©
Желтоқсан айында дүниеге келіп, желтоқсанда дүниеден озған жерлес жазушымыз Ә.Кекілбайұлының әлемі – поэтикалық күш-қуаты бөлек әлем. Одан тамырын тым тереңнен тартқан таным, өзінің бай мұрасын да сарқып ішкен шыншылдық мен мұндалайды. Ә.Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында аудан, облыс көлемінде іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Осындай игі шаралардың куәсі болып, шараға қатысқан оқушыларымыздың жазушы шығармаларына толықтай үңілмейтінін, шығарманың мазмұнын білмейтіндігін байқадым.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап, өткенімізді ұмытпауға, тарихи жәдігерлерімізді дәріптеуге, қазақшылықты бойымыздан жоғалтпауға үндесе, Ә.Кекілбайұлының қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттайтын «Бір шоқ жиде» повесі нағыз тұнып тұрған, жастарға мол рухани азық болатын шығарма дер едім.
Бұл шығарманы алғаш оқығанымда кейіпкері Тілеудің тағдыры қатты әсер етті, өмірде болатын, кез-келген пенденің басында бар тағдырлар көз алдымнан өтіп жатты. Шығарманы оқи отырып, тағдырдың тауқыметін тартып, жалғыздықтан жаны жапа шегіп отырған қарттың өміріне жаның ашыса, кейде өмірдің өзі қуаныш пен қайғыдан тұратынын түсінгендейсің. Шығарма басынан аяғына дейін қазақи салт-дәстүрлерге өте бай, қазіргі кезде көп айтыла бермейтін көне сөздерді, мақал-мәтелдерді көптеп кездестіруге болады, өмірдің өзінен алынған шындықпен бетпе-бет кездесесің. Әбіш Кекілбайұлының шығармаларының басы ауыр қиналыстардан тұрғанымен, ақиқаттың, шындықтың іздерін іздеп тапқан кейіпкерлерді көріп, риза боласың. И.А.Бунин «Кім туралы айтсақ та бәрібір емес пе? Жер бетіндегі әрбір адамға бұның да қатысы бар» -деген. Демек бұл өмірде әрбір адамның өзіндік орны бар емес пе? Бұл повестен дала төсіндегі қиыншылыққа толы, ешкімнің ала жібін аттамай, өзінің маңдай терімен адал өмір кешкен момын, кәрі кісі Тілеудің өмірі туралы баяндалады. Ол туған жер алдындағы парыз бен қарызды, адам өмірі тым келте болғанымен, жер бетіндегі тіршіліктің мәңгі үзілмейтінін жақсы түсінген, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді сақтап, тыныш өмір сүруді армандаған, өмірдің құндылығы осы деп білетін тілеуқор кісінің өмірі айқын көрінеді.
Повесте оқиға бірден басталмайды, қолынан бал таматын шебер, зергер Тілеу қарттың жетпістің сегізіне қараған шағында өмірден өтіп, жерленгенінен басталады. Тұяқтың арғы аталары өте ділмар кісі болған, ел аралап жүріп бір бақсыға тілі тиіп, қарғысқа ұшырап, баласы тұрмайды. Аталары біршама ауқатты болғанымен, тірі ауылының саны төрт-бестен аспаған. Жас кезінде үлкендердің қолына су құйып жүргендегі ақсақалдардан «Үбірлі-шүбірлі бол», «Бағың жансын», «Дегеніңе жет» деген алғысын естігеннен басқа адам баласының алдынан кесе көлденең өтпеген ол өмірдің сынағына төзе білді. Дана халықтың «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» дегені есіне түсіп, өзін жұбатқандай болады. Алған алғысының қарымтасы осы болғаны ма? Кейде түсінде немерелері жан-жағынан топырлап, біреуі етегіне, біреуі жеңіне жармасып, тапқан-таянғандары солардың несібесіне бұйырып, о дүниелік болып кетсе «Атамыз-ау»,- деп басына топырлап, бір уыс топырақ салса, бұдан артық адамға не бақыт керек?! Осыларды ойлағанда көңілі орнына түскендей болады. Түсінде де сол қара домалақ немерелерін көріп, көңілі марқайып қалады, ал көзін ашса, сол баяғы тып-тыныш үй, айдаладағы үйдің шетінде байлаулы тұрған шабдары атынан басқа ештеңе көрінбейді.
