Өткен аптаның сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында бақылау комиссиясының III-ші отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Т.Көшмағанбетов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ордабаева, Шетпе селосының әкімі М.Мүтәллапов, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Д.Ақжанова, ауданның белсенді тұрғындарының бірі С.Тәшекенов, блогер Б.Төрекенов, сектор меңгерушісі Ш.Барахатов, аудандық мәслихат депутаты А.Жұмалиев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы М.Оразалиев және аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Қайымова қатысты. Жиында қаралған күн тәртібіндегі мәселенің бірі, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келе жатқан жұмыссыздықпен күрес тақырыбы қозғалды. Бұл жөнінде атқарылып жатқан жұмыспен таныстырған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтк бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Оразалиев былай деді. "Бөлімде тіркелген, аудан әкімінің қабылдауында болған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту үшін аудан аумағына қарасты 18 мекемеге меморандумға отыруға ұсыныс тастадық, оның нақты төртеуінен жауап алдық. Ал жоспар бойынша 53 мекемемен меморандумға отыруымыз керек. Өткен айда өндірістік мекеме басшыларымен де кездесу жасап, барынша жұмыссыз азаматтарды, әсіресе мүжәлсіз отбасы мүшелерін жұмысқа тұрғызуға әрекеттеніп жатырмыз. Ал оқу бітірген жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы өте қолайлы деп ойлаймын. Бұл бағдарламаның аясында 6 ай көлемінде жұмыс жасайды, жалақысы да жақсы", - деді. Отырыста бұдан өзге де өзекті меселелер көтерілді. Ауыл азаматтарының атынан сөйлеген Өтес ауылының тұрғыны Б.Төрекенов «Тұрғындардың негізгі талап, тілегі - ауылдарда көтерілген мәселелердің уақытында қаралуы. Жағдайы жоқ отбасы, жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етілуін назарда ұстасаңыз жақсы болар еді. Тағы да бір айта кететін жәйт, ауыл өнерпаздарының өнерін ұлықтау мақсатында бір-біріне барып, өзара өнер алмасуы болып тұрса, ауыл ішіне салынатын жаяу жүргіншілер жолы сол ауылдың жергілікті тұрғындарымен ақылдасып салынса», - деген ұсынысын аудан әкімі Т.Көшмағанбетовке жеткізді. «Осы жерде қойылған талаптар мен айтылған ұсыныстардың орындалуы бағытына қарай жұмыстануымыз керек. Көппен бірге жұмылып, аудандағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді шешуге алдағы уақытта іс-шаралар қолға алынады. Аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешу жолында әлі де еңбектенетін боламыз», - деп аудан әкімі Т.Жеткізгенұлы жиынды қорытындылады.
Д.АЛИЕВА