©
- Үкімет өзіне тиесілі емес әрі тым артық функцияларды өз міндетіне жүктеп алған. Ішінара кейбір функцияларды бәсекелік ортаға беру керек, - деп есептейді ҮЕҰ өкілдері.
Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамында: «Азаматтардың өзін-өзі реттеуін дамыту арқылы және мемлекетке тиесілі емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту» туралы қарастырылған. Қарақияда осы мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі түсіндіру және Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мақсатында «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ «Атамекен» ҰКП бірлескен «Мемлекеттік қызметтерді жеке секторға беру механизмдері» атты семинар өткізді. Аудан активі мен ҮЕҰ-дардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысқан семинарда мемлекеттік қызметтерді жеке секторға беру мәселесі бойынша жұмыс тобының мүшесі, сарапшы, Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Мұсағали Даумбеков дәріс оқып, шараны ҮЕҰ қызметкерлері жүргізді.
- Сонда қандай мемлекеттік қызметтер жеке секторға өтуі керек? – деген қатысушылар сауалына:
- Мәселен, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметте мүгедек арбасын беру, сәбилер мен мүгедектерге күнделікті жөргектерді (памперс) тарату сияқты жұмыстар бар. Қажет заттар мемлекеттік сату, сатып алу саудасына түсіп, оны біреу ұтып алып жүргенде көп уақыт кетеді. Қажет заттар дәл уақытында иесіне табыс етілмей, кешігіп жатады. Сондай-ақ қоғамдық бақылаулар мен насихаттау, ақпараттық қолдау қатарлы көптеген қызметтер мемлекеттік қызметкер айналысатын шаруа емес. Ондай қызмет түрлерін бәсекелік ортадағы жеке секторларға берсе, тиімдірек болар еді, - дейді «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ басшысы Жібек Ахметова.
Семинар Құрықтағы «Каспий» ресторанында еркін сұхбат түрінде өтіп, қатысушыларға жан-жақты ақпарламалар, ақпараттық бетшелер мен сауалнамалар таратылды.
Аршын КЕРЕЙ