©
Маңғыстаулық 146 өнерпаз Қазақстанның Түрікменстандағы мәдениет күндеріне қатысады. Бұл шара Ашхабад қаласында 29-30 қараша күндері өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін шараға Маңғыстау облысынан 146 адам қатысады. Олардың ішінде Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі, «Жорға» халықтық би ансамблі, ҚР Мәдениет қайраткері – Амандық Көмеков, Жоламан Көшкінов, мәдениет саласының үздіктері - Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Ақмарал Ерімбетова, Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлдегері – Нұрым Асқанов, Сабит Шектібаев, үлгілі ұжым «Колибри» сән театры да бар.
"29 қараша күні «Ватан» киноконцерт орталығында ҚР мәдениет күндерінің ашылу салтанатты өтіп, көрерменнің назарына дәстүрлі ән-жырмен қатар, эстрадалық жанрдағы репертуар да ұсынылады", - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні Түрікменстанның бейнелеу өнері музейінде Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі қойылады. Бұл жерде түрікмен жұртшылығы Маңғыстаудың сәндік-қолданбалы өнерін, зергерлік өнері мен Қазақстан табиғатының фотокөрмесін тамашалайтын болады.
Ал мәдениет күндері 30 қараша күні «Ватан» киноконцерт орталығында Қазақстан мен Түрікменстан өнер шеберлерінің гала-концертімен жабылады.
Айта кетелік, бұл мәдени шара Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий Саммиті кезінде Н.Назарбаевтың Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның Президенттерімен кездесуінде жоспарланған болатын.
Көрнекі сурет. Түсірген Талант ҚҰСАЙЫН