«Кезби» компаниясының 500-ге жуық жұмысшысы кеше түнде жұмысты тоқтатты. Олар басшыларына сыйақы төлеуді талап етеді. Ал басшылық қызметкерлерінің талабын негізсіз деп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Осыдан үш ай бұрын ереуілге шығып, басшылығына 11 талап қойған «Кезби» компаниясының жұмысшылардың айтуларынша, жаздағы ереуілден кейін қабылданған шешім толық орындалмаған. Комиссия шешімі бойынша жалақы 50 пайызға көтеріліп, атқарылған жұмыс көлеміне байланысты 35 пайызға дейін сыйақы берілу керек болған.
500-дей жұмысшы қыркүйек айының сыйақысын алмадық деп кеше түнде жұмысты түгел тоқтатқан. Бір топ жұмысшы ереуілге шығып, шу шығарған соң басшылары бүгін сыйақы тағайындап, есепшоттарына аударыпты. Алайда, қызметкерлер «Әр ай сайын сыйақымызды ереуілге шығып талап етіп тұра алмаймыз, тұрақты түрде айқай-шусыз берілсін» деп талап етіп отыр.
Үш айын бұрынғы ереуілден кейін арбитраж комиссиямен белгілі бір шешімге жеткен едік. Комиссия шешімі бойынша жұмыс көлеміне қарай 35 пайызға дейін сыйақы алуымыз керек еді. Осы айда сол шешім бұзылды. Басшылар сыйақыны толықтай төлеген жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау өңіріне келіп, бірдей жұмыс істейтін азаматтар заңды түрде бірдей жалақы алу керек деп айтқан. Ал біздер басқа компанипялармен бірдей жұмыс істейміз. Бірақ жалақымыз олардан бірнеше есе төмен деуге болады, - дейді жұмысшы Қайрат Қосмағамбетов.
Айлық түсуіне бір сағат қалғанда басшылар шеберлерді жинап алып, «Біз сыйақыны төлей алмай тұрмыз, жұмысшыларға барып басу айтыңыз» деді. Біз оларға «Айдың басында неге ескертпейсіз? Жұмысшылармен сөйлесіп, түсіндірсеңіз, мүмкін түсінер еді» дедік. Жұмысшы бір ай бойы жұмыс істеп, сыйақы беріледі деп үміттенеді. Көбі осы жалақы мен сыйақыны есептеп көлік, үй, несие алған. Енді оны төлей алмайтын болып тұр. Тығырыққа тірелгендіктен ереуілге шығуға мәжбүрміз, - деді жұмыс бригадасының шебері Есенжан Әбдірахымов.
Жаздағы ереуілде қойылған талаптың бірі – 80-жылдары шығарылған техникаларды да жаңарту болған. Алайда, жұмысшылар әлі сол техникамен жұмыс істеп жатырмыз деп ашулы. Сонымен қатар, келіспеушілік кезінде жұмыстан шеттетілген 4 адамды жұмысқа қайтаруды бүкіл ұжым талап етеді. Ал басшылық болса оның екеуі өз еркімен жұмыстан шықты, қалған екеуі еңбек кодексіндегі заңдылықты өрескел бұзғаны үшін жұмысқа кері қабылдай алмаймыз деген уәж айтады.
"Азамат 2021 жылы адам өліміне әкеп соққан жол көлік оқиғасы салдарынан жұмыстан босатылды, ол үшін сот 1 жылға бас бостандығынан айырды. Азамат Т. 2020 жылы ауру демалысын алып, еңбек тәртібін бұзғаны үшін жұмыстан босатылды. 2020 жылы С. және Б. деген азамат өз еркімен жұмыстан кетті.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, бұл талап заңсыз және негізсіз болып табылатынын хабарлаймыз", - делінген компанияның ресми хабарында.
«Кезби» компаниясы бір айға белгіленген жоспар орындалмаса бұдан әрі сыйақы тағайындамаймыз деді.
Біз жоспар орындалмаған жағдайда сыйақының болмайтынын жұмысшыларға айтып түсіндіріп жатырмыз. Өңірдегі мұнай сервистік компаниялардың ішінде ең төменгі тариф «Кезби» компаниясында. Біз жағдайымызды айтып, көмек сұрап, үкіметке барлық жерге хат жазудамыз, - деді «Кезби» компаниясының атқарушы директоры Айгүл Өтешова.
Серіктестік «ӨзенМұнайГаздан» берілген тариф көлемінің аз екенін растайды. Айгүл Өтешованың айтуынша, үш ай бұрынғы ереуілден соң «ӨзенМұнайГаз» бұл компанияға 685 миллион теңгеге қосымша жұмыс берген. Сондықтан бір бригада айына 940 сағаттық жұмысты атқару керек. Ал іс жүзінде жұмысшылар бір айда 720 сағат жұмыс істеді дейді атқарушы директор.
Ал Маңғыстау облыстық еңбек инспекциясы басшысы Нұралы Баулыбаев жұмысшылардың ереуілі заңсыз екенін жеткізді.
Қызметкерлер бірінші татуластыру комиссиясының көмегіне жүгіну керек. Комиссияда шешілмесе, еңбек төрелігінде шешілу керек. Егер ол жерде де мәселе бір жолға қойылмаса, жұмысшылар ереуілге шығатыны жөнінде тиісті органдарға хабарлама беруі тиіс, - деді Нұралы Баулыбаев.
Осы материалды дайындау барысында Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі жұмысшылардың ереуілді тоқтатқанын хабарлады.
Махаббат Нұржанқызы