©
Маңғыстау облысында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасының Жарлығын орындау және қазақ әліпбиіне көшу мәселелерін, латын графикасындағы жаңа әліпбидің емлесі ережелерінің жобасын түсіндіру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, облыстың аудандары тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бейсенбі күні қазақ филологиясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Нұрдәулетова мен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының бөлім басшысы Айгүл Ықыласқызы Қарақия ауданында болып, аудан тұрғындарымен, мемлекеттік органдар мен өндірістік кәсіпорындар қызметкерлерімен кездесу өткізіп, латын графикасындағы жаңа әліпбидің емлесі ережелерінің жобасын түсіндірді. Жаңа қазақ әліпбиіне көшу мәселелеріне кеңінен тоқталып, кездесуге қатысушыларды республика бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті.
Жиынды Қарақия ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Айдар Атадосов жүргізіп, қатысушылардың ұсыныстары мен сұрақтарына кезек берілді.
Аудан жұртшылығы жұмыс тобы мүшелерін зейін қойып тыңдап, өз ой-пікірлерін білдіріп, жаңа әліпбиге көшуді қолдайтындығын, жаңа әліпбиге көшу дайындық жұмыстары туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, алдағы қараша айының 14 күні жаңа әліпби бойынша жалпыхалықтық диктант өтеді. Жұмыс тобы бұл жөнінде толығырақ хабарланатындығын айтты.
Шынар КЕНДІН