Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Динара Жұмашева Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Динара Жұмашеваның «тарих пәнінің мұғалімі» және «заңгер» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар.
Еңбек жолын 1997 жылы Орал қаласындағы №27 орта мектептің мұғалімінен бастап, 1998-2001 жылдар аралығында түрлі мекемелерде заңгер-кеңесші, корректор қызметтерін атқарған.
2002-2006 жылдар аралығында Маңғыстау облысының білім департаментінде бас маман, 2006-2007 жылдар аралығында тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында бөлім бастығы, 2007-2009 жылдар арылығында аталған басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2009-2010 жылдар аралығында облыс әкімдігінің білім басқармасының тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы, 2010-2011 жылдар аралығында Ақтау қалалық білім бөлімінің бастығы, бұдан соң 4 жыл бойы Маңғыстау облысының білім басқармасының басшысы болды.
2015 жылы облыстық техникалық және кәсіптік білім берудің оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері, 2015-2017 жылдар аралығында облыс әкімдігінің «Тілдерді оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру» өңірлік орталығының директоры, 2017-2018 жылдар аралығында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының облыстық филиалының директоры қызметтерін атқарды.
2018 жылдан 2022 жылдың наурызына дейін «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының бас директорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі кеңесшісі болып еңбек етті.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев ұжымға басқарманың жаңа басшысын таныстырып, жұмысына табыс тіледі.