Жақында Мұнайлы ауданындағы №1 орта мектепке «Шөп тамыры» жобасының жабылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің екінші хатшысы Харухи Комура ханым мен оның көмекшісі Фариза Усейнова арнайы іс-сапармен келді.
Бұл шараға арқау болған Жапония елшілігінің «Шөп тамыры» атты адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік жобаларға арналған қайтарымсыз көмек бағдарламасы болатын. Айта кетсек, 2017-2018 оқу жылында Мұнайлы ауданындағы №1 жалпы білім беру орта мектебі жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу жобасына қатысып, грантқа ие болды. Бөлінген грант бүгінгі таңда толықтай игерілді.
Жапония елінен ат терлетіп келген қонақтарды мектептің талантты өнерпаздары күмбірлете күй орындап, мектеп ұжымы шашу шашып, ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Бауырсағын қойып, шұбатын құйып, құрметпен тосып алып, үлкен ілтипатпен қазақ халқының қонақжайлығын көрсетті. Шараға аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Гулзада Мурадалиева мен «Маңғыстау Құрылыс Сервис» ЖШС директоры Қарығұл Балниязов та қатысты.
Салтанатты шара барысында қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары көрсетіліп, ІТ сыныбындағы жас жеткіншектердің жұмыстарымен танысты. Ал мерекелік кеште мектеп өнерпаздары ұлттық биімізді, әнімізді орындап, гимнастикамен айналысып жүрген оқушылар жаңа туындыларын көрсетті. Жақсылықтың жаршысы болған Жапон үкіметіне, елшісі Кавабата Итиро мырзаға, хатшысы Харухи Комура ханымға ұжым атынан мектеп директорының міндетін атқарушы Айнагүл Қалекеш алғысын білдірді. Сонымен қатар игі істің жүзеге асуына сапалы қызметін ұсынған «Маңғыстау Құрылыс Сервис» ЖШС директоры Қарығұл Боранбайұлы басшылық етіп отырған ұжымының да еңбегін айтып, ризашылығын жеткізді.
Харухи Комура ханым да мектеп ұжымына өзінің кәде-сыйы ретінде кітаптар мен журналдарын ұсынды. Жоғары сынып оқушыларына Жапония елінің мәдениеті туралы тарихи фильмін көрсетіп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түсуіне көпір бола білді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектеп ғимаратын аралап, жаңартылған жылу жүйесіне жоғары баға берді. Қоғамды дамытудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жылы лебізін білдірді.
Гүлнара БЕКҚАЛИҚЫЗЫ