© Талант ҚҰСАЙЫН
Mangystaumedia.kz редакциясы 2021 жылда халық талқысына түскен дауларға шолу жасады.
Еңбек дауы
Маңғыстауда жиі болатын даулардың бірі – еңбек дауы. Мәселен 2021 жылда 23 компанияның қызметкерлері еңбек дауына ұшыраған.
Бәрінің де талабы бір – жалақыны көтеру.
Өңірде 2021 жылы шаруалар үшін қиынға соқты. Жер көктемей, мал азығы алғашында тапшылық тудырды. Кейін жем мен шөп жеткізілсе де, оның бағасы шаруалардың қалтасын қақты. Әлі күнге дейін жағдай оңалмады деген мал баққан азаматтар жылдың соңында ауыл шаруашылығы министр Ербол Қарашөкеевке барды. Талабы – Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялап, мал азығын қолжетімді бағада жеткізу.
«45 – ягодка опять»
50 мың теңгеге облыстағы басшыларға әтір сыйлап, «Махаббатизм» құрамын деген Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы шенеуніктің әңгімесі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Ол уақытта Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қуанышбеков қызметке жақында ғана тағайындалып, 3 ай сынақ мерзімінде жүрген. Аудан әкімі Рахат Елтизаров оны мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін қызметінен босатты. Кейін Бахтияр Қуанышбеков кешірім сұрап, видеоүндеу жариялады.
2021 жылдың 23 маусым күні Ақтауда 14 жастағы оқушыны тоқ ұрып мерт болды. 7-сыныпты аяқтаған Рубен Макаров мектеп ауласындағы темір қоршаудың үстіне шығып, ойнап жүрген. Көршілерінің айтуынша ол электр бағанасын ұстап қалып, сол сәтте тоқ ұрып, ол басымен жерге құлап түскен. Өкінішке қарай, жасөспірім оқиға орнында тілге келместен мерт болды. Дегенмен, Ақтау қаласының әкімдігі тексеріс жүргізіп, өлімнің нақты себебін анықтаймыз деген болатын.
26 қыркүйекте Ақтауда жеделсатымен жоғарғы қабатқа шықпақ болған адамдар апаттық жағдайға тап болды. Лифт жертөледегі шахтаға тоқтағанда тұрғындар есікті бұзып шыққан. Ал қызмет көрсетуші компания жеделсатыдағы апаттық жағдайға тұрғындар кінәлады. 500 келі салмақты ғана көтеретін лифтіге 10 адам мінген кезде техника оны көтермеді деген еді.
Ал тұрғын үйге жеделсаты орнатқан «Ақтау лифтілер» компаниясы лифтінің жертөлеге құлап түсуіне байланысты бірнеше заңсыздықты айтты. Олар құрылыс компаниясы лифтіні тұрғындардың қолдануы үшін әкімдікке арыз жазуы тиіс дейді. Одан соң әкімдік тексеріп, техникалық қызмет көрсететін компанияға тапсыруы тиіс болған. Дегенмен, бүкіл құжатты жасап құрылыс компаниясына тапсырсам да, әлі күнге дейін қабылдамай отыр дейді «Ақтау лифтілер» құрылтайшысы Көпберген Жайлиев.
Ақтау әкімдігі бюджеттен бөлінген 15 миллион теңгеге пластик қызғалдақтар орнатып, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың басы дауға қалды. Жасанды гүлдер алғашында 200 шаршы метр жерге қойылды. БАҚ-қа сұхбат берген шенеуніктер «қызғалдақтар жасанды болса да қаланың ажарын ашады, түнде алаңды жарық етіп, сән береді» деген еді. Десе де, көп ұзамай пластигі сынған, тоғы ажыраған жасанды қызғалдақтар халықтың көңілінен шықпай, қала әкімін қатты сынға алды. Осы жағдайдан соң, Нұрдәулет Қилыбай брифингте мердігер компанияға әлі қаражат төленбегенін айтты. Одан кейін, пластик қызғалдақтар ұшты-күйлі жоғалды.
«С новым годЫм»
Қаланы жаңажылдық безендіруде шыршадан бұрын осы жазуға тұрғындардың көзі бірден түсті. Қазнетте талқыланған бұл жазуға жұрт түрлі пікір білдірді. Бірі «Қазақстанда орысша 100 пайыз сауатты жазу міндетті емес» десе, енді бірі мұны өте өрескел қателік деп жатты. Әлеуметтік желіге тез таралған бұл қателікті әкімдік тез арада түзетті.
Махаббат Нұржанқызы