Мұның бәрін көргенде көңілі құлазып сала береді. Адам өмірде перзент сүйіп, соны қызықтап, өлгенде әруағыңды ырзалайтын перзенттің керектігін түсінеді. Кейде өзін жалғыз сезінгенмен артында Тілепалдысы барына, баласы тірі болса, өсіп-өнетініне сеніммен қарап, өзін жұбатқандай болады, соған шүкіршілік етеді. Қыс өтіп, көктем де келді. Тілеудің отау бөліп, қарамды көбейтем деп жүргенде жалғыз баласы Тілепалдысы соғыстан қайтпайды, өзегі өртеніп, біреу омырауын шоққа қарып жатқандай күйге түседі. Енді түсінде көрген қобдиын шашып ойнайтын балалары жоқ екенін, төңірегіне қарап, көз тоқтататын ештеңе жоқ, бәрі адыра қалғанын түсінеді. Онсыз да үндемейтін Тілеу қарттың тілі мүлде кесіледі, түнде өксіп жылайтынды шығарады, түні бойы көз ілмейді, кенет құлағына ата-бабасының жеті ұлынан айрылғандағы «бебеу күйі» естілгендей болады. Бұл бабаларының жұбатқаны ма, әлде бірге қайғырғаны ма, түсіне алмайды. Міне, Тілеу қарттың төр алдында бүк түсіп жатқанына бірнеше күн болады, айналасы тып-тыныш, тек көкірегі әлем-жәлем күй кешуде. Құлағына әлдебір дыбыс естілгендей болады, тысқа шығып, тың тыңдайды, ештеңе ести алмайды. Үйге қайта кіріп, төсегіне жатады. Қараңғы түн, түндіктің жыртығынан жұлдыздар жылтылдайды, түсінде естіген саз құлағына қайта келіп жатқандай болады. Таң атқанша дөңбекшіп, көз ілмей шығады Тамақ батпайды, кемпірі Зейнеп тезек теруге түзге кеткенде Тілеу де түндікті жартылай жауып, есікті бастырып, жиделі тепсеңге жүріп кетеді. Уақыт өте алыстан Жем бойынан Зейнептің жеңгесі Жаңыл қырқынан шықпаған ұлын әкеліп, бауырларына салады. Отыз күн бауырымды сорғызып ем, ол бұған да, сендерге де салық емес, сендердің шаңырақтарыңның ендігі амандығынан садаға, мә, желінімді ошаққа саудым, - деп, демдеулі шай тұрған отқа қарай омыраулай отырады – деген үзіндіден Жаңылдың өз баласын әкеліп, бүтін бір жанұяға тіршілік нәрін сыйлаған жерін оқығанда, қуаныштың, үміттің жарық сәулесін көресің.
Қазіргі қоғамда дүниеге әкелген перзенттерін қоқыс жәшігіне тастап кетіп жатқан аналарды естігенде жаның түршігеді. Бір перзентке зар болып жүрген қаншама отбасылар үмітпен өмір сүруде. Тілеу мен Зейнеп тумаса да туғандай бауырларына басып, тапқан-таянғандарын аузына тосады. Жас нәрестенің атын ырымдап, артынан ерген тұяғы көп болсын деп, Тұяқ қояды, Тұяқтың шашын алу, тұсауын кесу, ит көйлек тастау, сүндет тойы, мектепке баруы, жол ашары сияқты жөн-жоралғыларының барлығын жасайды.
