Маңғыстау – кіндік қаным тамған жер. Маңғаз далада туып-өссем де, оның табиғаты мен киелі жерлерінің құпияларын көп біле бермеуші едім. Биыл өскен өлкенің тарих-тамырына терең үңілудің сәті түсті. Астана, Алматы мен Шымкенттен ат терлетіп келген бір топ блогермен маңғаз даланың қырлары мен төбелерін аралап, сай-салаларға ат ізін қалдырған едік. «Медиа керуеннің» де басты мақсаты – киелі Маңғыстаудың туристік әлеуетін көрсету болатын. Жоспар орындалды. Кеудені мақтаныш кернеді. Даламыз дархан, көліміз айдынды. Тау мен тасы тұнған тарих. Аспан астындағы мұражай деген атқа лайық. Бұған сапарлап келген меймандардың да көзі жетті. Өткен тарихты өне бойымнан өткізіп, кең даламен бетпе-бет сырласқан сәт естен кетер емес...
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын елбасы осы дархан даламызға қарап отырып жазғандай. Тағылымы мол дүние. Түп тарихын түгендеп, өткенді ұлықтау, сананы жаңғыртып, дәстүрді ұмытпау басты басымдық. Бұған мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында кеңінен тоқталған еді. «Ұлы даланың жеті қыры» сол жарқын бастаманың жалғасы іспетті.
Мақалада ұлтымыздың ұлылығына тағы бір мәрте қанықтық. Ғасырлар қойнауында қалған ғаламат тарих, баһадүр бабалардың ерлігі мен қарға тамырлы қазақтың өзіндік мінезі, болмысы мен келбеті қайта түлегендей. Елбасы жаңа ғасырда ұлт пен ұлысты қайтадан «атқа қондырды» десек артық айтқандық емес. Бірақ бұл сапардың жөні бөлек. Тарихи сананы жаңғырта отырып шексіз ілімге, тың ғылымға, өрлеу мен өркендеуге деген кезекті ұмтылыс.
Елбасы тарихқа терең үңіле отырып, елдің рухани өміріне соны серпін беру үшін бірнеше бастама көтерді. «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын әзірлеу, ұлы даланың ұлы есімдерін жаңғыртып, «Дала фольклорының антологиясын» жасау. Бұл тек бір сыпырсы ғана. Қазақ өркениетінен сыр шертетін телевизиялық туындылар мен көркем картиналардың да өскелең ұрпақ үшін берері мол.
Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады», - деген терең оймен мақаланың нүктесін қойды. Сондықтан мұндай тағылымды, ұлағатты ойларды өскелең ұрпақ кеудесіне түйіп өсуі тиіс.
Тұлпар тұяғы мен қыран қанаты қалдырған бабалардың ізі бүгінгі ізгілікті ұрпақтың жадында мәңгі жасай бермек.
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жансая Исмағұлова