«Қазақстанның батыс аймақтарындағы Маңғыстау күйшілерінің өзіндік бір мектеп дәстүрін осы дәуірге ұластырған Мұрат Өскінбайұлының өнеріне де назар аударар уақыт жетті. Соңғы жылдары Алматыға бүкіл Маңғыстау, Үстіртке тараған домбыра тартудың тағы бір ерекше дәстүрін бізге күйші М.Өскінбайұлы алып келді. Мұраттың тартысы біз әңгіме еткен дәстүрлердің өкілдеріне ұқсамайды. Оның репертуарында үш жүзге жуық ірілі-уақты күйі бар. Мұрат тек шебер күйші ғана емес, сонымен қатар ән де айтып, жыр да жырлай алады. Оның кішкене музыкалық тенорлық дауысы бар. Әннің нақысын да, ырғағын да жақсы келтіреді».
Ахмет Жұбанов
Мұрат өзінің «48 жас» атты өлеңінде:
«Жасым бар қырық сегіз, жылым қоян, Бұл дәурен кімге болар дейсің баян?! Таянып жер орта жасқа келіп қалды, Жан-жаққа көзіңді салып, көңіл оян», - деп айтқандай, ол 1903 жылы 1 қаңтарда Маңғыстау облысының бұрынғы Ералы ауданы, Қарақия ойпатының күншығыс жазық бетіндегі «Жетібай құдығы» деп аталатын елді мекенде дүниеге келген. Бұл жер қазіргі Мұнайлы ауданы Жетібай елді мекені.
Әкесі заманында «Адайдың жеті қайқысының» бірі боп атанған Өскінбай Қалмамбетұлы Маңғыстау жеріне аты мәлім әншікүйші, ақын-жырау, сазгер, саятшы, құсбегі, мерген болған екен. Мұрат - Өскінбайдың үшінші перзенті.
1910 жыл Өскінбайдың шаңырағына екі бірдей бақытсыздық әкеледі. Елге келген сұрапыл жұт жарлы үйдің қарасынан айырып, күнелтісін қысады. Жан дегенде жалғыз қосақ жары - Балбибі қайтыс боп, шиеттей балалары да жетім қалады.
1929 жылы Форт-Шевченко ауданы «Фетисов» балықшылық колхозында 1931 жылға дейін жұмыс істейді. 1931 жылы бауырларын Маңғыстауда тастап, Түркменстан Республикасы Бекдашы елді мекеніне қоныс аударады. Мұрат 1931-1932 жылдар Түркменстандағы «Қарабұғаз Сульфат Трест» сартаст кәсіпшілігінде милиционер, 1932-1934 жылдары ауыл советінің орынбасары болып жұмыс істейді. Бірақ Мұрат бос уақытында домбырасын тастамай, әр уақыт өзінің өнерін шыңдай береді. Өйткені ол қай салада жұмыста жүрсе де, өнерге деген құштарлығы басым болды.
1934 жылы Қарабұғаз халық театры жаңадан ашылып жатқан болатын. Сол сәттен бастап Мұрат осы мекемеде әртістік қызметке ауысады. Сол кездері Мұрат көптеген түркмен күйлерін орындап «Қазақ үрені - ұғлы бахщы» атанады. Осы жылдары Мұрат алғашқы рет Алматыға Бүкілқазақстандық көркемөнерпаздар слетіне іссапармен келеді. Мұрат бұл слетте өзінің өнерін көрсетеді. Сол кезде Мұрат алғашқы рет музыкатанушы Ахмет Жұбановпен танысады. Сол жолы Ахмет Мұратты Алматыға қалдырмақ боп, Түркменстан Республикасының басшыларына телеграмма салады. Екі-үш күн өткен соң «Ықтияр етілмейді» деген жауап телеграмма келеді де, Мұрат еліне қайта оралады.
Көп ұзамай 1954 жылдың жаз айында Қазақстанның Түрікменстандағы күндері өтеді. Осы жолы академик А.Жұбановтың арнайы шақыртуымен Мұрат Алматыға қоныс аударып, келген бойда Жамбыл атындағы филармонияға жұмысқа орналасады.
1960 жылы Мұрат жаңадан құрылған «Қазақконцерт» мекемесіне «жеке орындаушы» боп жұмысқа ауысады. Осы жылдары оның өнер жолындағы еңбегінің табысты да, жемісті кезеңдерінің бірі болатын. Ол кезде ҚазССР Мәдениет министрлігінің мемлекеттік тарификациялық комиссиясы 1959 жылғы 17 қазандағы қаулысы бойынша оған «1-категориядағы домбырашы» деген аттестациялық куәлік береді.
1965 жылы Мұрат құрметті зейнеткерлікке шығып, 1967 жылы туған жері Маңғыстауға оралады. Өмірінің соңғы шағын Жаңаөзен қаласындағы Теңге елді мекенінде өткізеді.
1982 жылы 29 қаңтарда ақын-жырау, күйші, халық композиторы М.Өскінбаев 79 жасында дүниеден өтті.
Жаңаөзен газеті №47 (1911)