«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарих қойнауында жатырған ерлерімізді анықтап, елдігімізді танытуға негізделген шаралар жүзеге асуда.
Жуырда «Ескі Бейнеу» қорымының іргесінен тәуелсіздік дәуірінде бөлінген «Батырлар алаңына» ерлігі аңызға айналып, есімі ғасырлар бойы ел жадында сақталған ер Лабақ Жиенқұлұлының ұрпақтары еңселі ескерткіш тақта (стелла) орнату салтанатын ұйымдастырды. Жиынға облысымыздың орталығы Ақтау қаласында, ауданымызда тұратын, ата салтымызға сай ынтымағы зор, қонысы бөлек болса да тілегі бөлінбеген Құнанорыс ұрпақтары, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиында сөз бастаған Бейнеу ауданының құрметті азаматы Б.Әзірханов алғашқы рет 2016 жылы Есек мерген мен Атағозы батырдың ескерткіш тақтасы орнатылған алаңға биыл ер Лабақтың еңселі ескерткіш тақтасының (стеласының) бой көтеруі бүгінгі қоғам мен болашақ ұрпаққа ғибраты мол игі шара болғандығын айтып, көпшілікті құттықтады. Одан кейін сөзге шыққан бүкіл елімізге танымал ақын Сабыр Адай көпшілікке өз ойынмен ұсыныстарын жеткізді.
- Атағозы батыр он сегізінші ғасырдың алғашқы жартысындағы «Ақтабан шұбырынды» заманында, Сауран айналған аталарымызды ежелгі атажұртымыз Маңғыстау жеріне қайыра қоныстандыруға асқан ержүректікпен батыл қадам тастауымен тарихтан ойып орын алған сүлей батыр. Атағозы батыр Айтқұлұлының 40 мыңдай қазақ, қарақалпақ сарбаздарынан құралған жасақпен Үстірт, Жем-Сағыз бойын басқыншылардан азат етіп, қалмақтарды Еділден ары асырып, қалмақ ханы Церен Дондуктің жасағын күйрете жеңгені жайлы деректер Ресей мұрағаттарында сақтаулы. Ендеше, он сегізінші ғасырдың басында өмірге келген атамыз ер Лабақ Атағозы батырдың сенімді жауынгер інісі, ол басқарған жасақтың ерен ері, жүрекжұтқан сүлей батыры болғаны анық. Бұған жорық ақындарынан бізге құнды мұра болып жеткен жалынды жырлар куәлік етеді. Атоғозы батыр:«Лабақта үш батырдың жүрегіндей жүрек, үш палуанның қайратындай қайрат, күрең тұлпарда үш аттың қайраты, төзімділігі, шабысы бар», деген сөзді айтуы жайдан-жай емес, - деді ол. Ұлтжандылығымен бүкіл қазақ елінің сүйіспеншілігіне бөленген саңлақ азаматымыз, арқалы, ақиық ақынымыз сөзінің соңында ер Лабақ атамызға арнау өлеңін асқақ рух, зор шабытпен оқыды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау ауданы тәуелсіздік жылдарындаЖиында сөз алған ақтаулық Бақтыбай ата Жолдасбаев, Ақмұрат Өтепов, Көптілеу ақын Ізтұрғанұлы, бейнеулік Тайыр Дәрментаев, Мәтжан Нұрмағанбетов сөз сөйлеп, батыр ұрпағы Бейсен Нығметұлы өлең оқып, жұртшылықты жігерлі әсерге бөледі.
Ер Лабаққа ескерткіш тақта орнату Бейнеудегі Құнанорыс ұрпақтарының бүгінгі ақылман абыз атасы, жасы 90-ға таяған Мәтжан аға Нұрмағанбетовтың ұсынысымен қолға алынған болатын. Құрылысты көптеген ізгі шараларды сәтті жүзеге асырудың басы-қасында жүрген ауыл белсендісі Тайыр Дәрментаев бастаған топ өкілдері шеберлікпен қарқынды жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтап, төңірегіне гүл егіп абаттандырды. Ескерткіштің бой көтеруіне Құнанорыс ұрпақтары арасындағы қолы ашық жомарт азаматтар демеушілік жасады.
Ескерткіш тақта алдындағы жиыннан кейін ер Лабақ рухына арнап садақа беріліп, Құран қатым етілді. Қонақтар мен ауыл ақсақалдарына салт-дәстүрімізге сай сыйқұрмет жасалды.
Қартбай ҚОЖАЕВ