©
Тәуелсіздік жылдарында Бейнеу ауданындағы 11 елді мекеннің алтауының тарихи атауы қайтарылыпты. Соның бірі — бұрынғы Каменный поселкесі аталған, Маңғыстау өлкесінің ойы мен қырын жалғап, биік жазықта қоныс тепкен осынау ауыл.
Елді мекеннің ауыл болып іргесі қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған екен. Содан бері бұл ауылды Қалихан Тоғызбаев, Бектұрған Жұмағазин, Нұржан Орахов, Оңайбай Есентурлин, Болат Нәкиев сынды азаматтар басқарыпты. Қазіргі ауыл әкімі — Қайролла Ізжанов.
Еркін ел болған алғашқы жылдарда, дәлірек айтсақ, 1993 жылы 26 ақпанда Бейнеу ауданы әкімінің шешімімен Каменный поселкесі Төлеп селолық кеңесі болып өзгер- тілді. Бұл ауылдың төңірегі шыңырау құдықтарға толы, сол шыңырау құдықтардың бірін аты мәшһүр Төлеп батырдың қаздырғаны орыс саяхатшыларының жазбаларында тарихи дерек болып қалған. Осылайша елді мекеннің тарихи атауы қалпына келтірілді, бұл шындығында сонау жылдардағы рухани жаңғырудың алғашқы бастау нышандары десек болғандай.
Сөйтіп бұрынғы Кеңестің негізінде Төлеп селолық округі құрылып, ауылды дамытудың алғашқы қадамдары жасалғаны күні кешегідей есімізде. От жағып, күл алып, көмір мен қи тасып жағып, қыс бойы отын мен жылудың қиындығын көріп отырған ауыл газдандырылды. Осылайша ауыл тұрғындарының еңсесі көтеріліп, бейнеті жеңілдеген еді.
Тек арғы тарихтағы Төлеп батырдың ғана емес, бергі кеңес кезеңінде өмір сүріп, осы ауылда тұрған, Маңғыстау өлкесінің атақты мұнайшысы, Социалистік Еңбек Ері Әбілғазым Махутовтың аты ауылдағы Каменный орта мектебіне берілген еді. Бұл оқиғалар ауыл тұрғындарының рухын көтерді, ұрпақ тәрбиелеудің ұстын үлгісі болды. Ауылды дамытуға деген оң көзқарастың нәтижесінде тұрғындар атақонысында тұрақтап қалды. Ауыл тұрғындары көбейе түсті, айта кетерлігі — Бейнеудің өзге ауылдары сияқты бұл ауылда да тұрғындар көшіп келушілердің есебінен емес, табиғи өсіммен көбейді, әр үйден жас отбасылар отау боп шықты. Мектеп тарлық ете бастаған соң оған қосымша құрылыс салынды. Одан соң мектепке спорт зал құрылысы тұрғызылып, пайдалануға берілді. Жыл сайын ауылда жақсы істер бірінен соң бірі жүзеге аса бастады. Клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Фельдшерлік-акушерлік пункті салынды. Кейін медициналық пункт дәрігерлік амбулатория болып қайта құрылды. Су тазартатын қондырғы орнатылды, су резервуары пайдалануға берілді. Мешіт салынып, балабақша пайдалануға берілді.
Ауыл алдымен ғарыштық байланыс жүйесіне қосылды. «Билайн», кейін «Теле-2» ұялы байланысы, «Мегалайн» интернет желісі тұрғындардың игілігіне берілді. Бұрынғы әкімшілік ғимараты қайта жарақтандырылып, мектеп-балабақша кешенінің пайдалануына берілді. Жаңа газ тарату стансасы орнатылды. Пошта бөлімшесінде «пост-терминал» қызметі іске қосылды.
Тәуелсіздік алаңына абаттандыру жұмыстарын жүргізу, ауылды көріктендіру жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді.
Жазықта орныққан жайдары тұрмыс кешіп жатқан ауылдың іргесінен бұрын теміржолы өтіп жатса, енді тақтайдай тегіс даңғыл тас жолы өтіп жатыр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Фестиваль шымылдығын татар театры аштыТөлеп ауылының бүгіннен де болашағы жарқын. Алдағы жылы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Каспий Салт» серіктестігі және Польшаның «Кальчук Инвестмент» компаниясымен бірігіп, Төлептен «Жаманайрақты» тұз өндіру комбинатын салуды жоспарлап отыр.
Тұрғындары көбейіп, іргесі кеңейген ауылдың адамдары соңғы жылдары теміржол арқылы беріліп келген электр энергиясының жаз айларында жетімсіз болып қалатыны туралы айтатын. Ауылды бұрынғыдан да жеткілікті жарықтандыру мақсатында үлкен жоба қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Ауылдың тағы бір жаңалығы—ауылішілік су құбырлары тартылып жатыр. Тұрғындардың ұйымдастыруымен мешіт жаңартылып жатыр. Ауылда бұрын 7 шаруа қожалығы болса, тағы да мал шаруашылығымен айналысуға ықыластылар қатары көбейіп келеді. Ауыл тұрғындары Нұрбол Сағынаев, Нұрадин Мекиев, Қолғанат Күртіков мал шаруашылығын қолдауға арналған жобалар бойынша несие алып, шаруашылықтарын бастауда. Айта кетелік, жаңа игілік — облыстық мәслихат депутаты Сәрсенбай Нұрпейіс ауылдан мал суаратын құдық қаздырып берген.
Жоғарыда айтылғандай, Төлеп ауылы түлеп, жаңара түсуде, бұл игіліктер үшін тұрғындар ел азаматтарына айрықша ықыласпен алғыс жолдайды.
Айнахан Есет