Біздің Маңғыстау облыстық ұлттық спорт орталығының негізгі мақсаты – жас сабақтас ұрпақты тәрбиелеу, атадан қалған мұраны ұрпаққа жеткізу. Қазағымның біртұтас ел болып, ат үстінде сырт жау көзден кең байтақ жерін қорғаған батырлар өнегесін насихаттау.
Cалт-дәстүрді терең ұғынып, сегіз қырлы, бір сырлы бола алар жігіт сұлтанын тәрбиелеу. Аталған бағыттар жолында көкпар, теңге ілу, жамбы ату, ат құлағында ойнау, саятшыл бүркітші, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерін ұрпақ жадына сіңіруге күш саламыз. Елбасының жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының ең негізгі біздің салаға қатысты айтылған тұсы – атқа міну мәдениеті болса керек.
Маңғыстау топырағы қашанда баптар атбегі мен жүйрік аттан кем болған емес, оған кешегі тарих куә. Жалпы барлығы тарих пен байланысты болып тұрғаны белгілі. Ежелдегі көзкөрген шалдардың әңгімесінде естігеніміздей, Суынқара, Көкмойнақ секілді асыл текті жылқылардың тұяғы да осы топырақтың қасиетін арттыра түсетіні белгілі. Одан бері жұртшылыққа таныс Адай жылқысының атағы шарықтап тұр. Жаздың ыстығына, қыстың қара суығына, қанша күндік алыс жерге салсаң да төзімді бұл жылқы тегі асыл сүйек халқымыздың дәл өзіндей, мінезіндей. Өркениет қанша дамыса да қазақ үшін жылқының орны өшпейді. Мейлі, технологияның күрделеніп, дәуір алмасса да келер ұрпаққа ат спортын дәріптеп, аман-есен жеткізу – бізге парыз. Елбасының мақаласының тереңінде де осы ой жатқаны анық.
Қанағат СҮЙЕУБАЕВ, Маңғыстау облыстық ұлттық ойындар клубының директоры
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН