2022 жылы жүк тасу ережесін өрескел бұзған ауыр салмақты көліктердің жүргізушілеріне 43 млн.теңгеден аса айыппұл салынды,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz ұлттық жол сапа орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда өңірлік көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесе бірнеше рет бақылау шарасы өткізілген. Трассада тоқтатылып, салмағы таразыда өлшенген 200 жүк машинасының қорабына шекті шамадан асыра құрылыс материалы тиелген болып шықты. Сәйкесінше, көліктер айыптұраққа жабылып, жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылды.
- Қолданыстағы заңнамада көліктің салмағы мен артылған жүктің салмағын қоса есептегенде 25 тоннадан артық болмауы керек деп көрсетілген. Алайда, кейбір азаматтар бұл ережені елемей 45-60 тоннаға дейін жүк артып жүреді. Бұл, өз кезегінде кез-келген жолдың мерзімінен бұрын бүлінуіне әкеп соғады. Жүк тиелмеген ауыр көліктер де тоқтатылып, жүргізушілерге ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізілді. Маңғыстау облысына қарасты аудан-қала жолдарына бақылау рейдтерін өткізу арқылы аталған заңбұзушылықпен күрес биыл да жалғасады,- деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.