Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің 2087 әскери бөлімі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда Ж.Қалдығараев атындағы орта мектебінде семинар өтті. Бұл шараға әскери бөлімнің арнайы топ өкілдері майор Баубек Жанабаев, капитан Өмірбек Мұңлыков және аға лейтенант Дәрмен Қашқынбай және аудан көлеміндегі жалпы білім беретін мектептердің БӘД пәні оқытушылары, жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Семинарда соңғы үлгідегі қару-жарақ түрлері, түнгі көру және байланыс құралдары, оларды қалай пайдалану ережесі оқушыларға түсіндіріліп, кинолог мамандар иісшіл иттердің қызметін көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағындағы жоғары оқу орындарына оқуға қабылдау жұмыстары бойынша толық мәлімет берілді.
Аталған оқу орындарындағы әр түрлі мамандық бойынша құжат тапсырып, оқуға ниетті әрбір түлек немесе үміткер 2087 әскери бөліміне хабарласып, толық мәлімет алуға болатындығын айтты.
Семинар барысында қатысушыларға жоғары оқу орны туралы арнайы әзірленген бейнекөрсетілім көрсетілді. Семинарға қатысушы ұстаздар мен оқушылар арнайы топ өкілдеріне көкейіндегі сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстар айтып, мамандардан тиісті жауаптарын алды.
Осы шарада «1-желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, сонымен қатар 2087 әскери бөлімінің ұйымдастырған семинарына белсене қатысқаны үшін» деген Алғыс хатпен Бейнеу лицейі және Ж.Қалдығараев атындағы орта мектебінің БӘД пәні оқытушылары Молдаш Малбасов пен Сәрсенбай Таңатаров марапатталса, семинарда белсенділік танытып, сұрақ қойып, өзіндік ой-пікірін ортаға салған 11-сынып оқушысы Біләл Ибрагимұлына №2087 әскери бөлімінің мақтау қағазы табысталды.
Үміт ҚАЗДАЕВА