Филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, «Харекет», «Жақсы» кітаптарының авторы Омар Жәлел Түпқараған ауданына келіп, «Отан отбасынан басталады» деген тақырыпта семинар өткізді. Түпқараған ауданы әкімінің қолдауымен өткізілген кездесудің өтуіне ауданның азаматы, меценат, депутат (атын атамауды өтінді) қаржылай қолдау көрсетіпті.
Отбасы құндылықтарының қазақ дүниетанымындағы түсініктерін Абай, Шәкәрім арқылы түсіндіре отырып, алдымен адам өзін-өзі тану қажеттігін жеткізді. Адам тумысынан жан мен тәннің (дене) қалауын орындайды. Әңгіме де сонда болып тұр. Кім қайсысының қалауын көп орындайды? Жанын байытқысы келетіндер – көкірегін кеңейтіп, сауатын арттырып, рухани ілім мен білім жияды. Ал тәннің қалауына келгенде көбіміз белсендіміз. Себебі бір нәрсеге ұмтылмай жатып, алдымен «тамақ ішсек» деген құлқынның құрттай қалауынан бастап, «ұйықтап алайын», «ертең де күн бар», осыдан «пайда табайын» дегеннен де асып түсер нәпсінің айтағына ереміз. Содан келіп, жанның қалауы жеңіліс табады. Ондай адамның рухы асқақ тамасы, мәртебесі де биіктемесі анық. Өз өмірінің мәнін де түсінбей, өз өмірінің қараңдығына ғана еріп отырудан басқаға дәрмені жетпейді. Содан келіп, оның өзгеге тәрбие беруі туралы айтпасақ та болады. Сондай ата-анадан қандай бала туылатынын қазақ о баста айтып кетті.
Ендігі кезек жанды байытқан жан да, байытпаған жан да жар табуға жұмыстанады. Қайсысы болса да өз болашағын ойлап, ер таңдау, тектіге үйлену, ұлағатты ұрпақ сүюді ойлайды емес пе? Әлбетте, бұл қалауды, жанды семіртпесек те кәдімгідей қалайтынымыз рас енді. Алайда жақсы жар болу, жақсыны жақсы тауып жатуы сирек. Ерді тек ер таңдайды екен. Бұл бізге семинар жүргізген Омар Жәлелдің жеке патенттеген пікірі емес, қазақтың түсінігіндегі түп санада туындаған. Оны дәлелдеу дің өзі бұрындары артық болса, енді соны да түсіндіру қажет болып тұрғаны.
Сонымен қатар семинарда әулие арқылы, Алланың достары арқылы тілек тілеудің де мағынасы түсіндірілді. Оны «ширк», яғни «серік қосу» деп түсініп жүргендер үшін де: «Алладан жаратылғандар жаратуға бәрібір серік бола алмайды»,– деді ол.
Бала тәрбиесіндегі сіз бен біз жіберіп жүрген кемшіліктер қандай? Біз баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Себебі де сол, ең қиыны да сол адамның өзін тәрбиелеуінен асқан қиыншылық жоқ. Бұл ойға осы семинарда қатысушылардың ішіндегі сөз ұққандары ойлануға тырысқан болуы керек. "Ерге қызмет қылу» дегенді қалай түсініп жүрміз? Әйелдің негізгі жемісі – өзінен шыққан бала. Оның бүкіл тірлігі осы жемістің өсуіне жұмсалуы керек", - дейді ол.
Әке рөлі, әйел міндеті, отбасы берекесінің шарттарын «адам болу» деген ұғымға сыйғызатын семинардан қатысушылар сұрақтарына жауап алды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА