Түпқараған ауданы мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан күйші, ақын, журналист Тілеумұрат Қожабеков «Ақ желкен» үгіт бригадасын ұйымдастырып, республикалық ақындар айтысында бірінші орынға ие болады.
Ол сазгерліктен де құр алақан емес еді. Оның туған өлкесіне арнап шығарған «Атамекен» күйі бас жүлдеге ие болғанын да бүгінде естелік етіп айтушылар бар. 1991 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген құрметті атағына ие болса, 1996 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми-зерттеу мақаласы үшін республикалық журналистер сыйлығымен марапатталады. Ақын, журналист, қоғам қайраткері, күйші Тілеумұрат Қожабековтың биыл 70 жас мерейлі тойы. Тірі болғанда аудан басында айтыстан адуынды жыр жүйткітіп, бәйге оздырған, күйін күмбірлететін жетпіс жасының мерейлі тойында төрден өзі табылушы еді. Әттең, арамыздан талай жақсыларды сұраусыз алып кеткен сұм ажалға амал бар ма?! Бүгінде Тілеумұрат Қожабеков көптің жадында қоғамға қызмет еткен саяси тұлғасы болып та, өнердің өз адамы ретінде де халықтың жадында жаңғырмақ. Белгілі азамат туралы редакция поштасына арнайы Өскеменнен келген үзеңгілес замандасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті спорт, мәдениет қайраткері, 20 кітаптың авторы, 7 Олимпиада ойындарына, оннан астам Әлем чемпионаттарына, Азия ойындарына қатысушы Оңдасын Елубайдың естелігін ұсынып отырмыз.
Жүрген жері думан еді
...Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Содан бері жарты ғасыр өте шығыпты. Бұдан 50 жыл бұрын С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскенде мұртымыз енді ғана тебіндей бастаған 18 жастағы бозбала едік. Ол кезде Қазақстандағы жалғыз журналистер әзірлейтін жоғары оқу орнына түсу аспандағы айға қол созумен тең болатын. Біз Никольский базары жанындағы Виноградов көшесіндегі университеттің жатақханасына жайғастық.
Думанды күндер басталды. Бірінші курста жүргенде университет жанынан «Қызғалдақтар» атты ансамбль құрылды. Оның жетекшілігіне тарих факультетінің екінші курс студенті, баянның құлағында ойнап, ән салатын талантты жас Бағдат Әлімжанов тағайындалды. Ал ансамбль жанынан құрылған ұлт аспаптар оркестріне журналистика факультетінің екінші курс студенті, талантты күйші, Құрманғазы атындағы оркестрде біраз уақыт қызмет еткен Тілеумұрат Қожабеков жетекшілік етті.
Өскемендегі қазақ тілінде білім беретін жалғыз Жамбыл атындағы мектеп-интернатта оқып жүргенде домбыра оркестріне қатысқан едім. Бізге консерваторияда білім алған, музыкадан ерекше сауатты Қанабек Алдашев сабақ берді. Ол кезде онға тарта күйді оркестр құрамында ойнаушы едік.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үстірт қорығының таңғажайып әлеміАлғашқы таныстығымыз есте қалыпты.
- Өскеменде тұратын қазақ жастары орыстанып кетті, тіпті ана тілінде тіл сындыра алмайды деп естіп едік. Сенің домбырада ойнауың ұнады. Нота білуші ме едің? Білмесең, үйренгенің дұрыс, - деді Тілеумұрат.
Хош, сонымен өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жетекшіміз бізге Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке», басқа да күйлерді үйретіп ғана қоймай, күй орындаған кезде бес саусақты қалай қолдануы жайлы тәжірибесін бөлісті. Университет ректоры Арыстанбек Жолдасбеков, партия ұйымы атынан көркемөнерпаздар ұжымдарына жауап беретін жаны жайсаң Ғ.Сармурзина апайымыз қолдан келген көмектерін аямады. Сол кезде Алматы маңындағы ауылдарға гастрольдік сапарға жиі шығатынбыз. Тіпті бірде Гурьев облысына бір айға сапарға шығып, жақын маңдағы ауылдарға концерт қойғанбыз. Сол жолы қазіргі Құрманғазы ауданында (орталығы Ганюшкин) гастрольдік сапарда болғанымызда өнер десе, ішкен астарын жерге қоятын жергілікті тұрғындар Тілеумұрат орындаған күйлерге ризашылықтарын білдіріп, бірнеше күй орындағаны есте қалыпты.
Бірер жылдан кейін ансамбльдің аты «Аққу» деп өзгертілді. «Аққудың» өнер әлеміндегі қаққан қанаты жемісін бере бастады. Тілеумұрат оркестрге өзінің жерлесі, Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті, талантты примашы Аманбекті шақырды. Қарапайым, аузын ашса жүрегі көрінетін Аманбек келген соң оркестріміздің жұлдызы жана бастады. Жиырмаға тарта домбыраның ішінде әуезді приманың үні ерекше естілетін. Нотаны жете меңгерген Аманбек ойнаған кезде аспапқа ерекше үн бітетін. Аманбектен басқа оркестрде Берік Шәмшиев деген Тараздың жігіті ойнайтын. Амал бар ма, ол өмірден ерте кетті. Филология, тарих, механика-математика факультетінің өнерлі жастары да «Аққудың» атағының шығуына ерекше үлес қосты.
Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Алматыдағы жоғары оқу орындарының көркемөнерпаздар ұжымдары арасында жыл сайын дәстүрлі өнер конкурсы өтіп тұратын. Оған біз бірнеше ай әзірленетінбіз. Оқу орнының басшылары дайындықты келіп көретін, ақыл-кеңесін беретін. Атақты сазгер, әнші Ескендір Хасанғалиев, күміс көмей әнші Нұрғали Нүсіпжанов бізге келіп, тәжірибе бөлісетін, ақылдарын айтатын. Қысқасы, осыншама әзірлік жемісін беріп, біз бірнеше рет екінші орынды иеленіп жүрдік. Ал бірінші орынды ауыл шаруашылығы институтының студенттері ешкімге бермейтін.
Тілеумұрат білімді, тарихты терең білетін. Кейде бөлмесіне бара қалсақ, жазуын, домбырасын ысырып қойып, әңгіме айтатын. Ілезде шай демдеп жіберіп, ашқұрсақ асқазанымызды тәтті тағамдармен, шәймен жұбататын. Студент кезінде біз Тілеумұраттың айтыс ақыны екенінен хабарсыз болдық. Кейін еліне оралған соң айтысқа қатысып, жүлделі орын алғанын газет-журналдан оқып, теледидардан тамашалаған кезде азаматтың талантына бас идік.
Тілеумұрат досымыз тірі болғанда 70-ке келетін еді. Жер шалғай болғандықтан «Талантты азаматқа жерлестері қандай құрмет көрсетіп жатыр екен?» деген ой мазалайды. Жақында Форт-Шевченко қаласынан Тілеумұраттың жақын інісі, оның талантына бас иетін Рафаэль деген азамат хабарласты. Ағаларын еске алып, мерейтойын атап өтетінін, ол туралы естелік кітап шығаратынын естіп, мерейленіп қалдық. Тілеумұрат Қожабеков қандай құрметке болсын оған лайық азамат. Жүрген жерін ән мен күйге бөлеп, көпшілікке қуаныш сыйлап жүретін абзал азаматтың жарқын бейнесін біз мәңгі ұмытпаймыз. Досымыздың жұбайы, балалары мен немерелеріне ұзақ ғұмыр, сәттілік пен табыс тілейміз!
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен қаласы