Ақтауда «Маңғыстау – машайықтың басқан жері» атты айтыскерлер мен дәстүрлі өнер өкілдері арасындағы республикалық командалық айтыс өтті. Дәстүрлі өнер сайысында маңғыстаулық өнерпаздар жеңімпаз атанды - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Республикалық командалық айтыстың тізгінін филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ұстады. Сондай-ақ жарты ғұмырын айтыс өнерін дамытуға арнаған ақын Жүрсін Ерманов әділ-қазылар алқасына төрағалық етті.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев пен Атырау облыстық «Дина Нұрпейсова» атындағы халықтық музыка академиясының ұлттық аспаптар оркестрінің басшысы Бақытбек Мырзағалиұлы өнер сайысының шымылдығын ашып, құттықтау сөзін айтты.
«Бүгінгі киелі Маңғыстаудың төрінде өтіп жатқан ұлттық өнерді дәріптейтін ән-жыр мерекесі, үлкен дода баршамызға құтты болсын! Осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болып, демеушілік танытқан Маңғыстау облысы әкімдігіне алғыс білдіреміз. Өздеріңізге белгілі, көктем айында су тасқыны кезінде Атырау облысына қауіп төнген сәтте маңғыстаулық ағайын үлкен қолдау білдірді. Сол үшін Атырау облысы халқының атынан алғыс білдіремін. Бүгінгі додаға қатысушы жүйріктер мен ұйымдастырушыларға Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы өз сәлемін жолдады. Барша жүйріктерге сәттілік тілеймін!» - деді Бақытбек Мырзағалиұлы.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев айтыс өнері еліміздің асыл қазынасы, өнердің падишасы екенін тілге тиек етті.
«Қазақтай қазыналы халық барда айтыс өнері мәңгі жасай береді. Айтыс ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдерінің командалық айтысы биыл Маңғыстау жерінде төртінші мәрте өткізіліп отыр. Маңғыстау мен Атыраудың бүгінгі топқа қосылған жас ақындары мен өнер шеберлеріне тек сәттілік тілеймін. Осы додаға сонау Алматы қаласынан белгілі айтыс жанашыры Жүрсін Ерманов атамыз арнайы келіп отыр. Белгілі танымал айтыскер Аманжол ағамыз да арнайы ортамызға келді. Екі топқа да сәттілік тілеймін!» - деді Тілеген Әбішев.
Өнер додасына елімізге белгілі дәулескер күйші, профессор Жанғали Жүзбай, айтыскер ақындар Қойлыбай Даулетқанұлы, Серік Құсанбаев, атақты жыршы Елмұра Жаңаберген, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, Айтуған Ырысалды сынды өнер қайраткерлері қазылық етті.
Айтыстың алғашқы кезеңінде әр команда өздерін кезек-кезекпен таныстырды. Сүре айтыста тапқырлығымен көзге түскен атыраулық айтыскер сәл басым түсті. Ал түре айтыс, қайым айтыс, өтірік өлең айтысы, жыршылар мен дәстүрлі ән сайысында маңғыстаулық топ жеңіске жетсе, күй тартысында екі топ тең түсті.
Айтысқа Нұрлан Мұсаев, Зейнетолла Қосымбаев, Абай Жолмағамбетов, Жансейіт Әбіш, Жанболат Алиев, Бейбіт Байжігіт, Ақылбек Тасқара, Оспан Құлсымақ, Жәнібек Жұмабаев, Нұрым Асқанов, Шалқарбай Ізбасаров, Баймұрат Кеңес, Серікбол Панабердиев, Амангелді Панаберді, Батыржан Кәдірбай, Манарбек Дәулетов, Бақытбек Сарсенов, Жәнібек Жәмиев, Берік Амантаев сынды дүлдүл ақындар қатысты.
4 сағатқа созылған өнер додасында маңғыстаулық топ жеңіске жетті. Дәстүрлі өнер сайысының қорытынды шешімін көпшілікке Жүрсін Ерманов өзі айтты.
«Бүгінгі ақындар айтысын зейін қойып тыңдадық. Соның ішінде әсіресі мынау термешілер мен дәстүрлі әншілердің, күйшілердің ең таланттысын тану қиынға түсті. Бір-бірінен өткен жүйріктер. Айтыскерлер барынша ақтарылып, уәжге уәжбен, тапқырлықпен жауап беруге тырысты. Әйтсе де айтыс орта деңгейде өтті. Қайым айтыс бойынша маңғыстаулық айтыскер Абай Жолмағамбетовтің бәсі жоғары болды. Ол қайым айтыстың шартын сақтап, жақсы айтысты.
Көңіліміз де көтеріліп қалды. Алдағы уақытта үлкен сайыстар болады. Бүгінгі жеңімпаз команда сол айтысқа жақсы дайындықпен келуіне тілектеспін. Бүгінгі өнер додасында 139-132 ұпайымен Маңғыстау облысының өнерпаздары жеңіске жетті. Құтты болсын, айналайындар!» - деді Жүрсін Ерман.
Сайыс соңында өнерпаздарға сертификаттар мен қаржылай жүлделер табысталды.