Маңғыстау облысына арнайы сапармен келген Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысып, кезекті сессия отырысына қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен, “Достық үйінде” Маңғыстаудағы этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарының жәрмеңкесі өтіп, қонақтарға Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының музейі көрсетілді. Марат Әзілханов пен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа «Қазақ тілінің бірінші клубы» әлеуметтік жобасы таныстырылып, қатысушылар қазақ тілінен алған білімін ортаға салды.
Марат Әзілханов елдің тыныштығы мен бейбітшілігін, ынтымағы мен бірлігін қалыптастыруға үлес қосып отырған Ассамблеяға артылған жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес екенін атап өтті.
Биыл 15 қыркүйекте Қазақстан халқы ассамблеясының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы да бекітілді. Құжат ел дамуына, Ассамблея жұмысына мол үлес қосатынына сенімдімін. Бүгінде Республика бойынша 1000 нан астам этнобірлестік бар. Оның 15-і республикалық деңгейде. Сонымен қатар, Ассамблея жанында Аналар кеңесі, Жастар қанаты да жұмыс жасап келеді. Бұл кеңестер Маңғыстау облысында да бар. Сондай-ақ, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіндегі Ассамблея кафедрасы жұмысын да атап өтуге болады. Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ел дамуындағы маңызды рөлін айта отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін, - деді Марат Әзілханов.
Сессия жұмысын жүргізген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы медиация институын ерекше атап өтті.
Дін, тіл арасындағы татулық ел дамуындағы алғышарттардың бірі. Осы орайда Маңғыстау облысы да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатыр. Аймақтағы татулық - сол атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы білім, денсаулық сынды түрлі әлеуметтік салаларда да маңызды жұмыстар атқарып, түрлі қолдау, қайырымдылық шараларын өткізуде. Алдағы бірлескен жұмыстардың да нәтижесі мол болады деген сенімдемін, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сессия барысында 2021-22 жылдары облыста атқарылған жұмыстар баяндалып, жаңа жоспарлар талқыланды. Маңғыстау облыстық ҚХА-ның жаңа құрамы да бекітілді.
Жиынды қорытқан ҚХА төраға орынбасары Марат Әзілханов пен өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Маңғыстау жерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген жандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңында келісім мен татулықтың белгісі ретінде «Достық аллеясы» ресми ашылып, жас талдар отырғызылды.