© фото mugalzhar.kz
Соңғы 3 жылда елімізде алаяқтық дерегі жиіледі. Басым көпшілігі онлайн және телефонның көмегі арқылы жасалған. Статистика көңіл көншітерлік жағдайда емес. Мәселен, бір ғана Маңғыстау өңірінде 2022 жылы 4 млрд. 120 млн. теңгеден астам қаражат алаяқтарға қолды болған,-деп хабарлайды mangistaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2022 жылы 1000-нан астам маңғыстаулық арзанға қызығып, опық жеген. 900-ге жуық алаяқтық фактілері (ҚР ҚК 190-бабы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Оның ішінде интернет-алаяқтық дерегі – көш бастап тұр. Тергеу қорытындылары бойынша сотқа 420 қылмыстық іс жолданған. Интернет арқылы жасалған қылмыстың көпшілігі тауар ақысын алдын-ала алу мен хабарландыру арқылы қызмет көрсетуге қатысты болған.
Одан кейінгі орында онлайн несие рәсімдеу, түрлі жоба, ойын, инвестициялық жобаларға ақша салдыруға қатысты алаяқтық. Тіпті бұған Президент те назар аударып, «қаржы пирамидалары және интернет алаяқтарымен күресті күшейту керек», деген болатын.
“Қаржы пирамидасы” демекші, өңірде де алаяқтықтың осы түрінен опық жейтіндер азаймай тұр. Былтыр 233 адам өз қаржысынан осылай айырылған. Департаментпен қаржы пирамидасын құру мен басқарудың 2 фактісі тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Алаяқтардың құрбанына айналғанның бірі Бейнеу ауданының тұрғыны - Сайлаугүл Әсемова. Ол 35 шағынаудандағы 2 бөлмелі пәтерін ақшасын алаяқтар құрған компанияға берген. Бірнеше адамнан тұратын топ халықты алдаудың жаңа жүйесін ойлап тапқанын айтады.
- Менімен қоса 700-ден астам адам ақшасын ала алмай жүр. Жалпы, 3 млрд.теңгеден астам қаражат қолды болған. "Plus Capital" қаржылық компания басшылығы жаңа жүйе ойлап тапты. Мәселен, адамдардан көлік пен үй алды (ломбард сияқты). Мүліктің ақшасын 2 есе етіп қайтарамыз деді. Құжаттарды нотариус арқылы рәсімдеді. Компанияны басқарған Артур Темірғалиев іздеуде жүр. Осы іс бойынша 2 адам сотталды. Бірақ, әлі күнге ақшамыз қайтарылмады,деді Сайлаугүл Әсемова.
Салымшылар тергеу кезінде берілген дәлелдер мен айғақтар сот барысында ескерілмей қалғанына наразы. Сондықтан алдағы уақытта мәселені Президентке жеткізу үшін Астанаға дайындалып жатқанын айтады.
Жалпы, осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы бойынша алаяқтардың қолында кеткен 748 млн.167 мың теңге иелеріне қайтарылған.
Облыстық Полиция басқармасы алаяқтарға алданбау үшін келесі кеңестерді айтады:
- Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары! Соңғы кезде алаяқтық деректері жиіледі. Сондықтан сақ болуға шақырамыз. Алдымен, авторизация коды - сіздің жеке мәліметіңіз екенін есте шығармауыңыз керек. Екіншіден, танымайтын адамға карта нөмірі, жеке куәлік нөмірі, түрлі төлем түбіртектерін, ұялы телефоныңызға келген смс-кодтарды , кез-келген қаржылық ақпаратты айтпаңыз. Тауарды сатып алған уақытта алдын-ала төлем жасамаңыз. Сол қаладағы танысыңызды жіберіп, тексеріп алыңыз. Банктерден, полициядан, прокуратурадан, салық органдарынан үрейлі дауыспен қоңырау шалып, қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтып бастап, артынан жеке деректеріңізді сұрай бастаса сенбеңіз, телефонды тастап, нөмірді блоктаңыз.
Қаржы маманы Райхан Сүтбаева алаяқтардың құрығына көбінесе оңай ақша іздегендер түсетінін айтады.
- Алвяқтар қазір ақылды жұмыс жасайды. Бастысы - жоғары табысқа кепілдік береді. Жарнамалары жер жарады. Тіпті танымал әншілер, блогерлер жарнамалап жүр. Аз ақша салсаңыз, ай сайын сол көлемдегі ақшаны алып отыратыныңызды, тағы бір адам әкелсеңіз, табысыңыз еселенетінін, кірісі депозиттен көп екенін көрсетеді. Бірақ , арнайы лицензиясы, құжаттарын көрсетпейді. Көрсетсе де жалған құжаттарды рәсімдеп алады. Оны анықтау оңай емес. Қазіргі таңда басында бірнеше несиесі бар адамдар көп. Солар оңай алданады. Бәрі еңбекпен келеді. Сенбеңіз,-деді-,Райхан Сүтбаева. Сондықтан келесі кеңестерді ұсынады:
1. Сайттарда, әлеуметтік желіде немесе почтаңызға келген жеңіл, жылдам табыс табуға шақырған сілтемелерге өтпеңіз. Жеке деректеріңізді мессенджер арқылы жібермеңіз.
2. Есте сақтаңыз! Банк қызметкерлері сіздің жеке деректеріңізді сұрап, ешқашан қоңырау шалмайды. Барлық мәлімет олардың базасында тұр. Алаяқтар әдетте қоңырау шалған соң, сіздің атыңызға несие рәсімделе жаздағанын, сондықтан, кейбір деректерді жаңарту керегін айтып, смс-пен келген кодты айтуды сұрайды. Алаяқтар сіздің нөміріңізді енгізіп, құпиясөзді ұмыттым дейді және сізге қоңырау шалып, өзіңізден смспен келген кодты сұрап алады. Ал банк сізге әрқашан смспен келмеген кодты ешкімге бермеңіз деп ескертеді.
3. Жылдам берілетін, пайызы аз, құжатсыз берілетін несиелерге сенбеңіз. Сіз керекті ақпаратты жіберген соң, алаяқтар жалған кредиттерді рәсімдейді, онлайн немесе мобильдік банкингтегі жеке кабинетіңізді бұзып кіреді. Нәтижесінде өзіңіз көрмеген несие пайда болуы мүмкін.
5. Балаларыңызға қаржы алаяқтары туралы айтып, ескертіңіз. Оларға шетелде мұрагерсіз қалған байлардың ақшасы туралы сілтемелер мен табыс әкелетін қосымшаларды орнату туралы ұсыныстар жиі жасалады. Және көпшілігі оңай алданады. Күмәнді сілтемелерге өтпеуін, достарынан келіп түскен ақпаратты жай ғана оларға қоңырау соғу арқылы қайта тексеруді, бейтаныс, лицензиясы жоқ қосымшаларды орнатпауды ескеретіңіз,-деді қаржы маманы Райхан Сүтбаева.