©
Бейнеу ауданында елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу әрбір сенбі сайын серпінді жүруде. Көктем келісімен-ақ аудан орталығынан бастап, барлық ауылдарда көктемгі жұмыстар қолға алынды. Көше бойларындағы бұрыннан өсіп тұрған ағаштар мен жасыл желектерге күтім жасалып, ағаш түптері ақталды. Ағаштарды суландыруға ыңғайландырылып, арықтар тазартылды. Ағаш түптері қопсытылып, гүлзарларға көң тыңайтқыштары төгілді. Осындай көктемгі жұмыстардың жүйелі де нәтижелі жүруіне ауданда құрылған штаб басшылық жасап, жоспарланған жұмыстарға бағыт-бағдар беріп отыр. Әрбір сенбілік сайын мекеме, кәсіпорындардың бәрі де ұйымшылдық танытып келеді. Өткен аптадағы сенбілікте де біршама жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде сенбілікке мекеме ұжымдары қатысып, «Атырау-Бейнеу-Ақтау» бағытындағы автокөлік жолының бойындағы жасыл белдеудегі өсіп тұрған ағаштарға күтім жүргізілді. Қатары толықтырылып, тал егілді. Сонымен қатар қоғамдық орындарға, мекеме аулаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, қатты қалдықтар мен қоқыстар сыртқа шығарылды. Бұл тазалық жұмыстарына арнаулы техникалар да жұмылдырылып, көмек көрсетілді. Сөзіміз дәлелді болу үшін аудандық штабтың берген мәліметін келтіргеніміз артық болмас. 2019 жылдың 30 наурызындағы сенбілікке 1500-ге жуық адам жұмылдырылып, 1300-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Алдағы уақытта сенбілік жұмыстары осылайша жалғасын таба беретін болады. Себебі ауданымыздың көгалдануы көркіміз болса, таза болуы мен абаттануы - баршамызға ортақ абыройымыз. Сол үшін көктемгі жұмыстарға ауызбірлігімізді танытып атсалыса берейік, ауылдастар!Кәрісбай ӘДІЛ