13-14 қыркүйек күндері Сисем атаға және сол қауымдағы ата-бабалар рухына арналған «Сисем – елдің есігі, ердің бесігі» атты жалпыхалықтық ас беріледі. Ел азаматтарының ұйымдастыруымен өткелі отырған шараға 5000-ға жуық тұрғын келеді деп жоспарланған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Ел тағдырына бейжай қарамайтын, ұрпақтың болашағына алаңдайтын орта жастағы азаматтар қырдың үстіндегі Сисем атаға ас беру қажет деп шешім қабылдаған. Бұл өте орынды басталған іс деп есептеймін. Сисем ата қорымы – Маңғыстаудың пантеоны, онда Маңғыстауға танымал тұлғалардың әруағы байыз тапқан қасиетті қауым. Қазақ халқы ата-баба рухын құрметтеп, ас беру дәстүрге айналған», - дейді өлкетанушы Алқажан Еділхан. «Сисем ата қорымы» Маңғыстау ауданының Сайөтес елді мекеніне 35 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. Қорымда елдің игі жақсылары мен маңғыстаулық рубасылар, батырлар мен елге, қоғамға еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері жатыр. Қазіргі таңда қорымда жерленген атақты тұлғаларға қатысты мәліметтер зерттеліп жатыр. «Орынбор, Тбилиси, Алматы қалаларынан Маңғыстауға қатысты ақпараттарды жинақтап, маңғыстаулық тұлғалар жайлы айтылған құжаттарды зерттеп жүрміз. Болашақта Сисем атаның энцеклопедиялық немесе тарихи ескерткіштері мен мағлұматтары жинақталған мультимедиялық бағдарламаны ұялы телефонға орнату жоспарда бар», - дейді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы мекемесінің бөлім меңгерушісі, тарихшы Нұрлан Құлбаев. Сисем ата рухына арналған ас беру аясында ұлттық ойындар ойнатылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ақындар сөз маржанын теріп, қара өлең оқудан сынға түссе, жыршылар ата-баба салтын сақтап, ән мен жырдан шашу шашады. Сонымен қатар киіз үй тігіліп, ошақ бәйге, аламан бәйге өтпек. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болмақ. Айта кетейік, жергілікті халықтың басын біріктіретін, ауызбіршілікті сақтауға, тарихи ескерткіштерді танып, білуге бағытталған ас Сайөтес аумағында өтеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84954,84951"]