©
Тәуелсіздік күніне орай ашылған Маңғыстау ауылындағы 500 орындық жаңа мәдениет үйінде көптің көкейінде ұзақ уақыт бойы сақталатын алғашқы мәдени іс-шара өтті. Ол – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық бағдарламасы аясында қазақша-ағылшынша, қазақша-парсыша тілашар сөздіктерінің авторы, ағылшын, парсы тілдерінің маманы, аудармашы Нияз Тобыш аударған «Көнеден жеткен асыл мұра» тақырыбындағы «Жаһан нама» әлемдік тарихи-географиялық кітабының таныстырылымы болатын. Оған Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов, облысымызға белгілі тарихшылар, өлкетанушылар, журналист-жазушылар және аудандағы білім беру ұйымдарының жетекшілері мен мектеп оқушылары қатысты.
Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Есенбай Құлидың жүргізуіндегі кеште алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Берік Біләловке берілді. Ол барша көрермендерді еліміздің айтулы мерекелерімен құттықтап, осыдан 810 жыл бұрын жазылған құнды кітапты қазақ тілінде сөйлеткен жерлесіміз, аудармашы авторға көпшілік атынан өз алғысын жеткізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп атап өткен болатын. Олай болса, «Жаһан нама» – әлем кітабы деген сөз. Бұл құнды кітапты – әлемнің алғашқы географиялық кітабы деп түсінгеніміз абзал. Ол ешбір тілге аударылмастан жатқан құнды қазынаны тұңғыш рет өз тілімізде сөйлеткен Нияз Тобышқа аудан әкімінің орынбасары көпшілік атынан ризашылығын білдірді.
1208 жылы жарық көрген кітапта қызықты тарихи-географиялық және қызықты космографиялық мағлұматтар мол жинақталған. Еуразия мен Африка, Қазақстан мен Орталық Азиядағы таңғажайып нәрселерден сыр шертетін әлемдік тарихнама парсы тілінен ешбір тілге аударылмай, сегіз ғасырдай жатқан құнды дүниенің аударма бақыты жерлесіміз Нияз Тобышқа бұйырып, он жыл бойы тынымсыз еңбектеніп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлетті. Кешегі өткен бесінші Каспий саммитінде бес ел Президенттеріне аталмыш кітап киелі Маңғыстаудан сый ретінде тарту етілді. Мұның өзі өлкеміздің, қала берді еліміздің абыройын одан әрі асқақтата түскеніне дәлел.
Нияз аға 1979 жылы Тегеран университетін бітіреді. 1991 жылы сол елде жыл сайын өтетін «Фәжр» музыкалық фестиваліне Ирандағы қазақ жастарының қатысуына бірден-бір ұйытқы болады. Сол кездерден бастап Иран қазақтарынның туған Отанына оралуына белсене араласып, өзі 1995 жылы Маңғыстауға қоныс аударады. Қазір Мұнайлы ауданындағы №1 кешкі жалпы білім беру мектебінде ағылшын тілінен дәріс береді. Осы жылдар аралығында Шығыс әдебиетінің әйгілі «Тотынама» кітабын көне түркі шағатай тілінен, Әбіш Қожаның қолжазбаларын аударады. Жоғары оқу орындарына арналған ағылшынша-қазақша сөздіктің, ағылшынша-қазақша граматиканың авторы болып елге танылады. Енді, міне, сегіз ғасыр бойы ешбір тілге аударылмай жатқан құнды қазынаны үш тілге аударып, оқырманына ұсынып отырғаны ерлікпен пара-пар емес пе?!. Әрине, ерлік!
Мәдениет үйінде өткен кеште тарихшы, өлкетанушы Алқажан Еділхан, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Отыншы Көшбайұлы сөзге шығып, Нияз Тобыш жайлы және оның аудармасы жөнінде баға жетпес пікірлер білдіріп, қызыққа толы мағлұматтар ұсынып, тартымды естеліктер айтты. «Жаһан нама» кітабы қазақтың тарихынан сыр шертіп, киелі Маңғыстау жерін байырғы деректерімен байытады.
Кеште әйгілі кітаптың авторы Нияз Тобыш ағамызға да сөз беріліп, жаңа туындының қалай дүниеге келгені жөнінде қызықты деректерді тізбелей отырып, әңгімелегені тартымды болды. Бұл тарихи кітаптың тұңғыш рет қазақ жерінде аударылып, баспадан шығуы мақтанарлық жайт. Үш тілде қатар жарық көруі – мәні мен маңыздылығын байытып тұр. «Жаһан нама» әлем кітабы ретінде әлі де талай ғасырлар бойы халқымыздың кәдесіне жарап, ғылым мен білімді дамытуда өзіндік үлесін қоса беретін дүние болары хақ.
Рухани жаңғыру аясында өткен «Жаһан нама» кітабының таныстырылымының кеші концерттік бағдарламаға ұласып, шараның маңыздылығы асқақтай түсті.
Д.ХАНСҰЛТАН