"Тұғырымсың, Ақкетік, Түпқараған!" деген атаумен Түпқараған аудандық мәдениет үйінде күйші, сазгер Рафаэль Қарғабайдың шығармашылық кеші өтті. Тұсауын 16 қарашада кескен «Ауыл шаттығы» ұлт-аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен шымылдығы түрілген кешке аудан өнерпаздарынан бөлек, Маңғыстау ішіндегі ақын-жазушылар мен Астана секілді өзге де қалалардан келген қонақтар, мәдениет майталмандары қатысты.
«Адайдың зары», «Бекбаулы ата» сынды күйлердің авторының шығармашылық кеші «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, кеш барысында Рафаэль Сиғалиұлының өз қаламынан туған «Жыңғылды - киелі мекенім», «Белгілі Нұрбаулы атым адайларға», «Құлсары ата» кітаптарының және кеш атауымен аталатын күй жинағының тұсауы кесілді. Өз кезегінде сахна төріне шығып, сөз алған жазушы, «Махамбет» сыйлығының иегері Әбілқайыр Спан жазушының өз туған жері туралы жазуы қиын екендігін, өзінің бұл тақырыпқа біршама қадам басып, қалам тербеп, оның өз көңілінен шықпағандығын айта келіп, кеш иесінің «Жыңғылды - киелі мекенім» кітабы туралы сөз қозғады. «Рафаэльдің Жыңғылдысы жөнін де жазғанын оқып, қызықтым... Сенің өнердің өзге саласына кеткенің жақсы болған. Жазушылыққа түгел бет бұрғаныңда, бізге нан жоқ екен» деп сөз аяғын әзілге бұрған жазушы тілегінен соң, ел аузы дуалы Светқали Нұржан-Айтман ақынға құлақ қойды. «Бабалардан дарыған қасиет қолынан әуелі күй болып шықты, бабалардан дарыған өсиет енді қолынан сөз болып шығып жатыр. Көне шекпеннің өңірінде үзілмей қалған жалғыз алтын түймедей жылтыраған нәрсе көрсе, соның барлығын теріп, халқына ұсынып жатыр. Тәңір жарылқасын» деген ақын кітап тұсаукесерін жасады.
Кеш барысында Рафаэль Қарғабайдың өнердегі шәкірті Ботагөз Сүлеймен Қазтуғанның «Құс қайтаруын» нақышына келтіріп орындаса, өнердегі ұстазы Айтберген Жаңбыршы кеш иесінің күйшілік қыры турасында сөйледі. Ғасырлар бойы қазақтың көңіліне көрік, жанына жалау болып, арман мен мұратқа, сенім мен үмітке үгіттеп келе жатқан асыл мұраны асқақтатқан кеш Поллок туындыларындай уақыт тілі ғана түсіндіріп бере алатын екі ғасырға жуық тарихы бар Түпқараған ауданы тұрғындарының рухани шөлін бір қандырды. Тәңір маңдайымызға тартқан ерекше пешенелі сыйымыздың әлі-ақ өз арнасына қайта толып, жоғалған қадірін табарына дәмелендірді, сенімімізді нығайта түсті.
Өз тілшімізден