Жазушының қазақы салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, ырым-тиымдарды, мақал-мәтелдерді өз шығармасында кеңінен пайдалануы - өсіп келе жатқан жастарға берер тәрбиелік мәні өте зор. Сол жалғыз ұлы Тұяқ мектеп бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеп, ауылға оралғанда анасы Зейнеп көз жұмады. Тұяқтың бір уыс топырағы бұйырады. Тілеудің ендігі уайымы -баласы. Қай ата-ана болсын, көзі тірісінде қызының қияға, ұлының ұяға қонғанын қаламайды дейсің? Шешесі барда баласының аяқтанбай қалғаны бір сәт есінен шықпай қойды. Уақыт өте келе, құрдасы Күдерінің арқасында Тұяқ үйленіп, Тілеуге немере сүйдіреді, көптен күтіп жүрген арманын жүзеге асырады, көп ұзамай Тілеу де өмірден озады. Тілеудің артында өзі мәпелеп өсірген Тұяғы қалады. Артында ұрпағы, ізі қалған адам ешқашан өлмейді. Тілеу мен Зейнеп тағдыр тауқыметін тартса да еш жасымады, өмір сүре білді, мойымады, тағдырдың қатал сынына төзе біледі. Арада жылға жуық уақыт өтеді. Бір кездері осы маңда зергер Тілеу қарттың тұрғанын өзінен басқа ешкім білмейтінін, артынан ешкім іздеп келмейтінін біліп уайымдайды, Тілеудің құрдасы, тілеулес досы Күдері қайда шықса да жүдеп қайтады. Мұның өзі құрдасына деген шын жанашырлығы, көңілі, ықыласы еді. Уақыттың өмірден басқа өлшемі жоқ екеніне көзі жетіп қайтады. Күдерінің бір өмірдің орнына екінші өмір келсе ғана мына дүниенің мәні тұра алатынын ұғынып қайтады. Ағаш екеш ағаш та бұтағынан бұтақ өрбітіп, артына із тастайды. Ал, адам ше… Адамның ізі тек белінен өнген перзент қана ма… Оның ісі, жұртқа жасаған қайырымы ше? Сонда Тілеудің де ізі жоғалғаны ма? Тілеудің сүйегі жатқан төмпешік пен шаңырағының орны жоқтығын, оны ешкім іздеп те келмейтінін, ешкім ауызға алмайтындығын ойлағанда Күдерінің жаны түршігеді. Тумаса да туғандай ғып баққан Тұяқтың әке-шешесінің басын қарайтпағанына іштей ренжиді, есіне түскен сайын көңілі жабығып қайтады. Бір кездері Тұяқтан да хабар келеді, Күдерінің қуанышында шек жоқ. Күдеріге Тұяқтың осы ықыласынан артық не керек?. Әке-балаға, адам адамға ықыластан басқа не көрсете алады? Жалпы адам деген екі аяқты пенделерден адамзат деген жиынтық құрап тұрған осы ықылас емес пе? Адамның адамға тартқан сыйы да, артында қалар мұрасы да осы ықылас ғана емес пе? - деген жолдар еріксіз есіме оралады. Осындай ықыласты көре алмай, өздерінің қартайған шағында бауырынан өнген балаларынан қайыр көрмей, қарттар үйін паналап жүрген қарияларды көргенде, естігенде еріксіз көзіме жас үйіріледі. Дана халқымыз: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген сөзді жастарымыз ұмытпаса игі еді. Б.Момышұлының «Өлгенді ардақтай білген ғана, тіріні құрметтей алады. Өлгенге бақыт керек емес. Өлгеннің бақыты тірлігінде» - деп айтқандай, ата-анасын разы қылып, о дүниеге аттандырып, өзінің перзенттік борышын өтей білген Тұяқты көргенде бәрін ұмытқандайсың.
Жиде ағашы тамырын тереңге жаятындықтан, Тілеудің де тамыры тереңге кеткенін бірден ұғынасың, шығарманың осылай аяқталғанына іштей қуандым. Шығарманың «Бір шоқ жиде» атануы да осыдан. Жазушы отбасындағы береке-бірліктің, әке мен бала, келін арасындағы түсіністікті, сыйластықты кейіпкерлерінің өн бойына қонымды етіп берген. Қай шығармасы болмасын кейінгі өскелең ұрпаққа өзінің туған жерінің тарихын, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын құрметтеуге шақырады. Жазушы қаламынан шыққан шығармалары талғампаз оқырманның назарынан тыс қалмайтынына сенімдімін. Ә.Кекілбайұлының шығармалары әдебиетіміздің мерейін тасытып, әдебиет әлемінің биік шыңынан орын алатыны сөзсіз, халқына қызмет еткен адал еңбегі бағаланды. Артында өмір жолын, өзін ұлықтайтын туған жері бар, құнды-құнды шығармаларын насихаттайтын ұрпақтары мен оқырмандары бар жазушы мәңгі өмір сүреді.
Күнімкүл САРЖАНОВА, Онды орта мектебінің мұғалімі