Ақтау атырабын әнге бөлеп, қоңыр дала үніне өзіндік сән беріп, тамылжыған даусымен тәнті еткен талантты тұлға Гүлнар Құлсариеваның шығармашылық кеші көрермен көңіліне жылы шуақ ұялатты. Рухани кеш сәрсенбінің сәтінде филармонияның төрінде өтті. Салтанатты шараға аяулы әнші қызын ардақтай, сазгерін құрметтей келген дүйім жұрт жиналды. Олар мөлдір муза әлемінің падишасына айналған апаның әсем ән-әуендерімен сусындап, кеш иесінің мерейін үстем етті.
Гүлнар Орынқызы сонау 1980 жылы 8-сыныпты тәмамдаған соң, Гурьевтегі музыка училищесіне музыка-фортепиано мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1986 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Бертін келе, Жетібайдағы мектептің музыка сыныбына жас маман ретінде қабылданады. Бүгінде еңбек жолын есептеп, жіпке тізсек, 30 жылдан асып жығылады. Оның алғашқы сатысында Ақтаудағы «Болашақ» балабақшасында музыка сабағы бойынша дәріс бергенді. Өскелең өрендерге музыка мәдениетінің мәні мен мағынасын ұғындырып, ұлттық әннің әрін ашып жүргендігі өз алдына біртөбе.
Ал бүлдіршіндер арасында өтетін жыл сайынғы «Жауқазын» фестивалінің ұйымдастырушысы екені ел есінде. Мамандыққа деген шексіз құштарлығының артуына отбасындағы 12 баланың барлығының да өнерге бейжай қарамай, ұлттық құндылықтың құнарымен сусындап өскені ықпал етті деуге болады. Өзінен кейінгі өкшесін басып келе жатқан Рахила атты сіңілісі Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде дирижерліктен сабақ беретіндігін де сұxбат барысында Гүлнар апа тілге тиек етті.
Талантты өнерпаздың әкесі, аймаққа әйгілі домбырашы, өнер киесі дарыған қасиет иесі Орын Құлсариев – «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының еңбегі сіңген қызметкері», Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері. Бүкіл ғұмырын осы қасиетті домбыра құдіретіне арнаған Орын ақсақал ұл-қыздарының барлығын да бала күндерінен өнермен сусындатып еді. Солардың ішінде де Гүлнардың орны бөлек. Оның таланты сан қырлы: әрі пианино дүлдүлі, әрі ән мен саздың жүйрігі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойының шеңберінде өткізілген шығармашылық кештің ерекшелігі де сонда, қаладағы №34 балабақшада музыка пәнінен сабақ беретін Гүлнар ханымның ерекше қабілетін елге жария етуде болса керек.
Саxна шымылдығы Гүлнар апаның сазы мен ақын Ғалым Әріптің сөзіне жазылған «Құтты болсын, тойларыңыз» әнімен ашылды. Кең залда өнер дүлдүлін қошеметтей келгендердің қарасы қалың болды. Сахна төріне көтерілген Гүлнар апа бала кездегі ескірмейтін естеліктерімен бөлісіп, адам болып қалыптасуына ата-анасының ықпалы зор екендігін айрықша құрметпен жеткізді. Залға жайғасқан жақындарына гүл дестесін ұсынып, ата-ана абыройын асырды.
– Қайырлы күн құрметті өнерсүйер қауым! Бүгін, міне, сіз бен біз әдемі, өнердің құдіреті – ән кешінің қонағы болып отырмыз. Кешке қош келдіңіздер! Осы кешке жиналып отырғандардың көбі біледі, Гүлнар Орынқызы әнмен өрілген, күймен төгілген Маңғыстау мен исі қазақ жұртына белгілі Орын ағамыздың отбасында дүниеге келген.
Өнерде өз ынтасымен ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, одан кейін Маңғыстауға белгілі сазгер ретінде көптеген шығармалар шығарып, өз тыңдармандарын тауып келе жатқан өнер иесі.
Сол өнер иесі Ақтау қаласының мерейтойына арнап кеш өткізіп жатқанын облыстық мәдениет басқармасы үшін үлкен мәртебе деп білеміз. Гүлнар Орынқызы өнер колледжін, одан кейін Атыраудағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, туған жеріне оралып, педагог-ұстаздықпен айналысты. Өнерпаз шәкірттер тәрбиеледі. Одан кейін сазгерлікпен айналысып, талай кең тынысты және дәстүрлі лирикалық дүниелерді туындатса, бүгін сол тыңдармандарына арнап кеш өткізіп жатыр. Әндеріңіз қалықтап, тыңдармандардың жүрегінен орын алады деп сенім білдіреміз. Деніңіз сау, отыңыздың басы аман болсын. Шығармашылық шабытыңыз шарықтай берсін, – деп ыстық лебізін жеткізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина өнер иесіне гүл шоқтары мен сый-сияпат ұсынды.
