Шетпе кентіндегі «Каспий Цемент» компаниясының 200-дей жұмысшысы кешеден бері жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан. Айтуларынша, денсаулыққа зиянды жұмыс істейтін азаматтардың ең төменгі жалақысы 80 мың теңге, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Елдегі қымбатшылық пен күн көрудің қиындығы осылай наразылыққа шығуға мәжбүрледі дейді олар. Жұмысшылардың сөзінше, еңбек дауы екі жыл бұрын басталған. Сол уақыттан бері жалақының аздығын айтып, 35 пайызға дейін көтеруді талап етіпті. Тіпті зауыт құрылтайшысы «HeidelbergCement» компаниясының басшысына да хат жазған екен. Бірақ басшылық ол талабымызға жауапсыз қалдырды дейді.
Басшылықан ешқандай хабар жоқ. Жалақы мардымсыз. Қазір бәрі қымбат, азық-түлік бағасы күннен күнге өсіп жатыр, сол үшін бейбіт ереуілге шықтық. Жұмысшылардың талабы тек қана айлықты көтеру, - дейді зауыт басшысы Асылбек Озғанов.
Басшылар бізге айлыққа тек 48 мың теңге қоса аламыз деп ұсыныс білдірді. Кеше жігіттермен келісіп, жұмысымызды жалғастырайық деген ниетпен өзіміздің келісімімізді берген едік. Содан осы күнге дейін жауап келген жоқ. Бізде жалақы 200-ден асады деп айтады. Шын туайтында олай емес. Зауытта ең төменгі жалақы 80 мың теңге, ең көбі тіпті 200 мыңға жетпейді.
Зауыт қызметкерлері ереуілге шықпас бұрын келісім комиссиясы құрылғанын айтады. Бірақ, ешқандай келісімге келмеген соң, еңбек төрелігі құрылыпты. Әйтсе де, төрелік құрамында болған прокуратура мен еңбек инспекциясының мамандары талабымызды заңсыз деп таныды дейді олар. Ал жылына 900 мың тонна цемент өндіретін «Каспий Цемент» басшылығы болса жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша құрылтайшылардан заңды құжат күтіп отырғандарын айтады.
Кеше жұмысшылармен кездесіп, жалақыны көтеру бойынша екі нұсқа ұсындық. Өкінішке орай, бір келісімге келмедік. Біз олардың жағдайын түсінеміз. 2022 жылдың бюджет жоспарына сай жалақы қоры үшін қосымша 150 миллион теңге қарастырып жатырмыз. Келер жылы бірінші қаңтардан бастап компания жұмысшыларының ең төменгі жалақысы 193 мың теңге болады, - деді «Каспий Цемент» ЖШС Бас директоры Иван Пак.
Ал директор жұмысшылардың жалақыны 60 пайызға көтеріңдер деген талабын орындай алмаймыз дейді. Ол келер жылы цемент өндірісіне қажетті көмір 67 пайызға, электр жарығы 15-ке және темір жол тасымалы да бірнеше пайызға қымбаттауы мүмкін. Сондықтан, жалақыны бұдан әрі көтеретін болсақ зауыт жұмысы тоқтап қалуы мүмкін дейді. Ал жұмысшылар, еңбекақыға кемі 48 мың теңге қосылмаса ереуілді тоқтатпайтындарын жеткізді.
Махаббат Нұржанқызы