Маңғыстаулық спортшы Райымбек Шынтай киокушинкай каратэден өткен әлем чемпионатында жүлделі ІІ орын иеленді,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әлем біріншілігінде Маңғыстау облысынан үш спортшы бақ сынап, нәтижесінде Райымбек Шынтай күміс жүлде алды. Ол 16-17 жас аралығында 65 келі салмақ категориясында бақ сынаған.
- Райымбек 4 кездесу өткізді. Алғашқы үшеуінде қарсыластарына дес бермей, жеңіп шықты. Төртінші кездесуде өзіміздің елден барған теміртаулық спортшыға есе жіберді, - дейді спортшының жаттықтырушысы Берекет Нұрбаев.
Киокушинкай каратэден VI әлем чемпионаты 4-5 маусым аралығында Испанияның Валенсия қаласында өткен. Оған әлемнің 39 елінен 465-тен астам спортшы қатысқан.
Жарыс төрт санат бойынша әйелдер мен ерлер, жастар мен жасөспірімдер арасында әртүрлі салмақ дәрежесінде өткен.