Бүгін Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы Мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Аудан халқын көптен бері толғандырған жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында өткен іс-шараға өңірдегі өндірістік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер атсалысып, бос жұмыс орындар тізімін ұсынды, деп хабарлайды mangsytaumedia.kz
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мырзақыз Аманиязованың мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеде ҚР ҰҚК Шекара қызметі 187, аудандық полиция бөлімі 15, Жетібай ауылындағы өрт сөндіру қызметі 9, аудандық білім бөлімі 11 бос жұмыс орынын ұсынып отыр. Жәрмеңкеге “Қаз Азот" АҚ мен “Энергомост" ЖШС де қатысты.
Мәселен, Жетібай ауылындағы №14 өрт сөндіру бөліміне бүгінгі таңда 5 өрт сөндіруші қажет.
"Ел Президентінің тікелей Жарлығымен биылдан бастап өрт сөндірушілердің жалақысын 10 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдағандығын атап өткім келеді. Жасы 35-тен аспаған, міндетті әскери борышын өтеген, физикалық даярлығы мен денсаулығы мығым ер азаматтар жұмысқа қабылданады",-дейді азаматтық қорғау капитаны Серік Ахабаев.
Жәрмеңкеде білім беру бөлімі тарапынан да бос жұмыс орындары ұсынылды. Мәселен №8 мектептің іс жүргізушісі Жадыра Сүйжанованың мәлімдеуінше қазіргі таңда мектепте 7 бос жұмыс орны бар. Атап айтсақ, информатика, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс жасайтын педагог-ассистент, кітапханашы маманына сұраныс бар. Сондай-ақ, инженер-программист пен автобус жүргізушісі мен аула сыпырушысы да жетіспейді.
Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келгендердің бірі Ақниет Тәңірбергенқызы.
-Мен стандарттау және сертификаттау мамандығы бойынша білім алдым. Магистрантпын. Бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс іздеп келдім. Жұмыс берушілердің ұсыныстарымен таныстым. Енді нақты шешім қабылдап, таңдсу жасаймын",-дейді Жетібай ауылының тұрғыны Ақниет Тәңірбергенқызы.
Былтыр Қарақия ауданы бойынша 3380 адам аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласқан. Оның 3244-і жұмыс іздеуші болып тіркелді. Ал оның 2308-і әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған.
-Ауданда жұмыссыздық мәселесі бар. Алайда жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында іс-шаралар атқарылып келеді. Былтыр Қарақия ауданынан 1480 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Атап айтар болсақ, Жетібай ауылынан 593, Мұнайшы ауылынан 186, Құрық ауылынан 611 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламалар аясында қоғамдық жұмыстарға 265 адам тартылды. "Жастар тәжірибесі" бойынша 73 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 63 адам жұмысқа орналасты. Бүгін міне бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 8 мекеме қатысып отыр",-дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Мырзақыз Аманиязова.
Былтыр 15 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды, мамандықтарын алып, жұмыска орналастырылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қайтарымсыз 65 адам грант алды. 272 адам "Бастау Бизнес" жобасы бойынша Кәсіпкерлік негіздерін оқып, оның 189 окуын аяқтап сертификат алды.
Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тұрғындарға "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-25 жылдарға арналған Ұлттық жобаның" мүмкіндіктері мен шарттарын түсінідіруден қол үзбей келеді.
"Биыл "Бастау-бизнес" бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне 34 адам ие бола алмақ. Сондай-ақ жастарға жеке кәсібін жүргізуіне қолдау ретінде 2.5 пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген",-деп атап өтті М. Аманиязова.