Мұнайлы ауданы Баянды ауылында орналасқан №3 орта мектебінде қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғырту барысында толымды зерттеулер жүргізген өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы «Қазақтың рәміздер жағрапиясы» атты өлкетану мұражайы ашылды.
Мұражай соңына мол мұра қалдырған ғалымның өмірі мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа жете таныстырып, оның әлемдік және отандық мәдени мұралардағы алатын орнын айқындауды мақсат тұтады. Сөйтіп, ғалымның бойындағы ізгі қасиеттерден үлгі алуға, адалдыққа, адамгершілікке, батылдыққа, қиыншылыққа төзе білетін қайсарлыққа, өмір сүрудің мәнін түсінуге, туған елін, жерін, халқын сүйетін тұлға тәрбиелеуді негізге алынған еді. Сонымен бірге оқушылардың өз пікірін айта білуге, қосымша деректерді ізденуге, нақты пікірлер білдіруге өзіндік көзқарастарын қалыптастыру мақсат етілген.
Тынымсыз ізденіспен дүниеге келген мұражай Қазақстандағы киелі жер-су аттарынан мол мағлұмат беріп, толыққанды деректермен таныстырады. Мұнда толық ақпаратты арнайы QR кодтар арқылы білуге болады. Ол үшін телефонға сканер бағдарламасын енгізіп алып, телефонды кодқа бағыттау арқылы ғаламтордан көрсетілетін бейнетаспа арқылы жер-су аттарының мағынасын мысалдармен бірге тыңдай аласыз. Мұражайда қазақтың киелі жерлерінің арнайы макеттері жасалып, әрқайсысы бөлек-бөлек шебер орналастырылған. Мұны, кейін білгеніміздей, мектеп ұстаздары мен оқушылары өз қолдарымен жасаған екен.
Осындай ел сүйсінетін өлкетану мұражайының ашылу салтанатына С.Қондыбайдың туған апасы, Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы, өлкеміздің мәдениет майталманы Балсұлу Қондыбай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Балкенже Ақбердиева және аудандағы мемлекеттік мекеме басшылары, ауданымыздың қадірменді ақсақалдары, білім беру ұйымдарының жетекшілері мен мектеп ұстаздары қатысты. Ашылу рәсімінде сөз алғандар мектеп ұжымының игі бастамасына риза болып, өз алғыстарын жолдады. С.Қондыбай жайлы жылы лебіздер айтылып, оның қалдырған мол мұрасы кейінгі ұрпақ үшін әлі талай-талай жылдар бойы қызмет ететінін тілге тиек етті. Қысқа ғұмыр сүрсе де, ізінде мол мұра қалдырған ғалымның аты мәңгі өшпейді дегенді сөзге шыққандар қайта-қайта айтты.
Мұражайдың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов сөзге шығып, мектеп ұжымының игі тірлігіне өз алғысын жеткізді. Ал ғалым апамыз Балкенже Ақбердиева көпшілікке Серікбол Қондыбай жайлы тың деректер туралы әңгімеледі. Мұражайдың лентасы қиылғаннан соң көпшілік қауым ішке еніп, ондағы экспонаттармен танысты. Ризашылықтарын да білдіріп жатты. Мектеп директоры Жанар Байназароваға алғыстар айтылды. Ал ақ сақалды аталарымыз ақ баталарын берді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Мектептегі атқарылған игі іс-шара Президентіміздің осы сөздеріне толықтай жауап бере алады.
Серікбол Қондыбай – әмбебап бағыттағы кешенді тақырыптық зерттеулермен, негізінен теориялық мәселелермен айналысып, көзі тірісінде 10 кітабы жарық көрген зерттеуші ғалым. Оның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», 4 томдық «Арғы қазақ мифологиясы» және тағы басқа еңбектері – кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес дүниелер. Оны оқып, үйрену және зерттеу кейінгі буынға аманат.
Мұражайдың ашылуында осындай ойлар қозғалып, серікболтанушыларға үлкен үміт артылды.
Д.ХАНСҰЛТАН