Ақтау қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлжазира Алдашева: – Бүгінгі кеш – ерекше кеш. Себебі Орын сияқты керемет ағаның отбасында өскен Гүлнар апамыздың кеші. Гүлнар апамыз тек қана керемет сазгер, әнші емес, сонымен бірге өз әндеріне мәтін де жазатын ақын екені белгілі. Ол – біздің ұлтымыздың тәрбиешісі. Яғни ұлтымызды қалыптастырушы үлкен әріптен басталатын ұстаз. Бүлдіршіндердің саз бен әнге деген таза махаббатын бойына қалыптастыру жолында еңбек етуде. Гүлнар апамыздың әндері әр тақырыпта табиғат та, лирика, махаббат та бар. Махаббаттың ең үлкені – туған жеріңе, туған қалаңа деген махаббат. Көптеген Ақтау тақырыбына шығарған әндерін бүгінгі таңда қала тұрғындары сүйіп тыңдайды. Ол осы әндерімен көпшілікке таныс, олардың махаббатына ие, – дей келе қала әкімі Ғалымжан Ниязовтың алғыс xатын кеш иесіне табыстады.
Табиғаттың сан түрлі құбылысына қалам тербеп, ішкі жан дүниені нотаға салып тербету терең толғанысты, тебіреністі қажет ететін, содан ләззат алар шығармашылық шыңы. Мұндай бағындырған биіктері баршылық автордың кешінде лирикалық, патриоттық әндерден бастап, түрлі жанрды қамтыған ән-әуендер әдемі орындалды. Олардың қатарында Мұрат Өскінбаев атындағы филармонияның өнерпаздары: ҚР Мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов, мәдениет саласының үздіктері Асқар мен Асанәлі Көшеровтер, жұлдызды әншілер Нұрияш Оспанова, Аида Бәйгелова, жас таланттар Ақмарал Арғынқызы мен Бердібек Құлғараев, Мерей Жанайбай мен Жұпар Садақбаева, Айнұр Омарова т.б. сазгер репертуарындағы тың тынысты жаңа дүниелерді нақышына келтіре орындады. Гүлнар апа әуен жазған өлеңдер ішінде көрнекті ақындар М.Мақатаев, Т.Медетбек шығармалары бар.
Әсіресе көп әндер белгілі ақын, аяулы апа, марқұм Гүлжауһар Сейтжанның өлеңдеріне жазылған екен. Сазгердің бұл ретте ұлттық дәстүрге негізделген өлең мәтіндеріне айрықша мән беретіндігі аңғарылады. Сонымен қатар Абыл атындағы өнер мектебінің балалар хоры, оның құрамында өзге ұлт өкілдері де бар, қол ұстасып билеп тұрып шырқаған тамаша ән де өте жарасымды әрі әсерлі болды.
Облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Ғалым ағаның біраз өлеңдеріне Гүлнар апа әуен жазып, бүгінде араларында жылы шығармашылық байланыс орнап келеді. Кеш иесі мен ақын Ғ.Әріптің бірлескен «Ақтауым» әні көрермен тарапынан ерекше қошеметке ие болды. Маңғаз Маңғыстаудың бізге беймәлім сыры мен құпиясын көмкерген тамаша ән көрерменнің делебесін қоздырып, рахатқа бөледі. Қос тұлғаның өнер әлеміндегі қолтаңбасы да ерекше. Бірлікте жазылған тың туындылары ұлт руxаниятының музыкалық қазынасына барып қосылып, өлеңге деген көпшіліктің іңкәрлігін арттырары анық.
Кеште өнер иесін қолдап келген балабақшадағы қызметтес әріптестері сөз алып, ыстық ықыластарын жеткізді, тартуларын табыс етті.
Мәдени шара Ақтау тұрғындарына ән мен саздан ерекше күй сыйлап, шабытқа, шаттыққа бөлегендей. Жақсыны көрмекке келген ағайын сый-сияпат табыстап, аяулы сөздерін арнап жатты. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, осындай тамаша кештер арқылы табиғи таланттарды танып, оларды бағалай білсек, нұр үстіне нұр. Ал Гүлнар Құлсариеваның тек ауыл-аймаққа ғана емес, республика өнерсүйер қауымына да жария етуге лайық дарын иесі екендігіне кешке жиналған өрелі қауым куә болды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