Жуырда Бейнеу ауданындағы Абай атындағы орта мектебінде «Ризашылық» қайырымдылық күніне орай ерекше күтімді және әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға арналған мектепішілік «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акция өтті.
Бұл шараның мақсаты жас жеткіншектерді ұлттық рухта тәрбиелей отырып, адамгершілік, инабаттылық сезімін ояту. Балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, оқушыларды кішіпейілдікке, бауырмалдыққа баулу.
Мерекелік кеште сөз алған мектеп директоры Серік Әділов шара туралы өз пікірін білдірді. Жомарттық - адамның ең тамаша қасиеттерінің бірі. Ол - адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу - өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осындай мақсатта өткізілетін қайырымдылық шара алдағы уақытта әлі де жалғасын таба беретіндігін айтты.
Мектеп ұжымының ұйымдастыруымен өткен акция аясындағы бұл қайырымдылық шарада мектептегі өнерлі де дарынды оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, әуелете ән шырқап, би биледі. Кешке белсене қатысқан оқушылардың барлығы мақтау қағазымен марапатталып, 55 балаға ұжымдағы барлық ұстаздардың және ата-ана Күміс Сламгазиеваның демеушілігімен арнайы сыйлықтар табысталды.
Үміт ҚАЗДАЕВА