мәдениет үйі

Еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мұнайлы ауданына арнайы келді. Мерекелік іссапар барысында Маңғыстау ауылында бой көтерген «Жанарыс» тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Бұл тігін цехы жеңіл өнеркәсіп саласындағы іргелі мекеме саналатын Жаңаөзен тігін фабрикасының филиалы есептеледі. 1,7 гектар аумаққа орналасқан цехта 300 адам еңбек ететін болады. Мұнда мұнайшыларға, денсаулық сақтау, білім беру және құқық қорғау саласының мамандарына арнап арнайы киімдер дайындалады.

Аймақ басшысы тігін цехының жұмысымен танысып, ондағы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Кәсіби киім-кешектер әзірлейтін цехтың ұжымына сәттілік тілеп, айтулы мерекемен құттықтады.

Тәуелсіздік мерекесі мұнайлылықтар үшін қуанышы мол, есте қалар ерекшелігімен басталды. Ол – мереке қарсаңында Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық жаңа мәдениет үйінің ашылуы болатын. Ашылу салтанатына арнайы ат басын бұрған аймақ басшысы қалың көпшілік алдында сөзге шығып, баршаны Тәуелсіздік күні мерекесімен қызу құттықтады. Жаңадан іске қосылып отырған, заманауи үлгіде салынған мәдениет үйі жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алатын ордасына айналуына тілектестік білдірді.

Заман талабына сай үлгіде бой көтерген мәдениет үйі 7000 шаршы метрді құрайды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Норд Каспиан Оперейтинг Компаниясының» әлеуметтік міндеттемелері бағдарламасы негізінде салынған мәдени ошақта кітапхана, кіші конференц залы, үйірмелер, үлкен көрермен залы, 2 хореография залы, ішкі саябағы мен 33 жабық аудиториялары бар. Онда жастарымыздың кітап оқып, би өнерін үйреніп жатқанына куә болдық.

Өнерлі өрендерді бір жерге тоғыстыратын құтты мекеннің ашылу салтанатында облыс әкімі Е.Тоғжанов сөз сөйлегеннен соң рухани орталықтың салынуына атсалысқан жер қойнауын пайдаланушы «Норд Каспиан Оперейтинг Компаниясының» әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар тобының жетекшісі Сейтжан Қадырбаев мәдениет үйінің символикалық кілтін табыстады. Содан соң құттықтау сөзге ҚР білім және мәдениет саласының үздігі, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы Балсұлу Қондыбай ортаға шығып, жаңадан ашылып отырған киелі орынға ақжолтай тілектерін жолдады. Барша мұнайлылықтарды ұлық мерекемен құттықтап, мәдениет үйінің игілігін көре беруге ниеттестігін білдірді. Сөйтіп Балсұлу Қондыбай мен еңбек ардагері Нуфтолла Қаржаубаев ашылу салтанатының лентасын қиды.

Аймақ басшысы бастаған көпшілік жаңа ғимараттың ішкі құрылысымен танысты. Кітапханадағы кітап оқып отырған балалармен тілдесіп, бишілердің билерін тамашалады. Үлкен көрермен залдағы фольклорлық ансамбльдің өнерлеріне сүйсінді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске қосылған мәдениет үйі ауданның мәдениеті мен өнерінің одан әрі дамуына атсалыса беретін құтты мекенге айналатынына көпшілік тілектестік білдірді.

Өз тілшімізден
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз