Мақсат - табысы аз адамдарға көмек көрсету. Бірақ көмекке қол жеткізу үшін отбасындағы еңбекке қабілетті адам еңбек етуге міндетті.
Ағымдағы жылдан бастап «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек ШАРТТЫ және ШАРТСЫЗ болып 2-ге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың бірыңғай критерийі – отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы қазіргі таңдағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 35466 теңгенің 50 пайызы, яғни 17 733 теңгеден аспаса табысы аз адамдар болып табылады. Атаулы әлеуметтік көмектің ШАРТТЫ түрін тағайындау үшін отбасының еңбекке қабілетті әрбір мүшесі еңбек етуге міндетті. Мәселен, табысы аз отбасында жұмыссыз жүрген еңбекке қабілетті 2 адам және кәмелеттік жасқа толмаған 5 бала, жеті жасқа дейінгі бала күтімімен отырған анасы, зейнеткер ата-әжесі – барлығы бірге тұрады. Еңбекке қабілетті 2 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда отбасының барлық адамдарына шартты ақшалай көмек тағайындалады. Одан әрі егер де еңбекке қабілетті 2 адамның бірі жұмыстан шығып кетсе, онда ересек адамдарға (еңбекке қабілетті 2 адам және ата-әжесі) тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек 50%-ға қысқарады да осы үш айдың ішінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қайта бармаса толықтай тоқтатылады. Ал кәмелет жасқа толмаған балалар мен бала күтімімен отырған анасына тағайындалған көмек тоқтатылмайды. Сонымен қатар табысы аз отбасының еңбекке қабілетті мүшесі еңбек етіп жүрсе, ол отбасына жоғарыда айтқанымыздай талаптармен көмек тағайындалып, тоқтатылады.
Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісім-шарт әрекет ету мерзіміне (6 ай) тағайындалып, ай сайын немесе әлеуметтік келісім-шартта бекітілген кезеңге біржолғы төлем түрінде төленеді. Біржолғы төлем тек қана әлеуметтік келісім-шарт бойынша міндеттемелерді орындаумен байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй құсын,малын және басқаларды сатып алуға), жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға (алдындағы қарыздарды өтеуге қозғалмайтын тұрғын үй мүлігін сатып алудан басқа) пайдаланылады.
Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек объективті себептер бойынша табыс табуға мүмкіндігі жоқ отбасыларына тағайындалып, өтініш берген айдан бастап, ағымдағы тоқсанға тағайындалып, ай сайын төленеді.
Қарақия ауданы бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 128 отбасы, 631 адамға тағайындалды. Оның ішінде шартты ақшалай көмек 96 отбасы, 508 адамға, 32 отбасы, 123 адам шартсыз ақшалай көмек алды.
Шартты ақшалай көмекке 114 адам еңбекке қабілетті болып тіркелген, оның ішінде 39 адам жұмыссыз, 75 адам бізге дейін жұмысы барлар. 39 жұмыссыз адам ішінде 19 тұрақты жұмысқа орналастырып, 4 адам қоғамдық, 1 адам әлеуметтік жұмыс орны арқылы, 1 адам Бастау-Бизнес оқуына қатысқан. Алайда 14 адам ұсынылған бірнеше лайықты жұмыстан бас тартып, шартты ақшалай көмек қысқартылған.
Шартты ақшалай көмекке тағайындалған Мұнайшы ауылы тұрғыны Рысбаев Бөкенбайды қоғамдық жұмысқа орналастырып, біржолғы ақшалай көмекті /3 ай атаулы әлеуметтік көмек ақшасы/ тағайындап, қазіргі таңда жолдасы өз ісінің шебері Доспанова Ажар /бала күтімімен үйде отырған/ берілген көмек ақшаға осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тігін машинасын сатып алып, қосымша табыс келтіруде.
Шартты ақшалай көмекке тағайындалған Сенек ауылы тұрғыны Алдабергенова Кәмшат - күміс алқа иегері, /6 баласы бар/ 3 жасқа дейін бала күтімімен отырған, жолдасы бізге дейін «Семсер» өрт сөндіру мекемесінде жүргізуші болып жұмыс жасайды. Біржолғы ақшалай көмекті /3 ай атаулы әлеуметтік көмек ақшасы/ тағайындап, 1 ірі қара мал алып, түрлі өнімін пайдаланып отыр. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек өз жемістерін беріп жатыр, оны біз аз қамтылған отбасылардың табыс көлемінің ұлғаюынан көріп отырмыз.
Осылайша белсенді шараларға қатыса отырып, әлеуметтік жағдайымызды жақсартайық.
Өз тілшіміз