Ақтауда маңғыстаулық күйші Әлия Қарамұханның «Ақжелең күй - ару саз» атты шығармашылық күй-кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Кеш барысында көп орындалмайтын, ел жадынан ұмыт болып бара жатқан Маңғыстаудың тың күйлерін насихаттады. Шығармашылық кеш 3 кезеңнен тұрды.
- Бірінші кезеңде ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі күйлер орындалса, екінші кезеңде домбыраның басқа аспаппен үндестігін тыңдарманға ұсындық. Ал, үшінші кезеңде шетелдің шығармаларында біздің аспаптың мүмкіндігі көп деген бағытты ұстандық, - деді Әлия Қарамұхан.
Күйшінің айтуынша, күй кешіне өзінің ұстазы, мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұлов Астана қаласынан арнайы келген.
-Әлия Қарамұхан - менің ең үздік шәкірттерімнің бірі. Үлкен жетістіктерге жетті, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Бүгінде біз Маңғыстаудың тың күйлерін зерттеп жатырмыз. Қазіргі таңда 200-ге жуық аттары шықпаған тың күйлерді зерттеп тауып, оны нотаға түсіріп концерттерде, жарыстарда орындап жүрміз. Осы орайда Әлияның еңбегі оразан зор, - деді Жұмабек Қадырқұлов.
Күй кешіне жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Әлия Қарамұхан бір жарым сағат бойы әр күйдің шығу тарихын айта отырып, ерекше шығармаларды орындап шықты.