Маңғыстау ауданының 90 жылдығы аясында бастау алған «Ауылым - алтын бесігім» ауыл күндерінің концерттік бағдарламасы 20 қыркүйек күні Тұщықұдық, Шебір, Ақшымырау, Қызан ауылы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Бозашы түбегінің өнерпаздары аудан жұртшылығына әннен шашу шашып, мерейтой қарсаңында аудандық спорт мектебінде өткізілген түрлі спорттық ойындарда бақ сынасты. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде түбектің он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ауыл тарихынан сыр шертер бұрыштар жасақталды.
Мерекелік шарада аудан халқын құттықтау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Ж.Айтуаров:
- Құрметті аудан тұрғындары! Астананың 20 жылдығынан бастау алған мерекелік шара біздің облысымызда жалғасын тауып отыр. Биыл бәрімізге белгілі ақмаржан қала - Ақтаудың, ауданымыздың мерейлі мерекелік жылы. Осы мереке аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты ауданның барлық елді мекендерінде ізгі шаралар жалғасын тауып келеді. Маңғыстау аудан орталығында биылғы оқу жылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Маңғыстау ауданында 1992 жылдан бері салынып тұрған білім ордасы 600 балаға арналған. Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде де көптеген шаралар бастау алды. Мектеп, балабақша, су, газ, жол мәселелері ерекше назарда ұсталды. Солардың ішіндегі негізгі басымдық Бозашы түбегіне қарай жүретін жолдарды жөндеу еді. Екі-үш жылдықта басталған Қызан, Ақшымырау асфальт жолын биыл «Алтынқұрық» мекемесі жүргізетін болады. Тұщықұдық, Шебірге қарай жүретін асфальт жолдың да жұмысы басталды. Сонымен қатар Тұщықұдықтағы 90 жылдық тарихы бар С.Жанғабылов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады, Шебір ауылында әлеуметтік қолдауды қажет ететіндерге арналған муниципиалды тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қызан ауылішілік жол құрылысы аяқталды, муниципиалды тұрғын үй пайдалануға берілді, екі ауылға ортақ «Қазба Ақшымырау» су құбыры құрылысы аяқталды. Осылайша мереке аясында әр ауылда ойын алаңдары, спорт алаңдары салынып, халық игілігіне берілуде. Құрметті ауылдастар, міндетіміз тоқсан жылдық тойды дүбірлетіп өткізу емес, алдымыздағы мақсат - болашақ ұрпаққа аманаттап кетер үлкен қызметтер жасау. Осы кезеңге дейін ауылдардың дамуына сүбелі үлес қосқан аға, апаларымыз бүгінгі мерекелік шараға қатысып отыр. Осындай еңбегі ерен азаматтардың еңбегін бағалау, оларға үлкен құрмет көрсету - біздің міндетіміз. Сондықтан алдымыздағы мерейтой құтты болсын, - деді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақыл мен сезімге нәр беретін орын – театрАудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев: - Құрметті аудан тұрғындары, ауданның 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бүгінде өздеріңіз көріп отырғандай ауданның әлеуметтік-экономикасы қарыштап дамып келе жатыр. Аудан 90 жылдыққа қандай жетістіктермен келді, 90 жылдық қандай жаңалықтарымен естерінде қалды дегенде өскелең ұрпақ мақтанышпен айтар үлкен қызметтер жасалынып жатыр. Аудандағы атқарылып жатқан қызметтердің барлығы халық игілігі үшін. Ауданның дамуына сүбелі үлесін қосқан азаматтарды ұлықтау, нысандарды көбейту, өнер саласында еңбек еткендерді ардақтау - біздің парызымыз. Бүгін, міне, ауыл өнерпаздары сіздерге той шашуын шашып жатыр. Тойларыңыз тойға ұлассын, мерекелеріңіз құтты болсын! - деп ақжарма тілегін арнады.
Бұдан соң әр ауылдың өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, би билеп, шараның көркін келтірді. Мәдениет үйінің фойесінде өткізілген көрмеде аудан халқы қолөнер шеберлерінің бұйымдарына қызығушылық танытып, жайылған дастарханнан дәм татты.
Ж.АМАНҚҰЛОВА