Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қоныс колониясында сотталғандар көктем мен жаңару символы - Наурыз мерекесін атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аталған департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Әйелдер әдеттегі киімдерін жарқын және мерекелік ұлттық киімдерге ауыстырды. Аумақта көктемгі атмосфера орнады. Сахнада сотталғандар ән айтып, домбырада ойнады. Шара барысында барлығы мерекенің басты тағамы - Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты.
Сондай-ақ, бір жағы алтыбақанда тербеліп, бірі спорттық сайыстарға жиналды. Сотталғандар өздерінің күштерін сынау үшін гір көтеру мен қол күресте жарысты.
- Сотталғандар үшін бүгін мекемеде мерекелік іс-шара өткізілді. Бұл мәдениетті тәрбиелеуге, рухты көтеруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді, - дейді №43 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және психологиялық-әлеуметтік жұмыс бөлімінің бастығы Ерлан Мукишов.
Мереке соңында жазасын өтеушілер үлкен мерекелік дастархан басына жиналды.