандарды Түпқараған ауданының білім беру ұйымдарында туристік-өлкетану жұмыстарын дамыту іс-тәжірибесімен таныстырды. - Дарын» орталығында 2017 жылғы қаңтардан бастап туризм және өлкетану бөлімі жұмыс жасап келеді, - деді ол. - Бірақ бұл соған дейінгі бұл саладағы жұмыстар тоқтап тұрды деген сөз емес. Бөлім ашылмас бұрын да, 2016 оқу жылында «Менің Отаным-Қазақстан» атты республикалық туристік экспедициялар жасақтары слетінің аудандық кезеңін өткізуге, облыстық кезеңге қатысатын команданы жарақтандыру үшін үнемделген қаражат есебінен «Дарын» орталығына 522000 теңгеге слеттің барлық жабдығын сатып алынды. Нәтижеде облыстық слеттен Түпқараған ауданының командасы 1-орын алып, республикалық кезеңде ІІІ орынға ие болды. Ал 2017 жыл соңында аудан оқушылары бұл слеттен облыста да, республикада да І орынға шығып, облыс абыройын қорғады. Түпқараған аудандық білім бөліміне қарасты 10 мектепте 7675 оқушы білім алады. Осы оқушылармен туристік-өлкетану бағытында 22 үйірме жұмыс жасайды. Үйірмеге 872 оқушы қатысады. Аудандық «Дарын» қосымша білім орталығының өзі соңғы 2 оқу жылында осы туризм-өлкетану бөлімінің жұмыстарына қатысатын аудан мектептерінің оқушылары үшін 1 миллион 800 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Осы бағытта орталықта атқарылған өзге де шараларға тоқталған Г.Қанжанова туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса беруі үшін өз ұсыныстарын ортаға салды. Бейнеу ауданының білім беру ұйымдарында экологиялық білім беруді ұйымдастыру іс-тәжірибесі жайын аудандық білім бөлімінің басшысы Батырбек Демократұлы баяндады. Жаңа бой көтерген жасыл желекті айналада жайылған малдан қорғау қиынның қиыны болғанын айтқан ол: - Қазіргі күнде аудан орталығының орталық көшелері мен мектептерінің, балабақшалардың, мәдени қызмет көрсететін мекеме ғимараттардың айналасында саялы бау-бақша бар, - деді. - Аудан орталығындағы Абай, Алтынсарин, Қалдығараев атындағы білім ордалары, Өнер мектебі, Бейнеу гимназиясы мен лицейінің алды толған гүл, төңірегін көмкерген тал-қайыңдар да, жаңа нысандар Үстірт, Күйкен, Атамекен, Манашы мектептеріндегі саялы бақтар да көздің жауын алады. Айта кетелік, тек бір Манашы мектебінің төңірегіне 4 мыңнан астам ағаш егіліп, желкілдеп бой көтерген. Орталықтағы балабақшалар да сәмбі талдармен көмкерілген. Басқа ағашты былай қойғанда, шырша, арша секілді қылқан жапырақты ағаштарды егу де қолға алынды. Тек аудан орталығы емес, алыс ауылдарда да ағаш егіп, саябақ пайда болуда. Аға ұрпақтың осындай бастамасын бейнеулік жастар жалғастыруға ынталы. «Бейнеу орманы» жастардың жасыл желек алқабы құрылып, аумағы 2,621 гектар жерге ағаш көшеттері отырғызылды. Биылғы көктемде «Ақтау-Атырау» жолы бойындағы «Жібек жолы» композициясының қасындағы «Жұбайлар бағына» тал егу акциясына бейнеуліктер отбасы болып атсалысты. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша аудан орталығындағы екі колледждің студенттері, ауыл жастары экологияны жақсартуға, ауыл тазалығына, жасыл желектерді баптап-күтуге өз үлестерін қосты. Мектеп ауласын көгалдандыру бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі кезде мектеп ауласына егілген бұтақтар мен ағаштар сол мектепте білім алып жүрген оқушыларға қызмет жасауы тиіс. Аулаға отырғызылған бір ағаштың өзі қоршаған ортада үлкен рөл атқарады. Мектеп жанындағы көлеңкелі бау, үлкен ағаштар санитарлық-гигиеналық, архитектуралық маңызға ие болса, жаз мезгілінде егілген гүлдер көркемділікпен қатар эстетикалық тәрбие береді. Барша жұтты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру отбасы, мектептерден басталатыны белгілі. Осы мақсатта аудан мектептерінде эстетикалық, экологиялық тәрбие беру үшін үйірме, факультативтік сабақтар жүргізіледі. «Гүл өсіру» аула клубы өз жұмысын бастады. Мектептер мен бөбекжайлардың ағаш отырғызу көрсеткіші бойынша ауданымыз облыс көлемінде алдыңғы қатарды иеленіп отыр. Сонымен қоса, ауданымыздағы Сам, Үстірт, Бейнеу, Абай атындағы орта мектептерінде және Бейнеу гимназиясында жылыжайлар салынып, қазіргі таңда өз өнімдерін бере бастады. Ал 2019 жылға 10 мектепте және 6 бөбекжайда демеушілер есебінен жылыжай салу жоспарланып отыр. Басқосу соңында семинар-кеңестің ұсыныстары қабылданды.
Валетина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71060,71061,71063,71062"]