«Өрт – тілсіз жау» деп жатамыз. Расында да солай, егер өрт шыға қалса, бір отбасы қаншама қасірет шегетінін шамалай беріңіз. Кей жағдайда адам шығынына да алып келеді. Мұның бәрінің бетін аулақ етсін. Алайда осының бәріне өзіміз себепші болып жатамыз. Немкеттілікке салынып, жылыту пештеріне салғырттықпен қарап, «ештеңе етпейді» деген пейіл танытатынымызды жоққа шығара алмаймыз. Осындай пиғылдан арылту үшін, алдын ала сақтандыру үшін Мұнайлы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі 2018-2019 жылдардағы жылу беру маусымында өрт қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндіру барысында аудан тұрғындары арасында үгітнасихат жұмыстарын жүргізді. «Тұрмыста газды қауіпсіз қолдану», «Өрттің алдын алу» тақырыптарындағы шара бөлім қызметкерлерімен бірге №5 өрт сөндіру бөлімі мен «РЦКУАқтау» ЖШС-нің және жергілікті әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Онда тұрғындарға жылыту пештерін пайдалану кезінде орын алатын көмір қышқыл және табиғи газға улану фактілері салдарынан адам өлімі мен жарақаттанулардың алдын алу жайы кеңінен айтылды. Бұл шара жеке тұрғын үй секторларында және халық көп шоғырланатын орындарда өткізіліп, газанализатор қондырғыларын орнату жайы сөз болды. Мамандар осы тілсіз жауға қарсы бірлесе күресіп, келер қауіптің алдын алуды жете түсіндірді. Апат айтып келмейді. Тек оның алдын ала білсек, орны толмас өкінішке ұрынбаймыз. Сол үшін әрбір азамат жылыту пештерін қолданғанда барынша сақтық шараларына көңіл бөлгені жөн.
Өз тілшімізден