Салт-дәстүрді сақтануымен, ұлттық өнерді ұлықтауымен, ата-баба мұрасына құрмет көрсетуімен ерекшеленетін, кез-келген мерекені сән-салтанатымен атап өтетін Жыңғылды ауылында тағы бір тәрбиелік мәні зор шара өтті. Жыңғылды мәдениет үйіне жиналған көпшілік бұл жолы жаңа кітаптың тұсаукесеріне келген еді, еліне еңбегі сіңген азаматтың ісін ұрпаққа насихаттауға жиналған еді. Иә, дәл сол сәтте ақын, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, қаламынан талай қарымды дүниелер туған Светқали Нұржанның редакторлығымен Елбай Қосымбайұлының "Сағанаға жазылған жыр" кітабының тұсауы кесілді. Елбай Қосымбайұлы деген кім деп отырған боларсыз?! Өлкеге белгілі суырыпсалма ақын, жыршы, он саусағынан өнер тамған шебер, сегіз қырлы, бір сырлы Елбай Қосымбайұлы 1900 жылы Жыңғылды жерінде дүниеге келген. Өлеңді жасынан серік еткен Е.Қосымбайұлының «Беттескенде», «Жақсылық пен жамандықтың сипаттары», «Елбайдың термесі», «Жарандар, құлақ салыңыз», «Надандық», «Тәкаппар-менмен туралы», «Мал баққан қара шаруа», «Ұмтыл алға», «Мен жүйрік топтан озған», тағы да басқа өлең-жырлары кейінгілерге мұра боп қалды. Ол — алуан түрлі шеберлікті бойына сіңірген, адамгершілікпен адалдықты ту еткен, сауатты жан. Елбай Қосымбайұлы өзі салған сағана тамдар арқылы өз заманының ащы шындығын астарлап жеткізе білген. Ол халықты оқып, сауаттануға шақырды. Болашақта техникалық жетілген заманның келеріне халықты сендіре білген. Е.Қосымбайұлының жас кезінен ақындық таланты болған, кейін өлең-толғауларын қағазға түсіріп отырған. Жастайынан жан-жақты талант иесі қолөнер шеберлерінің дағдысымен қамшы өріп, ер-тоқым жасап, етік тігіп, темір соғып, бейбіт ескерткіштер тұрғызып, құлпытастар қашап салған. Құдық қазып, оған тастан дере, әйкел орнату, шығыр жасау сияқты шеберліктің бәрін меңгереді. Ағасы Жолбай екеуі тұрғызған тамдарына сол кездегі елге кеңес дәуірі әкелген жаңалықтар – Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Орақ пен Балға сияқты белгі, рәміздер мен бейнелерді ойып салып, ұран өлеңдер жазып, безендіріп отырған. Ағайынды шеберлер қолымен салынған Жыңғылды, Бекі, Қараман ата, Уәлі, Шат жерлеріндегі там-ескерткіштер Елбай Қосымбайұлының шеберлігін айғақтайды. Ол 1931 жылы Адай көтерілісі кезінде қайғылы қазаға ұшырады. Мінекей, көзі тірісінде тірлігінің бәрін еліне арнаған азаматтың артына қалған мұрасын Светқали Нұржан кітап қылып басып шығарды, ал сол кітаптың жарыққа шығуына демеушілік білдірген кәсіпкер Самат Мұсабаев болатын. Мәні мен сәні келіскен шарада сөз сөйлегендер де аз болмады. Кітаптың лентасын кескен ауданның Құрметті азаматы Итемген Орынбайұлы, ата ұрпақтары, қонақтар бұл іске жұмылғандарға алғысын білдірді, иығына шапан жапты. Жиналған көпшілік шара соңында ауыл өнерпаздарының әніне, домбырасынан төгілген күйіне, Е.Қосымбайұлының жырларын сілтідей тынып, тыңдады, қошеметін де аямады. Кейінгі ұрпаққа сөзімен де, ісімен де, ақыл-парасат, өнері мен үлгі-өнегесін қалдырған азаматтардың еңбегін дәріптеуде ұйымшылдық танытқандарға ризашылықпен тарастық.
А.РАХМЕТОВА