©
Туған жеріне, туып-өскен өлкесіне деген перзенттік махаббатын ісімен ұштастыра білген Қанат Әбдиев Өтес ауылының бүлдіршіндеріне ойын алаңын тарту етті. Ауыл көркін аша түскен, жақсы іске өз үлесін қосқан азамат туралы бірер сөз өрбітуді жөн санадым.
Көрші үйдің үлкен кісісі дүние салған соң көңілімді білдірейін деп бас сұққанымда, Ақтау қаласында тұратын үлкен ұлы Қанат атасын алыс сапарға аттандыруға келген екен. Қазақтың көп әңгімесі дастархан басында айтылады емес пе? Қанаттың жанында отырған азғантай уақытта айналамда болып жатқан қайнаған тіршіліктің ортасында болғандай сезіндім. Жүрегі «Туған жерім» деп соққан азаматтың ісі талайға үлгі боларлықтай екен. Қолында билігі бар азаматтардың атқара алмаған ісін ешкімге жария қылмай-ақ еріктілердің көмегімен бітіруге тырысқан Қанаттың ісіне ел сүйсінетіндей. Алдына дұрыс мақсат қоя білген адам жоспар да құра біледі. Аудан орталығында балалар ойын алаңын ауыл балаларына тарту етуді жөн санаған Қанат жақсылықтың жаршысы бола білді.
«Бір ауылдың балалары мейірімділікпен, бір-біріне туысқандық қарым-қатынаста ойын алаңында асыр салғанын қаладым» - деген сөзі оның иманы ұйып өскен ортада тәрбиеленгенін көрсетеді.
Көз тартарлықтай етіп жасалған ойын алаңында балаларын жетектеп келген ата-аналардың да демалуына жағдай жасалған. Әсіресе бұл іске бүлдіршіндердің қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Жас та болса біраз нәтижелі ісімен ел алғысын алып үлгерген Қанат Әбдиев өзі туралы көп әңгіме қозғалғанын қаламайды. Қолға алған ісінің бітуіне қол көмегін көрсеткен ауыл азаматтарына алғысын айтқан ол жастарды ауызбірішілікке үндейді.
Күләш ТҮЗЕЛБАЕВА, Өтес аулы тұрғыны
Көрнекі сурет сайт архивінен