Ақмаржан Ақтау биыл 55 жылдық мерейтой құшағында. Сүйікті қаламыздың мерейлі мейрамына өнерден де шашу шашылып, мерекелік шаралар бірінен соң бірі болып жатыр. Күні бойы жұмыстан шаршаған жұрттың кешке көңіл сергіту үшін баратын мәдени орындар да, шүкір, баршылық. Ән-күй тыңдап, рахатқа кенелгісі келгендерге көрікті шаһардың әсем атымен аталған «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі өз өнерімен тарту жасады.
«Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі 2004 жылы марқұм Қуат Қонашовтың жетекшілігімен Абай мәдениет үйі жанынан ашылған болатын. Құрылғанына бір-ақ жыл болғанына қарамастан бұл ұжым Болгарияның София қаласында өткен Халықаралық «Софийская весна» фестиваліне қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлап келген-ді. Бұл еңбекпен келген олжаның басы еді.
Қаланың барлық мерекелеріне, өңірімізде болып жататын алуан түрлі шараларға белсене қатысатын ансамбльдің репертуарында халықтық және шетелдік классикалық шығармалар бар. Ансамбль мүшелерінің репертуарында халық әндері мен Қазақстан сазгерлерінің және жергілікті сазгерлердің де әндері қамтылған. Сонымен қатар «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен жеке орындаушылардың шығармалары, яғни жеке қобызда, жеке домбырада, жеке флейта, трио, дуэт, термешілер де бар. Бірнеше мәрте қалалық, облыстық байқаулардың жүлдегері болып жүрген өнерпаздар «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестиваліне халықтық номинациясы бойынша қатысып, өзінің сан қырлы кәсіби ансамбль екенін дәлелдеген болатын. Бұл ұжым осы уақыт ішінде халық алдында өзінің үш рет есеп беру концерттік бағдарламасын және ансамбльдің құрылғанына 5 жылдығына арналған «Бізге—5 жыл» атты шығармашылық концерт ұйымдастырды.
Абай мәдени-демалыс кешенінің «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би ансамблі Халықаралық ғылыми конференция және Түркі елдерінің мәдени мұралары атты фестиваліне қатысуға өз ұсыныстарымен қатысқан еді. Түркменстан Республикасының Президентінің және ғылыми академиясы, Мәдениет министрлігі, Шетелдік қатынастар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған үш күнге созылған фестивальға Түркия, Өзбекстан, Башқұрт, Гагауыз, Қазақстан және Түрікменстан елдерінің өнер шеберлері қатысып, олар өзара шығармашылық, рухани тәжірбие алмасты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Гвоздь» және «Өркен» театрларының мерейтойы өттіӨнер ұжымының жетекшісі Айсұлу Атабаева Атырау музыкалық училищесін домбыра аспабы бойынша, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ дәстүрлі өнер кафедрасын оқытушы, оркестр әртісі мамандығы бойынша бітірген. Жаңаөзен қаласындағы өнер мектебінде домбыра аспабының оқытушысы, Маңғыстау облыстық филармониясының жанынан құрылған Абыл Тарақұлы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің, «Ақтау сазы» фольклорлық ансамблінің құрамында домбырашы болып қызмет атқарған ол екі жылдан бері осы ұжымды басқарып келеді.
Өз ісінің хас шебері атанған Айсұлу Мұқашқызы ұйытып отырған осы ұжымның жақында ғана берген концерті Құрманғазының «Балбырауын» күйі және әріптестері «Жорға» би ансамблінің биімен ашылды. Айтқали Жайымов пен Жасұлан Таласбаев «Маңғыстауым мақтаным» әнімен әсем кешті жалғастырып әкетті. Ал Ж.Таласбаев Сүгірдің термесін орындағанда көрермендердің қошаметі ерекше болды. Жадыра Болатова, Майра Шакаманова, Нұргүл Бекібаева, Ғабит Бермағамбетов, Ұлмекен Бекшиева ән-күйлерімен көрермендерін тәнті етті. «Ақкербез» би ансамблінің бишілері де концерттің ажарын аша түсті. Ал өнер мерекесіне келген ақтаулықтар ризашылықпен қол соғып, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="64834,64833,64832"]