Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті болып Бекнұр Балиұлы тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шараға «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Жұбатқанұлы, облыстық самбо федерациясының атқарушы директоры Серік Рзабекович және бапкерлер қатысты. Алдымен Серік Рзабекович Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті куәлігін Бекнұр Балиұлына, ал вице-президенті куәлігін Манарбек Бисекеновке табыстады.
«Бұған дейін самбо федерациясының президенті болған Айдос Ақжанов республикалық федерацияға вице-президент болып тағайындалды. Осыған байланысты облыстық самбо федерациясы мүшелерінің келісімімен жаңа басшы тағайындалып отыр. Бекнұр Балиұлы осы уақытқа дейін спорт жанашыры ретінде саланың өркендеуіне үлес қосып, қолдау білдіріп келген азамат. Сондықтан да самбо күресін өз деңгейінен түсірмейтініне сенімдімін», - дейді «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Жұбатқанұлы.
Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Шетпе, Маңғыстау аудандарында самбо күресінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Жас спортшыларға білікті бапкерлер білім беруде. Облыстық құраманы жасақтау үшін аға-жаттықтырушылар жиі оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Соның нәтижесінде самбошылар ҚР чемпионаттарына қатысып, нәтиже көрсетіп жатыр. Атап айтқанда биыл самбошы Мерейлім Кеңесбек пен Нұркен Домбаев әлем чемпионатына жолдама алып үлгерген.
«Маңғыстау облысының самбо федерациясы алдағы уақытта самбо спортын әлемдік, республикалық деңгейде дамуына үлес қосады. Осы ретте облыстан елдің көк туын желбірететін спортшылардың шығатынына сенімдімін», - дейді Маңғыстау облыстық самбо федерациясының президенті Бекнұр Балиұлы.
Айта кетейік, ертең Маңғыстауда Иса Досан жүлдесіне арналған VI самбо күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталады. 500-ге жуық спортшы қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир барлық санитарлық талапқа сай өтеді. Әр спортшының күресетін уақыты арнайы белгіленген. Барлық төреші жарыс барысын және санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайтын болады. Жарыс көрерменсіз өтеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН