Whatsapp мессенджеріне келген хабарлама сол топта отырған 60 шақты адамның назарын бірден өзіне аударады. «Кім көлік айдап жүр?» - деп сұрайды біреуі оқи сала. «Мен қазір боспын, мен көмектесейін», - дейді екіншісі. Ал үшіншісі: «Мен қазір жұмыста едім, кешке жұмыстан шыққан соң, сіздерге қосылып, қолғабыс етейін», - дейді. Ерте болсын, кеш болсын, қуанышқа толы болсын, қайғылы болса да, әйтеуір, жұмыстарынан нәтиже шығарады бұл топ. Ең бастысы, бұл қозғалыс – қылған көмек, еткен жақсылығы үшін бір тиын ақы алмайды. Ерікті Давид Миникаев пенен ол басқаратын Lider.kz еріктілер қозғалысының мүшелері Ақтауда жоғалған, хабарсыз кеткен адамдарды іздейді. Mangystaumedia.kz сайтының тілшісі еріктілермен сөйлесіп, олардың адамдарды қалай іздейтінін, қандай жоспарлары барын, құзырлы органдар қалай көмектесетінін сұрап, басқа да сауалдарына жауап алды.
Осы жылы қарашаның жиырма төртінде Ақтаудағы Lider.kz еріктілер қозғалысының құрылғанына тура екі жыл толады. Топ жетекшісі Давид әлеуметтік желілерге, сайттарға хабарландыру жіберіп, ерікті боламын деген адамдардың басын қосқан. Еріктілер қозғалысы құрылғаннан бері, өңірде жоғалған 180 адамды тапқан.
«Адамдар туыстарының немқұрайлылығынан да жоғалады. Кейде адамдарды аман табамыз. Кейде жоғын тауып, қуантудың орнына қаралы хабар айтуымызға тура келеді. Егер жоғалған адамның туыстары бізге бір күн бұрын хабарласқанда, оны аман табуымыз мүмкін еді», - дейді еріктілердің басшысы Давид Миникаев.
Давидтің сөзінше, адамдар жазда көп жоғалады. Күн жылы болған соң, балалар қыдырып кетіп, әке-шешесі көз жазып қалатын сәттер болады. Ал қыста адамдардың жоғалуы сиректеу. Ерікті іздеушілер саналы түрде тәуліктің қай мезгілі болса да, күн-түн демей, жоғалған адамдарды іздеуге аттанады. Кәмелет жасына толмаған балалар еріктілердің іздеушілер қатарына алынбайды, өйткені жоғалған адамды іздеу барысында түрлі күтпеген жағдай болып қалуы мүмкін. Алайда олар еріктілермен бірге үгіт-насихат жұмыстарын жасай алады. Жақынын жоғалтқандарға көмектесіп, жанына жылулық сыйлаймын дегендерге жасының үлкен-кіші болуы маңызды емес, бастысы – хал-қадерінше қолынан келген көмекті аямау.
– Менің командам – ең үздік команда. Олардың орташа жасы – 40. Еріктілердің де шаруасы, бала - шағасы, несиесі бар, бірақ олар уақыт тауып, адамдарды іздеуге шығады. Олардың мамандығы әртүрлі: бірі – инженер, бірі – шекара сақшысы, енді біреулері – мұғалім, тәрбиеші, - дейді қозғалыс басшысы.
Еріктілер облыс әкімдігімен, Маңғыстау облысы Полиция департаментімен, Төтенше жағдайлар департаментімен тығыз байланысып, жұмыс істейді. Осы жылы Ішкі Істер министрінің орынбасарының өзі Ақтауға келіп, Lider.kz еріктілеріне Алғыс хат берген.
– Ақтауда осындай еріктілер қозғалысы барына қатты қуанамын. Адамдар жоғалып кеткен кезде, олардың туыстары кімге хабарласарын білмейді. Біз оны полицияға айтамыз. Содан соң олармен бірге іздейміз. Полициялар да біздің қаламыз – Ақтауда, облыста жоғалған адамдарды іздейтін еріктілер қозғалысы барына риза. Біреуіміз оқимыз, біреуіміз жұмыс істейміз, сонда да уақыт тауып, адамдарды іздеуге шығамыз. Қоғамға бей-жай қарамайтын адамдардың, әсіресе жастардың қатарымызды толықтырғанын қалаймыз, - дейді Айтуар Қарақұлов.
Lider.kz еріктілер қозғалысы облыста, қалада жоғалған адамдарды іздеп қана қоймай, осы жылы Қазақстанда болған су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдарды Ақтаудағы пункттерге орналастырып, эвакуация жұмыстарына көмектесті. Азық-түлік, дәрі-дәрмек тасып, жаны күйзелген жұртқа қолдауын аямады. Адамгершілік кредосын бірінші орынға қойған еріктілер үйлерін су шайып кеткен азаматтарға көмектескен барша жұртқа алғысын айтады. Ең бастысы, Lider.kz-ке халық сенеді.
«Әрине, ең бірінші, жоғалған адамның дені сау, аман-есен табылғаны қуантады. Екіншіден, осы топта мейірімді, ақкөңіл, адамдарға көмектесуге құштар жандардың бары қуантады. Біздің топтың жастары, мектеп оқушылары да қолынан келгенінше көмектеседі», - дейді қозғалыс мүшесі Ақмоншақ Дәрібаева.
Еріктілер қандай жобаға қатысса да, қаржы керек болатынын айтады. Олар айналадағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, ниеті ақ, көмектесем дейтін адамдарды қайырымды іске атсалысуға шақырады. Бұл – күш біріктіріп, бітер іске ортақ болып, жұдырықтай жұмылуға әрі таптаурын түсініктерді жойып, ел болып ұйысуға тамаша мүмкіндік.
Бұдан бөлек, Lider.kz әлеуметтік жобаларға да өз үлесін қоса алады. «Ерекше балалардың ата-аналары» кеңесімен бірігіп, еріктілеріміз мүгедек, науқас балаларға Жаңа жыл мерекесінде сыйлық береді. Олар «Қауіпсіз аула» жобасында қаладағы үйлердің тозығы жеткен, қираған ойын алаңдарын, аулаларын көрсетіп, Ақтау қаласы әкімдігіне жазып, назар аударуын сұрайды. Бұл жобаның мақсаты – балалардың, қарттар мен мүгедек адамдардың еркін жүріп-тұруына, көшеде қорықпай серуендеуіне барынша жайлы жағдай жасау. Еріктілер қозғалысы, бұл жағынан, тек полиция, төтенше жағдайлар департаментіне ғана емес, жергілікті атқару органдарына да қолғабыс етеді.
Еріктілер адамдар жоғалмаса екен деп тілейді. Жоғалып кетсе, табылғанша уайымдап, амандығын тілейді, келер күннен үмітін бір үзбейді. Ақысыз еткен еңбегі психологиялық, физикалық жағынан қанша қиын болса да, түбі жақсы болса екен деп, бір дамылдамайды. Топ мүшелерінің саны қайырымды жандармен толғанын қалайды. Жақынын жоғалтқан жандарға барынша көмек қолын созғысы келеді. Давид айтқандай, басқалар секілді олардың да отбасы, балалары, несиесі, жеке шаруасы, хоббилары бар, әйтсе де еріктілерді біріктіретін түсініктер: мейірім, гуманизм – ізгі қоғам құрудың алғышарты. Айналасына мейіріммен қарайтын осындай адамдар біздің қасымызда жүр. Ендеше, осындай еріктілер барда ізгі қоғам құру үшін ешқандай шектеу кедергі бола алмайды.
Жарас МАҚСАТҰЛЫ